МӘМС жарнасының жоғарғы шегі ең төменгі жалақы мөлшерінен 10-нан 50 есеге дейін ұлғаюы мүмкін. Бұл туралы Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының төрағасы Әбілқайыр Сқақов айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Тілшілер "Жоғары айлық алатын адамдардың табысының жартысына немесе 60-70 пайызына ғана сақтандыру салынып отыр. Бұл қаншалықты әділетті?" деп сұрады.
Спикердің сөзінше, қазір қолданыстағы заңнама бойынша көзделген жарналар ең төменгі жалақының 10 еселенген мөлшерімен шектелген.
"Заңда көзделген негізгі талап – 850 мың теңгеге дейін МӘМС жарналары үстінен осы айлықтан төленбейді. Бұл мәселе министрлікте қарастырылып жатыр, оның тарапынан ұсыныс бар, қор да өз есептерін берді. Болашақта мұны басқа мемлекеттік органдар қолдайтын болса, заңнамалық бастама ретінде осы ұсыныс енгізілетін болады. Ең төменгі жалақының 10 еселенген мөлшерінен 50 еселенген мөлшеріне көтеру, яғни 850 мың теңгеден 4,5 млн теңгеге дейін көтеру мәселесі қарастырылып жатыр", - деді Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының төрағасы Әбілқайыр Сқақов.
Ол болашақта бұл ұсыныс қолдау табатын болса, әділеттік бағытындағы үлкен қадам болатынын жеткізді.
Журналистер тиісті мәселе неге енді көтеріліп жатқанын нақтылады.
"Бұл жалпы МӘМС туралы заң қабылданған кезде қабылданған. Оған баға бере алмаймын. Бүгінде нақты ұсыныстар бар, есептер де бар. Ол қазір талқылауда", - деді Әбілқайыр Сқақов.