Джозеф (Джо) Робинетт кіші Байден (ағылшынша түпнұсқасы Joseph Robinette "Joe" Biden, Jr.) Дүниежүзілік соғыстың ең бір сұрапыл кезеңінде, 1942 жылғы 20 қарашада АҚШ-тың Пенсильвания штатының шағын Скрантон қаласында дүниеге келген.
Джозеф балалық шақтан буллингке ұшырап, өмір бойы қарсыластарынан үнемі қорлық көріп келеді. Соққы көрген сайын шыңдала түсті. Биографтардың жазуынша, Байден бала кезден кекеш болған. Қатты толқып, кекештене бастағанда, өзінің фамилиясын да толық айта алмай, "бай-бай" деп тұтығып қала беретін болғандықтан, сыныптас сотқар-сотанақтар оны "Бай", "Бай-бай" деп мазақтайтын болған.
Содан намыстанған Джо ата-анасы жоқта, жұрттың бәрінен жасырынып, есікті іштен іліп, үй түкпіріндегі үлкен айнаның алдында өзіне өзі түрлі өлеңдерді дауыстап оқитын болған. Соның арқасында кекештіктен өз бетінше құтылады.
Дегенмен, сөйлеу қабілетіндегі туа бітті кемістігі өмір бойы бәрібір қылаң беріп келеді. Ол жастау кезінде, одан бертінде, 2019 жылғы президенттік науқан барысында өзінің сөз сөйлеуіндегі кідірістердің, үзілістердің, сөз саптаудағы қиындықтардың бәрін бала кезінен азапқа салған тіл мүкістігімен байланысты екенін түсіндіріп жүрді.
Мысалы, Los Angeles Times журналистеріне сұхбатында Байден сөз сөйлеп тұрғанда, тосыннан "кекештігім қайта орала ма?" деген үрей бойын буатынын, сондай уақытта қасындағы адамды құшақтай алғысы келетінін мойындады.
Ол саяси мансабы барысында да талай буллингке ұшырады. Дегенмен, оған күн көрсетпеген, жолын орай берген ең қияңқы-бұзық буллер – Дональд Трамп болды. Джо Байден 2019 жылғы сайлауалды кампания кезінде бақталасқалы, сондай-ақ одан кейін 2020 жылғы президенттік сайлауда іс басындағы Президент Трампты жығып, жеңіс тұғырына көтерілгелі соның нағыз қас жауына айналды.
Трамп пен оның командасы Байденге қатысты намысқа тиетін небір лақап ат табуға тырысты. Мысалы, мектептегі сотқарлар сияқты Трамп та өз твиттерінде Байденнің фамилиясын бұрмалап, Biden орнына "Hidden" (көрінбейтін, жасырынып қалған) деп жазып жүрді. Осы арқылы Д.Трамп өз ізбасарын коронавирус пандемиясы кезінде халыққа көмектеспей, жасырынып қалды деп айыптады.
2019 жылғы сәуірде сол кездегі Ақ үй басшысы Трамп Демпартия атынан өзіне бәсекелес атанған Байденді "Ұйқыдағы Джо" деп мазақтады.
"Жарысқа қош келіпсің, ұйқыдағы Джо! Сенің ақыл-ой қабілеттерің күмән тудыратынын естігенмін. Праймеризде табысты кампания жүргізуге ақыл-есің жетеді деген үміттемін!", – деп, әп дегеннен әжуалап, келемеж етті оны Д.Трамп.
Трамп командасының қарқынды ілгерілетуімен, интернеттің америкалық сегментінде бұл мазақ ат "вирусқа" айналды: "#SleepyJoe" хештегі жарты жылда ғана 4 миллион рет пайдаланылған.
Джо Байденнің басындағы қиындықтар тек кекештікпен бітпейді. 1988 жылы Байден кенеттен есінен танып құлап, ауруханаға жеткізілді. Зерттеу қорытындысында, оның миынан аневризма анықталған. Саясаткерге шұғыл ота жасалады. Сауығу, қалпына келу біраз уақыт алған.
Тағдырынан талай тоқпақ жеген Джо Байден 1972 жылы көлік апатында сүйікті әйелі Нейлиядан және жанындай жақсы көретін қызы Наомиден қатар айрылып қалды. Ол қолындағы қос ұлымен жалғыз қалған тұл еркекке айналды.
Бірақ саясатпен ынтыға, беріле айналысқандықтан ұлдарына ұлағатты тәрбие берген әке болып та жарытпады. Салдарынан, оның ұлы Хантер дүркін-дүркін дау-жанжалға басы шатылып, әкесін де, америкалықтарды да ығыр етті. Хантер Байденнің есірткі тұтынатын нашақор екені, Ресейден әкелінген, жезөкшелікпен және адам саудасымен байланысты қыздарға ақша төлегені әшкере болды.
Мысалы, 2020 жылғы қыркүйекте Сенаттың ішкі қауіпсіздік және қаржы комитеті "Hunter Biden, Burisma, and Corruption" атты 88 беттік көлемді есебін жариялады. Онда украиналық жекеменшік Burisma компаниясының директорлар кеңесінің құрамында Хантер болған кезде, компанияның қожайыны М.Злочевскийдің сол кездегі Украина прокурорының қызметкерлеріне Хантерге қатысты қылмыстық істі тоқтату үшін 7 миллион доллар төлегені айтылған.
2023 жылғы желтоқсанда үлкен федералдық жюри Хантер Байденге 9 түрлі айып тақты, оның ішінде табысын қасақана төмендету, салықтан жалтару, жалған декларация тапсыру және басқасы бар. Прокурорлардың мәлімдеуінше, Хантер Байден қаржыны есірткіге, ресейлік сылқымдардан тұратын эскорт қызметтеріне және "экстравагантты өмірдің өзге атрибуттарына" шашқан. Хантердің Кремльге жақын болған ресейлік олигарх әйел Елена Батуринадан 3,5 миллион доллар алғаны әшкере болды.
Осының бәрін пайдаланып, Республикалық партияның конгресмендері екі рет Президент Джо Байденнің өзіне импичмент жариялауға тырысты. Бірақ баласының былықтарының үлкен Байденмен байланысын таба алмай, тынды.
Тағы бір ұлы Бо Байден – білікті заңгер, мемлекеттік қызметкер. Ұзақ жыл Делавэр штатының бас прокуроры болған. Екінші әйелінен бір ғана баласы бар: Эшли Блейзер Байден – қарапайым әлеуметтік қызметкер, активист, филантроп және сұлу модельер.
Джо Байден Америка тарихындағы ең жас сенатор (1973–2009 жылдар аралығында Делавэр штатынан АҚШ Сенатына сайланды), ең кәрі Президент ретінде қалды. Оны арғы бабаларының тегі ирландық болғандықтан және католиктік сенімдегі отбасыда туып, өскендіктен, сарапшылар оны Джон Кеннедимен салыстырады.
Соған шабыттанған Байден мансабының ең жоғарғы сатысында Президент болатынын алғаш сенатор болып сайланғанда, 31 жасында жариялапты. Сол арманына шау тартқан шақта ғана жете алды.
Байден алғаш рет президенттік додаға 1988 жылы түсті, бірақ плагиатқа қатысты айыптардан кейін кандидатурасын алып тастауға мәжбүр болған. Сарапшылар оның сол кездегі британдық лейбористердің лидері, шешен Нил Кинноктың сөзіне жиендік жасап, оны өз ойы ретінде мәлімдегенін интернет жоқ кезде-ақ әшкереледі. Бұл жанжал саясаткердің сайлауалды науқанын сәтсіздікке ұшыратты.
Екінші рет Байден 2008 жылы қайтадан президенттік додада бағы мен бабын сынамақ болды. Алайда Айовадағы кокус қорытындысында 1%-дан кем дауыс жинаған соң, тағы да жарыс жолынан өз еркімен шықты. Демократиялық партияның ортақ кандидаты Барақ Обама Байденді вице-президенті ретінде таңдады. Обама — Байден тандемі сайлауда жеңіске жетті. 2012 жылы бұл дуэт тағы да жеңіс тұғырына көтерілді.
New York Times жазғандай, үшінші рет Байден 2016 жылы президенттік бәйгеге түспекші болыпты. Әйтсе де, Барақ Обама оны Хиллари Клинтонға жол беруге көндірген көрінеді.
Ақыры 2020 жылы Джо Байден Демпартияның ортақ кандидаты атанды және іс басындағы Президент Д.Трампты тағынан тайдырып, президенттік орынтақты олжалады.
1974 жылы Washingtonian басылымына сұхбатында президенттікке кандидатурасын ұсыну перспективасы туралы сөз толғай келе, жас сенатор Джо Байден кез келген сайлаудың қорытындысын саяси тұғырнама емес, кандидаттың шешендігі және сайлаушыларда қандай әсер қалдырғаны шешетінін айтты. Түрлі мәселелер бойынша кандидаттың өз ұстанымын нық білдіре алуы, оның байламынша, "тек үміткердің сайлаушыларға өзінің интеллектуалдық қабілетін паш етуінің құралы ғана".
Содан бері арада тура жарты ғасыр, елу жыл өткенде, 2024 жылғы маусымда, Дональд Трампқа қарсы теледебатында "өзінің интеллектуалдық қабілетін сайлаушыларына паш ете алмауы" – Америка тарихындағы ең кәрі Президент атанған Джо Байденді жарға жықты.
Байден өзінің ізбасарына – АҚШ-тың келесі, 47-ші Президентіне шешімін таппаған, күн сайын шиеленіскен заңсыз мигранттар (оның үлкен бөлігін Орталық Америка елдерінің келімсектері сыртында, ресейліктер де құрайды) мәселесін, жеткілікті әскери көмек-құрал ала алмай, шегініп жатқан Украинаның қиыншылықтарын, Газа секторындағы палестиналықтарды аяусыз қырған Израиль қысастығын мұраға қалдырып барады.