Қазақстан ұлттық құрамасының ойыншысы Бақтиер Зайнутдинов Сан-Мариномен өтетін алдағы ойын туралы көзқарасын ортаға салды.
– Бақтиер, Ресей Кубогындағы жеңіспен құттықтаймын. ЦСКА сапындағы маңызды ойыннан кейін қалай сезініп жүрсің?
– Еліміздің абыройын қорғау үшін ұлттық құрамаға әрқашан үлкен құлшыныспен келемін. Кубок жеңісі мен шабыттандыра түсті деп айта аламын. Физикалық және рухани жағынан толық дайынмын деп айта аламын.
– Кубок финалында жеңіске жетіп, көзіңізге жас алдыңыз. Эмоцияны неліктен жасыра алмадыңыз?
– Бұл жай ғана эмоция. Шыны керек, Ресейде өткен соңғы бес жылда алғаш рет үлкен жеңіске жетіп отырмын. Сол себепті эмоцияны ұстай алмадым.
– Сан-Мариномен өтетін ертеңгі ойын туралы не айта аласыз? Шабуылшы болып ойнайтын сияқтысыз.
– Сан-Мариномен өтетін ойын ауыр болмақ. Ертең қарсыластың қорғанысын бұзу оңайға түспейтіні анық. Біздің тарапымыздан қарсыласты бағаламау деген болмайды. Барлығына жүз пайыз дайынбыз. Менің позиция туралы әлі білмеймін.
– Төрт жыл бұрын Астанада Сан-Мариномен кездесіп, ірі есеппен ұттық. Сол ойын есіңізде ме?
– Астанадағы ойынға қатыса алмадым. Ал сырт алаңда өткен ойын әлі де есімде. 3:1 есебімен жеңіске жеттік. Сол кезде де оңай ойын болмады. Осы уақыт аралығында қарсылас барлық жағынан күшейе түсті. Қарсыластың бүгінгі ойынын қарап, бұрынғы команда деп айта алмаймын.
– Бұл сұрақты осы жерде қою керек деп ойлаймын. Соңғы жылдары сенімен А сериясын байланыстырады. Келесі маусымда сол жаққа баруың қаншалықты мүмкін болмақ?
– Топ-5 чемпионатына ауысу – менің бала арманым. Мені және ЦСКА-ны қанағаттандыратын ұсыныс болуы тиіс. Алайда, бұл менің арманым және мен осы бағытта алға басып келемін.
– А сериясының өкілдері қонақүйге келмеді ме?
– Жоқ, келген жоқ (күліп).