Бақауов түрмеге отырмайтын болды

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
2820

Павлодар облысының экс-әкімінің бас бостандығы 3,5 жылға шектелді. 

Бақауов түрмеге отырмайтын болды

Бүгін Павлодар облысының бұрынғы әкімі Болат Бақауовқа қатысты сот шешімі шықты. Оның бас бостандығы 3,5 жылға шектелді.

"Сотталушы Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 361-бабы ("Қызметтік өкілеттіктерді асыра пайдалану, ауыр зардаптарға әкеп соқтыру") 3-тармағының 4-бөлімі бойынша кінәлі деп танылды. Сот шешіміне сәйкес, оның бас бостандығы 3,5 жылға шектелді. Ол өмір бойына мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан айырылды", ­- деді шешімді оқыған №2 соттың судьясы Нұрлан Қайырбеков.

Сот экс-әкімді көңіл көтеру орындарына бармауды, мекенжайын ауыстырмауды, пробация қызметіне уақытылы баруды міндеттеді. Сонымен қатар, Болат Бақауов 100 сағаттық қоғамдық жұмысқа тартылатын болды. Бұдан бөлек, заттай дәлел ретінде сақталған 10 мың доллар экс-әкімге қайтарылады. 

Прокурор Елена Белова Болат Бақауовтың бас бостандығын 3,5 жылға шектеуді сұраған болатын.

"Сотталушының кінәсі тергеу барысында дәлелденді. Бақауов процессуалды келісім жасауға келісті және өз кінәсін толықтай мойындады", ­- деді прокурор.

Болат Бақауовтың адвокаты сотталушының ерікті түрде процессуалды келісім жасағанын жеткізді.

Тергеу ісінің материалдарына сүйенсек, Павлодар облысының бұрынғы әкімі Болат Бақауов өз кабинетінде өңірлік Мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы Бауыржан Айнабековтен туысының атындағы фирмаға қатысты тексерулердің нәтижесі мен мәліметтерді ұсынуды сұраған. Әкім қызығушылық танытқан фирманың аты - "AksuTransLogistic" ЖШС. Оның жалғыз құрылтайшысы әкімнің туысы болып келеді.

Белгілі болғандай, тексеру барысында аталған компанияда салықтық заңнаманың бұзылғаны анықталған. Яғни, заңды тұлға 200 млн теңгеден астам көлемде салық төлемеген. Кейін туысының мүддесін қорғаған Болат Бақауов департамент басшысына тексеру нәтижесін жасырып, салық мөлшерін алып тастауды ұсынған. Алайда, департамент басшысы тексеру ерекше тәртіппен өткізілгенін айтып, мұндай қадамға бара алмайтынын жеткізген. Осы орайда, Болат Бақауов төленбеген салық көлемін 3-5 млн теңгеге дейін азайтуды ұсынған.

"8 қаңтар күні Айнабеков Болат Бақауовтың кабинетіне келіп, өтінішінің орындалғанын хабарлаған. Бұл ретте, тексеру қорытындысындағы соманы 3 млн 146 мың теңге деп көрсеткен. Ол сол жерде тексеру қорытындысының екінші нұсқасын ұсынған. Онда төленбеген салық көлемі 213 млн 60 мың теңгені құраған. Бақауов туысына хабарласып, 3 млн 146 мың теңгені төлеуді сұраған. Кейін 3 млн 155 мың теңге төленген", - деді прокурор Елена Белова.

Еске сала кетейік, Болат Бақауов "өкілеттілігін асыра пайдаланғаны" үшін күдікке алынған болатын. Сотқа дейінгі тергеу амалдары кезінде экс-әкімге санкция салынып, екі айға қамауға алынды. Бір айдан кейін бұлтартпау шарасын үйқамаққа отыруға ауыстырды. Шараның өзгертілуіне экс-әкімнің хал-жағдайының нашарлауы себеп болғаны айтылды. Бақауов ісі төрт айға созылды.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу