Бақыт Сұлтанов ЕАЭО-ны ұлттық мүдделердің арқан тартысатын алаңына теңеді

7700

Ресейдің қазақстандық қызанақтан "тапқан" қоңыр вирусы қып-қызыл жала болып шықты. 

Бақыт Сұлтанов ЕАЭО-ны ұлттық мүдделердің арқан тартысатын алаңына теңеді

Ресейдің Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы тағы бір оспадар әрекеті түбегейлі әшкереленді. Бұл туралы Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов өзінің Facebook-тегі парақшасында жазды. 

"Желтоқсан айында Ресей Қазақстаннан әкелінетін қызанақ пен бұрышта "қоңыр вирус" бар деген сылтаумен әкелуге шектеу енгізді. Павлодар, Ақтөбе, Алматы облыстарының өндірушілері мен жылыжайларына ауқымды зерттеулер жүргізу үшін бізге үш апта қажет болды. Бірнеше қазақстандық зертханада ресейлік тестер қолданылса,  кейін тіпті Нидерланд елінде тексерілді. Вирус еш жерде анықталған жоқ", – деп жазады министр.

Оның айтуынша, 18 қаңтар күні "Россельхознадзор" мекемесі Павлодар облысынан "Greenhouse-Qaztomat" өнімдерін импорттауға салынған тыйымды алуға мәжбүр болған. 

"Енді басқа екі өңірдің компаниялары бойынша осындай шешімдерді күтеміз. Көршілер қазақстандық өнімде жоқ вирусты "тауып" қана қоймай, Еуразиялық экономикалық одақтың нормативтік-құқықтық базасын да бұзды. Өйткені қызанақтың қоңыр вирусы Еуразиялық экономиқалық одақтағы карантиндік объектілердің бірыңғай тізбесіне кірмейді. Яғни, аталмыш вирусты анықтау үшін фитосанитарлық бақылау жүргізілмеуі керек болған. Сонымен қатар, "Россельхознадзордың" ешқандай шектеулер енгізуге құқығы жоқ еді", – дейді ведомство басшысы.

Қазақстандық тарап бұл мәселені Еуразиялық экономикалық комиссия алаңында екі рет көтеріп, Еуразиялық экономикалық кеңеске ресми өтініштер жіберген екен. Мәскеу өз шешімінің күшін жоймаса, Қазақстан бұл мәселені Еуразиялық экономикалық кеңестің 29 қаңтардағы талқылауына шығаруға, одан нәтиже шықпаса, 5 ақпанда Алматы қаласында Еуразиялық үкіметаралық кеңестің отырысында талқылауға дайын отыр.

"Ақырғы шара ретінде Қазақстан Ресей тауарларына жауап шараларын енгізуге бара алады. Бақытымызға орай, Үкіметке осындай құзырет берілген", дейді Бақыт Сұлтанов.

Еске салсақ, "Green Capital Kazakhstan", "Green Land Alatau", "Greenhouse-Qaztomat" ЖШС-нің өнімдері қауіпсіз екенін алғаш рет 16 қаңтар күні Ауыл шаруашылығы министрлігі жариялаған болатын

Ресейдегі "Бүкілресейлік өсімдіктер карантині орталығының" жедел тестері "Greenhouse-Qaztomat" ЖШС өнімдерінде ToBRFV вирустары жоқ екенін растаған. Нидерланд еліндегі "Groen Agro Control"  тәуелсіз зертханасы да қазақстандық жылыжай шаруашылығында вирус жоқ екенін айтқан. "Green Capital Kazakhstan" және "Green Land Alatau" жылыжай шаруашылықтарында да дәл осындай сараптамалар жүргізіліп, "Россельхознадзордың" болжамы жала екенін дәледеді. 

Қазақстандық өнімдер қауіпсіз екенін ресми дәлелденсе де, шектеудің күшін жоюға асықпай отырған Ресей тарабын Бақыт Сұлтанов ақылға шақырды. 

"Өзара саудада қазіргідей кедергілер болмауы тиіс. Біртұтас экономикалық кеңістік барлық ойыншылар үшін өзара тиімді болып, "ұлттық мүдделер арқан тартысатын" алаңға айналмауы керек",  деді ол өз постында.

Есжан Ботақара


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз!

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу