Байқоңыр қаласы да Наурыз мейрамын тойлайды

Ұлыстың ұлы күнінде Қызылорда облысында 700-ге жуық іс-шара ұйымдастырылмақ.  

Байқоңыр қаласы да Наурыз мейрамын тойлайды Фото: Нұрболат Нұржаубай

14 наурыздан басталатын мейрамда қызылордалық 2300 отбасыға қайырымдылық көрсетіледі. Сонымен қатар, тұрғын үй кезегінде тұрған 215 отбасы қоныстойын тойлайды, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Қызылорда облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Алмасбек Есмаханов "Наурыз" мерекесінің онкүндігі "Рамазан" айымен тұспа-тұс келгендіктен, Мемлекет басшысының атынан аймақтағы ардагерлерге, еңбек адамдарына, қарапайым азаматтарға ауызашар берілетінін айтты. Сондай-ақ, "Шарапатты Рамазан" деп аталатын ауызашар қоржынын тарату іс-шарасының да мазмұндылығын жеткізді.

"Бұл іс-шаралардың аймақ тұрғындарына, оның ішінде, жастарға берері мол деп ойлаймын. Ұлыстың ұлы күні қарсаңында ұйымдастырылып жатқан осы іс-шаралар тұрғындардың жан-дүниесін рухани байытып, салт-дәстүрмен сусындатып, оларға ерекше көңіл-күй сыйлайды деп күтілуде", - деді Алмасбек Есмаханов.

Ал Қызылорда облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Мира Қазбекова облыстағы музейлердің 16 және 22 наурыз күндері тегін қызмет көрсететінін хабарлады.

"Арнайы бекітілген тұжырымдама бойынша 16 наурыз – Мәдениет және ұлттық салт-дәстүрлер күні. Бұл күні Салихитдин Айтбаев атындағы көркемсурет галереясында Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, креатив суретші Дәулет Тойшыбавтың "Кілем арт" атты заманауи кілем бетіне сурет салу өнер көрмесі, "Анаға тағзым" орталығында салт-дәстүрден рәсімдер, "Ақмешіт" музейі филиалында "Ұлы даланың ұлық мерекесі" атты мерекелік іс-шара, Н.Бекежанов атындағы театрда балалар қойылымы және барлық мәдениет ұйымында ұлттық салт-дәстүрді насихаттауға бағытталған іс-шаралар, мәдениет үйлері мен клубтарда ұлттық фильмдердің көрсетілімдері өткізіледі.

18 наурыз – Ұлттық киім күнінде "Анаға тағзым" орталығында "Этно FASHION" ұлттық киімдерден сән үлгісі фестивалі, "Отбасы" орталығында ұлттық киімдер дефилесі өткізіліп, әлеуметтік желілерде ұлттық киімдерді дәріптеу үшін арнайы челленджер ұйымдастырылады", - деді ол.

22 наурыз күні негізгі іс-шара Тараз қаласы көшесі бойында өткізілмек. Өнер орталығының алдында "Руханият ауылы" ұйымдастырылып, киіз үйлер тігіліп, креативті қолөнер шеберлерінің сауда көрмелері, музей, кітапхана, архив салалары бойынша тақырыптық көрмелер, ұлттық киімдерден дефиле, салт-дәстүрлерден көріністер, жыршы-жыраулардың, дәстүрлі орындаушылардың концерті өтеді. Қызылорда қаласында қызықты спорттық сайыстар легі мұнымен бітпейді.

"Қала бойынша ұлттық киім киген жастардың неке қию салтанаты өткізіліп, көпшілікке сыйлы ақсақалдар мен көпбалалы аналардың жас жұбайларға "Наурыз бата" береді. Елге бақ-береке тілеу шаралары да тыс қалмайды, барлық елді мекендерде 50 жыл отасқан отбасылар арасында "Алтын шаңырақ" және 25 жыл отасқан отбасылар арасында "Күміс кереге" атты байқаулар ұйымдастырылады. "Қазанжаппай" нан пісіру сайысы да өтеді. Арнайы бекітілген қыз-келіншектер қонақтарға дәм ұсынады. Сол уақытта 10 баланың тұсауы кесіліп, арнайы рәсім жасалады", - дейді Қызылорда қалалық мәдениет және спорт бөлімінің басшысы Жағыпар Тажмаханов.

Байқоңыр қаласында да мемлекеттік және ұлттық мерекелерді өткізу бойынша іс-шаралар жоспары әзірленген. 23 наурыз күні ғарыш айлағы орналасқан қалада өтетін Наурыз мерекесінде облыстық филармонияның концерті ұйымдастырылмақ.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу