Байденнің санкциялары Ресейдің мінезін өзгерте алмай ма?

3411

Америка әкімішілігі ресейлік дипломаттарды еліне қайтарып, ондаған жеке және заңды тұлғаға шектеу жариялады. Бірақ, бұның бәрінен РФ-ның экономикасы ғана зардап шегуі мүмкін.

Байденнің санкциялары Ресейдің мінезін өзгерте алмай ма?

Америка Құрама Штаттары бейсенбіде Ресейге қарсы санкциялардың кең спектрін жариялады. Бұл жазалау шаралары Мәскеу былтыр АҚШ-та өткен сайлауға араласты, кибершабуылдарға, Украинаны қорқытуға және басқа да зиянды әрекеттерге барды деген себеппен қабылданып отыр.

Жаңа санкция аясында Құрама Штаттар үкіметі ресейлік компанияларды қара тізімге енгізіп, ресейлік дипломаттарды еліне қайтарып, америкалық банктердің Ресейдің орталық банкінен, Ұлттық әл-ауқат қорынан және Қаржы министрлігінен суверендік облигацияларды сатып алуына тыйым салып отыр. Яғни, Ресейге АҚШ-тан қарыз алу енді оңай болмайды.

"Бұл санкциялар жазалайды және Ресей экономикасына зиян тигізеді. Бірақ, олар жақсы мінез-құлыққа ынталандыра қоймас", - дейді 2004-2006 жылдары АҚШ-тың Ресей жөніндегі ұлттық барлау офицері болып қызмет атқарған Ангела Стент Vox басылымына берген сұқбатында.

Бұл аздай, Вашингтон РФ-ға қарсы тағы да санкциялар жариялауы мүмкін екенін ескертті. Дегенмен, Ақ үй бір жағынан Кремльмен қатынастарды тіпті нашарлатқысы келмей отыр.

Санкциялардан кейін Ресей Сыртқы істер министрлігі АҚШ Елшісін шақырып алып, оған "жақын арада бірқатар шаралар қабылданатынын" жеткізді. Және де осы министрліктің өкілі бұл санкциялардың екі жақ басшыларының ықтимал саммитін өткізуге қауіп төндіруі мүмкін екенін де хабарлады.

Ресей АҚШ үкіметінің компьютерлеріне ену үшін америкалық SolarWinds Corp (SWI) технологиялық компаниясын пайдаланып, кибершабуыл ұйымдастырды, АҚШ-та өткен сайлауға араласты және Кремльді сынаушы Алексей Навальныйды нейропсихиатриялық затпен улады деген айыптарды үнемі жоққа шығарып келеді.

Байден: Ынтымақтастыққа да орын қалсын

АҚШ президенті Джо Байден сейсенбіде ресейлік әріптесі Владимир Путинмен осы мәселелерге және Қырым мен Украина шекарасы маңында Ресей әскерінің мыңдап шоғырлануына алаңдаушылық білдіру үшін сөйлесті. Дегенмен, АҚШ генералдарының бірі айтқандай, алдағы бірнеше аптада Ресейдің Украинаға басып кіру қаупін "төмен-орташа" деп сипаттауға болады.

Сонымен қатар, АҚШ-Ресей саммитін өткізуді ұсынған Байден Мәскеумен арадағы қатынастардың тым нашарлауына жол бермей, ынтымақтастыққа да біраз орын қалдыру қажет деген пікірде.

"Менің қорытындым сол: Америка Құрама Штаттарының Ресеймен жұмыс істеуге қызығушылығы бар. Бірақ, Ресей АҚШ-тың мүдделеріне нұқсан келтіруге тырысқанда, біз жауап береміз. Мен бұл жерде таразының басын тең ұстауды шештім", - дейді Байден ақпарат құралдарына берген сұхбатында.

Ресейдің мәлімдеуінше, Вашингтонның соңғы әрекеті АҚШ-тың екіжақты байланыстарды қалыпқа келтіруге деген ұмтылысына қайшы келеді.

"Санкциялар – елдер арасындағы қарама-қайшылықты күшейтетін дұшпандық қадамдар", - дейді РФ Сыртқы істер министрлігі.

Айта кетсек, АҚШ Қаржы министрлігі Ресейдің 32 заңды және жеке тұлғаларын қара тізімге енгізді. Байден әкімшілігінің сөзінше, бұл адамдар мен компаниялар Ресей үкіметімен сыбайласып, 2020 жылы Америкада өткен президенттік сайлау қорытындыларына "жалған ақпарат таратумен және араласу актілерімен" ықпал етуге тырысқан.

Сарапшы: Ресей АҚШ-ты тексеруді әрі қарай жалғастырады

Еуропа одағымен, Ұлыбританиямен, Австралиямен және Канадамен бірлесіп, Америка қаржы министрлігі Ресейдің 2014 жылы Қырымды жаулап алуына байланысты тағы сегіз адамға санкция жариялады.

Ақ үй Вашингтондағы 10 ресейлік дипломатты, соның ішінде Ресей барлау органдарының өкілдерін еліне қайтаратынын мәлімдеп, алғаш рет Ресейдің Сыртқы барлау қызметін SolarWinds жүйесін бұзды деп кінәлады. Алайда қарсы жақ бұл айыптауларды "нонсенс" және "жел"деп атап, оларды қабылдаудан бас тартты.

Ақ үй, сонымен бірге, Ресейдің Ауғанстандағы америкалық сарбаздарды өлтіргені үшін "Талибан" содырларына қомақты сыйақы ұсынғаны туралы хабарларға да жауап беретінін ескертті.

Ресей болса, Ауғанстандағы Пентагон жауынгерлерінің жанын қиғандарға марапат тағайындады деген айыптауларды көптен бері жоққа шығарып келеді.

Карнеги халықаралық бейбітшілік қорының талдаушысы Эндрю Вайстың ойынша, АҚШ ұзақ мерзімдік перспективада Ресейді ауыздықтай алады дегенге күмәнмен қарайды.

"Егер Байден әкімшілігінің бүгінгі таразыланған мәлімдемелері Мәскеу-Вашингтон қатынастарын қандайда бір бағытқа бұрып жатса, мен таңқалар едім. Иә, Ресей кейбір мәселелер бойынша ынтымақтасуға дайын. Бірақ, Украина бойынша екі жақтың ойы бір жерден шығуы екіталай. Меніңше, жаңа санкциялар Ресейді өзгертеді деу дұрыс емес. Орыстар бізді зерттеп, тексеруді жалғастыра береді,"- дейді Вайс "Рейтер" агенттігіне берген сұқбатында.

Арыс Әділбекұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу