Бақыт Ахметов - бас бапкер

1611

Ауыр атлетикадан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері ауысты, - деп хабарлайды Ауыр атлетика федерациясының баспасөз қызметі. 

Бақыт Ахметов - бас бапкер

Ұлттық құраманың бұрынғы бапкері Юрий Мельниковтың орнына жасөспірімдер командасы мен жасөспірімдер құрамасының аға жаттықтырушысы Бақыт Ахметов келді.

Ахметов 2002 жылғы Азия ойындарының чемпионы, 2004 жылғы Азия чемпионы, 2006 жылғы Азия ойындарының қола жүлдегері, 2007 жылғы Азия чемпионатының қола жүлдегері. 2009 жылдан бері жасөспірімдер командасы мен жасөспімдер құрамасын жаттықтырумен айналысады. Сол уақыттан бері оның шәкірттері халықаралық ареналарда жоғарғы спорттық нәтижелерге қол жеткізіп келеді. Олардың арасында Жазира Жаппарқұл, Александр Зайчиков, Карина Горичева, Альберт Линдер және Игорь Сон сияқты ұлттық құраманың мүшелері, Әлем чемпиондары және Әлем чемпионатының, Азия және Олимпиада ойындарының жүлдегерлері бар.

"Қазіргі таңда ұлттық құрама жаңару кезеңін бастан өткеріп жатыр. Биылдан бастап ересектер құрамасына штатқа жастар арасынан танымал атлеттер Рахат Бекболат,  Нұрғиса Әділетұлы, Сайхан Тайсуев, Сайрамкез Ақмолда, Карина Кузганбаева, Дарья Ахмерова және Гүлнұр Ыбрайлар кірді.

Ұлттық құрамамызды басқа да болашағынан зор үміт күттіретін, Ахметовтың жетекшілігімен жаттыққан спортшылармен толықтыруды жоспарлап отырмыз. Бақыт Бешімбекұлын тәжірибелі жас бапкер әрі кәсіби менеджер ретінде білеміз. Осыған байланысты оны ересектер құрамасына ауыстыру туралы шешім қабылданды.

Юрий Александрұлына да ерекше алғысымызды білдіреміз. Ол ұлттық құраманы қиын кезеңдерде басқарды. Оның басшылығымен спортшыларымыз талай жетістіктерге жеткен. Юрий Мельниковтың еліміздегі спорттың дамуына қосқан үлесі зор. Біраз дарынды спортшыларды тәрбиелеп шығарды. Олардың арасында Ахметовтың өзі де бар. Юрий Александрұлының шәкіртінің ересектер құрамасына ауысуы  халықаралық аренада  Қазақстан намысын қорғайтын табысты спортшылардың жаңа буынын қалыптастыруға көмектеседі деп ойлаймыз", - деді Ауыр атлетика федерациясының атқаруышы директоры Алдияр Нуралинов.

Естеріңізге сала кетсек, Мельников ауыр атлетикадан еліміздің құрамасын 2016 жылдан бері жаттықтырған. Зілтеміршілерді 30 жылдан аса уақыттан бері баулып келеді. Ол Татьяна Хромова, Вячеслав Ню, Алла Важенина және Надежда Ногай сияқты спортшыларды тәрбилеп шығарған. Юрий Мельников Қазақстан Республикасының еңбек сіңірге жаттықтырушысы және ҚР-ның дене шынықтыру ісінің құрметті қайраткері, "Құрмет" орденімен, Қазақстан тәуеліздігінің 10 және 20 жылдығына арналған медальдармен марапатталған.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу