Бақытбек Смағұл: Қоғам педофилдердің бостандыққа шығуынан қауіптенеді

5686

Қазақстанда кейінгі жылдары балаларға қарсы әртүрлі сипаттағы қылмыс саны көбейіп кеткен. Осыған алаңдаушылық білдірген Мәжіліс депутаты Бақытбек Смағұл екі министрге депутаттық сауал жолдады. ,

Бақытбек Смағұл: Қоғам педофилдердің бостандыққа шығуынан қауіптенеді

"Кейінгі жылдары балаларға қарсы қылмыстар бойынша заңнаманы біршама күшейтілді. Алайда Бас Прокуратура бұл қылмыстың азаймағанын жариялады. Мәселен, соңғы бес жылда елімізде балаларға қарсы сексуалдық сипаттағы 3893 қылмыс тіркелген. Оның ішінде зорлау 748, сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттері 672, он алты жасқа толмаған адаммен жыныстық қатынас немесе сексуалдық сипаттағы өзге де әрекеттер жасау 1808, жас балаларды азғындық жолға түсіру 665 факттері анықталды. Айта кетерлігі, 2020 жылдың қорытындысы бойынша зорлау фактісі 2016 жылмен салыстырғанда 45,8 пайызға өскен", – деді Бақытбек Смағұлов Ішкі істер министрі мен Білім және ғылым министріне жолдаған депутаттық сауалында. 

Мәжілісменнің айтуынша, бәрінен бұрын, мұндай қылмыс жасаған адамдардың бостандыққа шығып, қылмыс қайта жасауы – қоғамда алаңдатушылық тудырып отыр. Мәселен, БАҚ-та биылғы жылдың соңына дейін "32 педофил бостандыққа шығады" деген ақпарат тараған. Бұл ретте жазасын өтеп жатқан қылмыскерлермен қылмыстық-атқару мекемелерінде қаншалықты тиісті жұмыс жүргізіліп, пробациялық қызмет олармен жұмыс істеуге қаншалықты дайын деген сұрақтар туындайды. 

"Өздеріңізге мәлім, қылмыстық-атқару инспекцияларының орнына пробация қызметтері құрылды. Олардың негізгі функцияларының бірі сотталғандарды түзеп-тәрбиелеуге ықпал ету. Өкінішке қарай, олар әлі күнге дейін ескі тәсілдермен жұмыс істейді, бұл қызметте формализм көп.  Осыған байланысты,  құрметті Ерлан Заманбекұлы, жоғарыда баяндалған мәселені қатаң бақылауға алуыңызды және келесі сұрақтарға жауап беруіңізді сұраймын. Қылмыстық-атқару жүйесінің мекемелерінде осы қылмыс бойынша жазасын өтеушілермен оңалту жұмыстарын жүргізу бойынша арнайы бағдарламалар қабылданды ма, тиісті мамандар бар ма? Сотталғандар арасында тәрбие және идеологиялық жұмыста қандай тәсілдерді пайдаланасыздар? Түзеу мекемелеріндегі психологиялық қызмет жүйесінің деңгейін арттыру бойынша қандай шаралар қабылданды, оған жылына қанша қаражат бөлінеді?", – деді Ішкі істер министріне сұрақ жолдаған мәжілісмен.

Сондай-ақ ол Асхат Аймағамбетовтан ауылды жерлердегі далада орналасқан мектеп дәретханаларын ғимаратқа енгізу бойынша қандай шаралар қабылдағанын сұрады.

"Білім беру ұйымдарында мектеп инспекторлары жеткілікті ме? Оларға жеке кабинет бөлініп бейнебақылау камераларымен толық жабдықталды ма? Білім беру ұйымдарында психологиялық қызметтің жұмысы қандай деңгейде?" - деген депутат қос министрден жауапты уақытында беруді талап етті.

Аян Бекенұлы
 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу