Бақтияр Байсейітов "Ордабасыны" өрге сүйремеді

2532

Шымкент қаласы әкімдігінің құзыретіндегі бұл клубтың тағдыры талайлардың алаңдаушылығын тудыртып тұр. Әкімдік клубты неге құтқарғысы келмейді?

Бақтияр Байсейітов "Ордабасыны" өрге сүйремеді

Біз осыған дейін бұл клубтың қарызы 2,4 млрд теңгені құрайтынын жаздық. Сараптап талдау жасап, клубтың соңғы 7 жылдағы жүріс-тұрысын еске түсірдік. Қарап тұрсаңыз Бақтияр Байсейітовтың клуб басшысы болып келгенінен бері "Ордабасы" өрге шықпапты. Қазақстан кубогін жеңген жоқ, ішкі біріншілікте чемпион атанбады. Жалпы "Ордабасы" Қазақстан чемпионы болмаған. Оның қасында "Тараздың" өзі ел чемпионы деген атағы бар команда. Еурокубоктерге қатысып жыл сайын алғашқы айналымнан жеңіліп қалатын "Ордабасы" шынын айтқанда көптеген жанкүйердің зығырданын қайнатты. Одан бөлек клуб ойыншылары үнемі "жалақымызды ала алмай жүрміз" деп байбалам көтереді. Клуб басшылығы жанкүйерлерге жауап бере алмай, көліктеріне міне сала қаша жөнелгенін талай көрдік.

Оңтүстіктің қызуқанды фанаттары клубтың қазіргі жағдайына риза еместігі түсінікті. Ашу мен ыза жиналып, алқымнан алып тұрғаны анық. Ал клубтың алдағы тағдыры не болмақ? 7 қаңтардан бастап клубтардың көбісі дайындық жұмыстарына кірісті. "Астана", "Тобыл", "Тұран" секілді клубтардың барлығы қазір Түркияда жаттығу жиындарын өткізіп жатыр. Кейбір клубтар осы кезде екінші жолдастық матчтарын ойнап үлгерді. Ал "Ордабасы" әлі Шымкентте. Команданың көптеген футболшылары "Мақтаарал" клубымен жаттығып жүр. Оның өзі "Мақтааралдың" бапкері болып "Ордабасыда" бапкердің ассистенті болып қызмет еткен Андрей Ферапонтов болған соң.

Ал клубтың қарыздары мен жалпы биылғы біріншілікке қатысу-қатыспау мәселесі қазір күн тәртібінде тұрған өзекті мәселе. Шымкенттік фанаттар клубтың премьер-лигаға қатысқанын қалайды. Алайда спорт комментаторы Уәлихан Қосанбай бұл жағдай саяси ойынға келіңкірейді деп отыр.

Уәлихан Қосанбай, футбол комментаторы:

– "Ордабасы" негізі әлеуеті бойынша чемпиондыққа таласатын команда ғой. Бірақ неге екені белгісіз командамыз үздік үштікке кіре алмай жүр. Ең ақыры Еурокубокке қатысып тұрушы еді, соңғы екі жыл ол да жоқ. Бақтияр Байсейітов қызметінен кетпей іс оңалмайтын сыңайлы. Әкімдіктегілер әдейі қаржы бермей, клубтың биылғы бюджетін бекітпей отырғанға ұқсайды. Клуб басшысын қызметтен кетіру үшін әкімдіктегілер осындай қадамдарға жиі барады ғой.

Ерсін Ерік, футбол сарапшысы:

– "Ордабасы" қазақ футболында ойып тұрып орын алатын іргелі клуб. Қазақстан ұлттық құрамасына көптеген талантты ойыншылар даярлап берді. Оңтүстіктің жанкүйерлерінің де ерекше екенін жақсы білеміз. Шымкент – еліміздегі футбол инфрақұрылымы дамыған, әрі табиғи жағдайы футболды жыл 12 ай ойнауға мүмкіндік беретін санаулы аймақтың бірі. Ал қазір біз біліп отырған жағдай өте қиын екен. Клубтың бұлайша сергелдеңге түсуі жан ауыртатын дүние. Жуырда барлығы шешіліп, "Ордабасы" ең болмаса Бірінші лигаға қатысса екен деп тілеймін. Себебі мұндай клуб жабылып қалуы қазақ футболы үшін ауыр тиеді деп ойлаймын.

Қазақстан футбол федерациясының арнайы тексерісінен кейін бұл командаға 1 ай уақыт берілді. Енді ақпан айының басында болатын сертификациялаудан өтпесе онда "Ордабасы" клубы Қазақстан премьер-лигасына қатыспайды. Онда бұл клубтың орны "Қыран" футбол клубына берілуі тиіс. Себебі бұл команда өткен жылы Бірінші лигада қола жүлдегер атанған еді. Бірақ жанкүйкерлер көңілі әлі де болса "Ордабасының" оянатынына сенеді...

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу