Бақауов білегін сыбанып отыр

9691

Павлодар облысы әкімінің ЭКСПО көрмесі кезінде қонақтарды қабылдауда жергілікті мүмкіндіктерге қатысты айтар өз уәжі бар.

Бақауов білегін сыбанып отыр

"Барлығы өте жоғары деңгейде болады. Қонақтарға сұлу Ертісті, өндірісі дамыған қаланы, сондай-ақ инвестиция құюға жақсы мүмкіндіктерді көрсететін боламыз. Оған қоса келер жылы инвестфорум өткізуді ойға алдық, ал 20 млн теңгеден асатын қаржыны Павлодар облысының мүмкіндіктерімен таныстыру үшін Астанада көрме залын ұйымдастыруға жұмсамақпыз", – деп мәлім етті Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов abctv порталына.

Өңір басшысы екі білегін сыбанып отыр, ал мәслихат депутаттары өңірдің көрмеге дайындығы туралы мәселені талқылап та қойған. Әңгіме туристік саланың жағдайы мен оны дамытуға қатысты болды. Облыстық кәсіпкерлік, сауда мен туризмді басқару басқармасы басшысының орынбасары Оксана Давыденконың айтуынша, алдағы жылдың жазына туристер көп келеді деп үміт артып отырған Баянауылдағы демалыс үйлеріне түгендеу жүргізілген. Бұл жұмысты жүргізуге – ресми статистиканың нақты жағдаймен қабыспауы себепші. Облыстық статистика департаменті ауданда 22 демалыс үйі бар деп мәлімдегенімен, түгендеу жүргізгеннен кейін Баянауыл ауданындағы демалыс үйлерінің саны екі есе көп, яғни 43 екені белгілі болды. Оның 3-еуі – түрлі мекемелерге тиесілі. Кейін, барлық ақпарат пысықталған соң, тізім облыстық кәсіпкерлік, сауда мен туризмді басқару басқармасының сайтына жарияланды. Қазір тізімді сайттан көруге болады.

Жалпы бүгінгі күні облыста 90-нан астам туристік компания жұмыс істейді, оның 82-сі – турагенттік, ал 9-ы – туроператор. Статистика департаментінің дерегі бойынша, облыста бір мезгілде 7 мыңнан астам адамды қабылдай алатын 93 нысан бар. Онда бір күн қонып шығу ақысы 5 мың теңге тұрады. Қазіргі басты міндет – ішкі және сырт елден сапарлау туризмін дамыту. Осы мақсатта 2020 жылға дейін Павлодар облысында туризм кластерін құру және дамытудың шеберлік-жоспары әзірленген. Жыл сайын жоғары оқу орындарын "туризм" мамандығы бойынша бітіріп жатқан түлектер үшін жәрмеңке өткізіледі. Депутаттар айтқандай, мамандарға сұраныс аз. Былтырғы жылы жәрмеңкеге 127 түлек қатысса, соның ішінде 5 адам ғана жұмысқа алынып, 6 адамды тек тәжірбиеден өтуге шақырған. Сонымен бірге былтырдан бастап гид-экскурсия жетекшілері мен қонақүй бизнесі қызметкерлерінің біліктілігін арттыру және оқыту үшін курстар тұрақты жүргізіліп келеді. Биыл 62 адам осындай сертификатты иеленді.

Депутаттар Баянауыл ұлттық саябағының жұмысы өрлей бастағанын атап өтті. Биыл жаз жаңбырлы болғанына қарамастан, демалуға келген турист саны былтырғымен салыстырғанда 25 пайызға өскен. Сондай-ақ жұмыс істеп тұрған 43 демалыс үйіне қоса саябақта тағы да екі демалыс орны салынуда. Алайда олар ЭКСПО-ға келетін қонақтарды қабылдауға дайын болары екіталай. Өйткені олар 2017 жылдың соңы мен 2018 жылдың басында пайдалануға берілмек. Облыстағы қала мен аудан әкімдіктері өздерінің туристік бағдарын әзірлеп жатқан жайы бар, сондай-ақ Шығыс Қазақстан облысымен және Ресейдің шекаралас аймақтарымен бірлескен жобалары да бар. Ал емдік туризм жайына келсек, бұл жерде келешегі зор Маралды көлін тілге тиек етуге болады. Көлге баратын жол жөнделген, ауыз суға арналып құдық қазылды. Қазір көл суының минералдық құрамы зерттелу үстінде, мұнан соң шипажайды ашуға болады.

Алда болатын ЭКСПО көрмесіне қатысты да ұсыныстар болды. Мәселен, облыс аумағы арқылы көрмеге жол тартқан ресейліктерге жолай аудандарда туристік бағдарлар жұмыс істемек. Ал туристерді көптеп келтіру үшін қандай жұмыс жүргізіліп жатыр? Баннер түріндегі көрнекі насихатпен шектелу аздық ететіні белгілі. Бұл тұста халық қалаулылары аздаған қулыққа басуды нұсқап отыр: ресейліктерге жолдама сату кезінде аталған жерлерге міндетті түрде бару керектігін бағдарламаға қосу керек дейді. Ал ақшасы төленген жерге бармай қалатындар некен-саяқ шығар.

Өңірде ЭКСПО-ға дайындық шеңберінде "Саят Павлодар" және "Бес жұлдыз" туристік компанияларымен меморандумға қол қойылды. Аталмыш компаниялар Астананы аралаудың бес бағдарын әзірлеп қойды, қазір билет тарату бойынша облыс тұрғындарына түсіндіру жұмысы жүргізіліп жатыр. Айтпақшы, көрме билеттерінің саудасы басталып та кетті: бүгінде 707 билет сатылып, сатып алуға 243 өтінім түскен. Осы тұста Павлодар облысы ЭКСПО-ға 100 мың адам жіберуге тиіс екенін айта кетейік.

Айтпақшы, тек ЭКСПО кезінде ғана емес, содан кейін де ішкі туризмді дамытуда басымдық беріліп отырған Баянауылға жеке тоқталайық. Демалыс орнына жету үшін Павлодардан 200 шақырымдай жол ды еңсеру қажет. Және бұл жерде басты мәселе – жол. Дегенмен жол мәселесі де аймақ басшысының жігерін жасытып тұрған жоқ.

"Баянауылға жаңадан жол салынбайды, ал алдағы дүбірлі шараға дейін жөндеу жүргізіледі. ЭКСПО-ға дейін үлгереміз", – дейді Болат Бақауов.

Үлкендер жағы туристік салаға қатысты күрделі мәселелерді шешіп жатқанда, облыстың туристік мүмкіндіктерін таныстырған С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің студенттері республикалық "Мен жастарға сенемін!" фестивалінің жеңімпазы атанып та үлгерді.

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу