Байқоңырда газ 16 есе арзандайды

4554

Қала мен ғарыш айлағына газ жеткізу құқығы отандық кәсіпорынға берілді.

Байқоңырда газ 16 есе арзандайды

ҚР Үкіметі мен Ресей Федерациясы Үкіметі арасындағы "Байқоңыр" кешенін газбен жабдықтау туралы келісім 2019 жылдың 3 сәуірінде жасалған болатын. Бүгін осы келісімді ратификациялау туралы заң жобасы қорытындыланды.

ҚР Энергетика министрі Нұрлан Ноғаев баяндамасында Байқоңыр қаласын газдандырудың түйткілдері жайлы сөз етті.

"Байқоңыр қаласы Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық бірлігі екенін атап өту қажет. "Байқоңыр" кешеніне жалға берілген кезеңге, яғни 2050 жылға дейін Ресей Федерациясының федералды маңызы бар қаласы мәртебесі берілді. Осыған байланысты, Байқоңырға қатысты қарым-қатынастар екі мемлекеттің де заңдары құзыретіне жатады. "Байқоңыр" кешенін газбен жабдықтау туралы келісімнің мақсаты – кешенді газбен қамтамасыз етудің құқықтық негіздерін анықтау және тұтынушыларды сұйытылған мұнай газынан табиғи газға көшіруді көздейді", – деді ол.

Нұрлан Ноғаев аймақтағы газ бағасына тоқталып өтті. Келісім аясында өңірді газбен қамтамасыз ету құқығы қазақстандық компанияға берілді.

"Бұған дейін Байқоңыр қаласын ресейлік компания сұйытылған мұнай газымен немесе пропан газбен жабдықтап отыратын. Ресейлік кәсіпорын сұйытылған мұнай газын Ресей Федерациясынан жеткізетін. Байқоңыр қаласының әкімшілігінің ақпараты бойынша, сұйытылған мұнай газының бағасы килограммына 343 теңге, яғни текше метрі 714 теңге болған. Үкіметаралық келісімге сәйкес, "ҚазТрансГаз Аймақ" акционерлік қоғамына қала аумағы мен "Байқоңыр" ғарыш айлағын газбен жабдықтау құқығы беріледі. Осы қызмет ресейлік салық органдарында тіркелмей жүзеге асырылады. Қосарланған салық салуға жол берілмейді. Келісімде "Байқоңыр қаласының аумағында табиғи газды бөлшек саудада өткізу бағасы Қызылорда облысының газ тұтынушылары үшін Қазақстанның монополияға қарсы органы белгілейтін бағаға сәйкес келуі тиіс" деп бекітілген. Бүгінгі күні Қызылорда облысы және Байқоңыр қаласында табиғи газдың бөлшек бағасы қосымша құн салығын есептемегенде 18,6 теңге, ал заңды тұлғалар мен бюджеттік ұйымдар үшін 18,9 теңгені құрайды", – деді ҚР Энергетика министрі. 

Энергетика министрі Байқоңырдағы балабақшалар, мектептер мен аурухана тәрізді Қазақстанның әлеуметтік нысандарына газ тартылатынын мәлім етті.

"Байқоңыр қаласында орташа алғанда бір пәтер тамақ әзірлеу үшін 3-4 текше метр сұйытылған газ немесе шамамен 6-10 текше метр табиғи газ тұтынып, 1700 бен 2600 теңге арасында ақша төлейді. Табиғи газ қосылған жағдайда, тұрғындар осы көлемдегі газды тұтынғаны үшін 111 және 196 теңге төлейді. Бұл сұйытылған мұнай газынан 16 есе арзан. "ҚазТрансГаз Аймақ" АҚ мен "Газовое хозяйство" кәсіпорнының бірлескен жұмысының нәтижелері бойынша, қазіргі уақытта Байқоңыр қаласының барлық көпқабатты секторы, яғни 328 тұрғын үй, 150 жеке үйдің 45-іне табиғи газ тартылған. Сондай-ақ, Қазақстанның әлеуметтік нысандары, атап айтқанда 3 балабақша, 5 жалпы білім беру мектебі және көп бейінді аурухана да табиғи газға қосылады", – деді Нұрлан Ноғаев.

"Осы келісім тұрғындар үшін коммуналдық қызмет шығындарын азайтуға мүмкіндік береді. Себебі сұйытылған газға қарағанда, табиғи газдың құны айтарлықтай арзан. Бұдан басқа, Байқоңыр қаласында газды бөлу инфрақұрылымы салыстырмалы түрде жаңа. Оны 2015-2016 жылдары "ҚазТрансГаз" АҚ инвестициялық бағдарлама шеңберінде салды. Бұл желілерді ұзақ мерзімге қауіпсіз пайдалануға кепілдік береді", – деп атап айтты министр.

Нұрлан Ноғаевтің айтуынша, келісімді ратификациялау бірқатар басымдық беріп, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына оң әсер етеді.

"Байқоңыр қаласының тұтынушылары, шамамен оның 60%-ы Қазақстан азаматтары, қол жетімді, қымбат емес, экологиялық таза отын – табиғи газбен қамтамасыз етіледі. Байқоңыр қаласына газ жеткізуді "ҚазТрансГаз Аймақ" АҚ жүзеге асырады. Ол сондай-ақ, газ жүйелерін қауіпсіз пайдалану үшін жауап береді. Газ жеткізу шарттарын жасасу, баға белгілеу, өнеркәсіптік қауіпсіздік мәселелері тек Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылатын болады", – деді.

Депутаттардың сұрағына жауап бере отырып, энергетика министрі Байқоңырдың жылу электр станциясы (ЖЭС) неліктен газға көшпегенін айтты.

"Газ құбарларының өткізу мүмкіндігі қосымша нысандарды да газдандыруға жетеді. Газ құбырын тарту құрылысы кезінде ЖЭС-ке газ тартуға арналған тармақ қалдырдық. Бүгінгі күні Байқоңыр ЖЭС-і мазут пайдаланады. Ол мазут Ресейден жеткізіледі. Байқоңырдың жылу электр станциясы Ресейдің балансында. Егер Ресей тарапы, соның ішінде "Роскосмос" ЖЭС-ке газ тартуды қаласа, біздің барлық техникалық мүмкіндіктеріміз бар", – деп түсіндірді Нұрлан Ноғаев.

Нұржан Көшкін

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу