Бақылау бекеттерінде кептеліс болмайды

Абылай Бейбарыс Абылай Бейбарыс
2679

Жүк көліктеріне электронды рұқсат беріледі.

Бақылау бекеттерінде кептеліс болмайды Фото: Серікжан Қобыланбаев

"Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасына карантин кезіндегі жүк тасымалына қойылған тосқауылдарға қатысты бизнес субъектілерінен 1 786 шағым түсті. 614 кәсіпкер жүк көлігі қозғалысының тәртібін түсіндіруді сұраса, 728 кәсіпкер жүк көлігінің бақылау бекеттеріне кіріп-шығуына рұқсат алуды жеңілдетуді өтінді. Ал 444 кәсіпкер "жасыл дәліз" арқылы емін-еркін қозғалуға рұқсат берілген жүк көліктері түрлі кедергілерге тап болып жатқанына шағымданды.

"Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқарма төрағасының орынбасары Эльдар Жұмағазиевтің айтуынша, жергілікті жердегі төтенше жағдай жөніндегі штаб өкілдерінің жұмысындағы кемшілік жоғарыдағы мәселелердің туындауына түрткі болды. Жергілікті полицияның төтенше жағдай жөніндегі штабтың шешімі мен бас санитарлық дәрігердің қаулысын назарға алмай, жүк көліктерінің қозғалысын шектеуі мәселені ушықтырып жіберді.

Ұн өндірумен айналысатын "Белес Агро" ЖШС -ның жүк көліктері бақылау бекеттерінен өте алмай тұрып қалса, консервіленген ет өнімдерін шығаратын "Кублей" ЖШС-ның қала маңында тұратын қызметкерлері қалаға кіріп-шығудың машақатын көрген. "Шымкент құс" ЖШС жұмысшылары да осындай мәселелермен бетпе-бет келген.

Эльдар Жұмағазиевтің сөзінше, "Атамекен" мәселенің шешілуіне бастамашы болды. Өңірлік палата өкілдері дабыл қағып, мемлекеттік органдарға ықпал етті. Өз кезегінде көлік комитеті 15 сәуірден бастап бақылау бекеттерінде көлік жүргізушілеріне берілген қағаз рұқсатнаманы тексермеу туралы шешім шығарды. Тексеру шаралары көлік комитетінің көліктік деректер базасының ақпараттық-талдау жүйесі арқылы атқарылатын болды.

Бақылау бекеттерінің "жасыл дәлізі" арқылы өту үшін жүк тасымалдаумен айналысатын компаниялар электронды үкімет порталына өтінім беріп, рұқсат алуға тиіс. Рұқсат алушы заң бойынша санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды қатаң сақтауға, көлік жүргізушілері мен тұтынушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге міндеттеледі. Заңға қайшы әрекет еткен жағдайда тасымалдаушы компаниялардың басшылары әкімшілік, қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Бақылау бекеттерінен кедергісіз өту рұқсаты ірі көлемді және ауыр салмақты автокөлік құралдарына, 1, 6 және 7-санаттағы қауіпті жүктерді тасымалдаушыларға және халықаралық бағытта жүк жеткізумен айналысатын автожүргізушілерге беріледі.

Естеріңізге салайық, Қазақстан халқына арнаған телевизиялық үндеуінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев: "Қазақстан Республикасының аумағынан шығуға және кіруге шектеу енгізіледі. Бірақ жоғарыда аталған шаралардың жүк тасымалына қатысы болмайды", – деген болатын.

Абылай Бейбарыс

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу