Байқоңыр, Есіл аудандарын газдандыру барысы қалай жүріп жатыр?

1795

Елорданың Сарыарқа және Алматы аудандары толығымен газдандырылды.

Байқоңыр, Есіл аудандарын газдандыру барысы қалай жүріп жатыр?

Ал, Байқоңыр, Есіл аудандарын газға көшіру 2023-2024 жылдары аяқталады деп жоспарланып отыр. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қалалық Мәслихатының отырысында әкімдік өкілі хабарлады, деп жазады inbusiness.kz.

"Байқоңыр және Есіл аудандарын газдандыру мәселесіне келетін болсақ. Былтыр Сарыарқа және Алматы аудандарына газ тарту жұмыстарының нақты кестесі болатын. Қандай тұрғын үй алабы, қандай көше, қай уақытта аяқталады және т.б. Биыл аталған екі аудан бойынша ол жұмысты көріп отырған жоқпын. Жылыту маусымына дейін тұрғын алаптарын газдандыру жұмысы аяқтала ма, жоқ па?", – деп сұрады Мәслихат хатшысы Ерлан Қаналимов.

"Биыл біз жобалық-сметалық құжаттаманы толық көлемде дайындап, құрылысты бастадық. Бұл екі ауданды газдандыру 2023-2024 жылдары аяқталады деп жоспарланып отыр", – деді Нұр-Сұлтан қаласының Отын-энергетикалық кешені және коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Бағдат Байсидиков. 

Қала әкімдігінің баспасөз бөлімінен нақтылағанымызда, биыл Байқоңыр, Есіл аудандарында газ құбырының құрылысы басталғандығы туралы айтылды. Келесі жылы бұл аудандарға орамішілік желілер тартылады. Одан кейін тұрғындар газды өз үйлеріне тарта алады.

"Біз тұрғындарға биыл аудандарды газдандыру аяқталады деп айттық. Ондай жағдайда халыққа газ келесі жылы тартылатынын, газды күтпей, көмір алу қажетін айту керек", – деді Ерлан Ермекұлы.  

Ерлан Қаналимов аудандардың басшылығына ақпараттандыру жұмысын жүргізу керектігін атап өтті. Халықтың әлеуметтік осал топтарын көмірмен қамтамасыз ету тапсырылып, науқанды бастау қажеттігі айтылды. 

Бұдан бөлек ол әлеуметтік маңызы бар нысандарды газға қосу жағына да тоқталды.  

"Орталық газ қосылған аудандардағы бірқатар әлеуметтік нысандарды да көгілдір отынға көшіру керек", – деді Мәслихат хатшысы. 

Осыған дейін Елорданың толықтай газға көшуі атмосфераға шығарылатын зиянды қалдықтар көлемін 40 мың тоннаға дейін төмендетуге мүмкіндік беретіндігін жазған болатынбыз.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу