Бақтиер Зайнутдинов: "Танымал футболшыларды жеңіп, желпінсек деген мақсатымыз бар"

1231

Матч 7 қыркүйектен 8-не қараған түні Нұр-Сұлтан уақытымен 00:45 Зеница қаласында өтеді.

Бақтиер Зайнутдинов: "Танымал футболшыларды жеңіп, желпінсек деген мақсатымыз бар"

Қазақстан құрама командасының жартылай қорғаушысы Бақтиер Зайнутдинов ойын алды баспасөз мәслихатына қатысты. Ол матчы тағатсыздана күтіп отырғанын жасырмады.

"Босния құрамасы өте мықты командалардың қатарына жатады. Олардың футболшылары Еуропаның топ чемпионаттарында өнер көрсетіп жүр. Мысалы, Эдин Джеко мен Миралем Пиянич жер жаһанға танымал аяқдопшылар. Сондықтан да, біздің оларды жеңгіміз келетіні жасырын емес. Осындай командаларды ұтып, өзіміздің жақсы футбол ойнай алатынымызды дәлелдегіміз келеді. Сондықтан да, ертеңгі ойында барымызды саламыз. Матчты тағатсыздана күтіп отырмыз", - деді Зайнутдинов.

Сонымен қатар Зайнутдинов Босния ойыншысы Хаджикадуновичті танитын болып шықты.

"Мен Босния ойыншысы Хаджикадуновичті жақсы танимын. Біз ол екеуміз Ресейдегі "Ростов" футбол командасында бірге ойнадық. Деннис Швецияда туып-өскен мықты футболшы. Ертең ойында онымен кездесетін шығармын", - деп қоса кетті Ұлттық құраманың жартылай қорғаушысы.

Зайнутдиновпен қатар ұлттық құраманың бас бапкері Талғат Байсуфинов та жергілікті журналистердің сауалдарына жауап беріп, ойынға қатысты өз пікірін білдірді.

 Талғат Маруаұлы, ертеңгі ойын туралы ойыңызды айтып өтсеңіз...

- Армысыздар! Ертеңгі ойынға әдеттегідей дайындық жүргізіп жатырмыз. Жарақат алған футболшылардың барлығы қатарға қосылып, мықты құрамды алаңға шығарамын деп сенемін. 

- Қай команда фоварит болады деп ойлайсыз? Қазақстан ба, әлде Босния ма?

- Ойын алдында екі команданың көңіл-күйі бірдей. Сондықтан 50 де 50 деп ойлаймын. Барлығы дайындыққа байланысты. Қай команданың дайындығы жақсы, сол ұжымның мерейі үстем болады. Егер біз ертеңгі ойында өзіміздің ойластырған барлық жоспарымызды іске асырсақ, жақсы нәтижеге қол жеткізе аламыз. 

- Босния құрамасы туралы не айта аласыз?

- Негізі бұл сұраққа Бахтиер Зайнутдинов жақсы жауап берді. Босния және Герцоговина құрамасында мықты футболшылар көп. Ішкі және шет елдік біріншілікте өнер көрсететін аяқдопшыларыңыз бар. Барлығының деңгейі жоғары. Сондықтан да ұлттық құрама мықты ойын көрсетеміз. Дегенмен біз бұған назар аудармаймыз. Бастысы ертең біз өз ойынымызды көрсетіп, жақсы нәтижеге қол жеткізуіміз керек. 

- Қазақстан құрамасының соңғы ойындарын көрдік. Жақсы жасақталған. Ойындарыңыз да қойылған. Ертең Сіздің құрамаңыз қандай ойын көрсетеді?

- Рақмет. Біздің құрама жас. Енді жасақталып жатыр. Кейбір футболшылар ұлттық құрама сапында бірінші ойындарын өткізді. Біз әлі де өсуіміз керек. Жаттығу жұмыстарында комбинациялық футбол ойнауға әрекет етіп жатырмыз. Босния секілді мықты қарсыласпен ойнап, тағы біраз тәжірибе жинаймыз. Бірақ ертең тек қорғанып жатпаймыз. Біз лайықты қарсылық білдіргіміз келеді. Себебі, қарсылас мықты ұжым. Тағы қайталап өтейін, ертең біз тәртіпті, жаттығуда жасап жүрген футболды көрсетуге тырысамыз. Егер тәртіпке бағынып ойнасақ, нәтиже жақсы болады. Жігіттердің барлығы жақсы дайындықтан өтті. Қарсыласымызды зерттедік. Енді тек алаңға шығып, замануи футбол көрсетіп, нәтиже шығару қажет. 

- Қазақ жанкүйерлері ертеңгі ойыннан қандай нәтиже күтеді? Қандай нәтижеге көңілдері толады?

- Біз әр ойынға тек жеңіске жету үшін шығамыз. Сондықтан жанкүйерлеріміз, отандастарымыз тек жақсы нәтиже күтеді. Жақсы нәтиже талап етеді. Әрбір құраманың жанкүйерлері секілді олар да жақсы нәтиже талап етеді. Біз сол жақсы нәтиже көрсету үшін жұмыс істеп жатырмыз.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу