Бақытты билет иелері 7 млрд теңгені бөліседі

19691

Олимпиаданың қола жүлдегері лоторея ойнады.

Бақытты билет иелері 7 млрд теңгені бөліседі

"Сәтті Жұлдыз" АҚ Қазақстанның бірыңғай лотерея операторы 2018 жылдың 16 наурызынан "Loto 6/49", "KENO" және "777" тираждық лотерея билеттерін сатылымға шығарды. Осыған орай ұйымдастырылған баспасөз мәслихатында акционерлік қоғамның президенті Александр Тенмен бірге Ұлыбританиядан келген шетел азаматы және Бейжің Олимпиадасының қола жүлдегері тілшілермен тілдесті.

Мұхит асып келген шетелдік пен Олимпиада жүлдегерінің аты-жөні кім, өзге елдің азаматы Қазақстанға не үшін тізгін ірікті, Олимпиада жүлдегерінің лотерея бизнесіне қандай қатысы бар деген сауалдарға сәл кейінірек жауап береміз. Әзірше Александр Теннің мәлімдемесіне жүгінейік. 

"Сәтті Жұлдыз" АҚ президенті өз сөзін осыдан 2 жыл бұрын 9 сәуірде "Лотереялар және лотерея қызметі туралы" заң  қолданысқа енгізіліп, лездік және тираждық лотерея өткізудің құқықтық негізі бекітілгенінен бастады.

"Құжат бойынша 2016 жылдың 1 қарашасынан лотерея операторы болып табылмайтын өзге тұлғаның лотерея қызметін жүзеге асыруына тыйым салынды. Ал 2017 жылғы 10 ақпанда үкімет "Сәтті Жұлдыз" АҚ-ны Қазақстан Республикасындағы бірыңғай лотерея операторы деп танып, оған ел аумағында лотерея ұйымдастыру мен өткізу міндетін жүктеді. Бірыңғай лотерея операторы өткен жылдың 24 қазанында Алматы қаласында бірінші рет лотерея ұйымдастырды және бір айдан соң Қазақстандағы лотерея бизнесінің тарихында алғаш рет ресми есеп берді", – деді ол.

Александр Теннің сөзінше, бірыңғай лотерея операторы пайда болғанға дейін ел аумағында лотерея ұйымдастыру және өткізумен 70 компания айналысқан. Жаңа заң барлығының қызметіне шектеу қойған. Осылайша Қазақстанда алдағы 15 жылда "Сәтті Жұлдыз" АҚ-ға ғана лотерея ұйымдастыру және өткізу ісімен айналысу құқығы берілген.

"2017 жылдың қыркүйегі мен наурызы аралығында қанатқақты жоба жүзеге асырылып, 350 млн теңгенің  900 мыңнан астам лездік лотерея билеті сатылды. Ұтыс сомасын құраған 200 млн теңге бақытты билет иелеріне үлестірілді. Сатылымнан түскен табыстың 20 млн теңгесі Қазақстан спортын дамыту қорына аударылды. Ал республика бюджетіне бағытталған салық және өзге де міндетті аударымдар сомасы 725 млн теңгені құрады", – деді Александр Тен.

Айта кетейік, "Лотерея және лотерея қызметі туралы" заңға сәйкес, бірыңғай лотерея операторы бюджетке лотерея билеттерінен жиналған қаражаттың 10%-ын міндетті аударым ретінде жөнелтуі тиіс. "Сәтті Жұлдыз" АҚ біржақты тәртіпте және ерікті түрде аударым сомасын 10%-дан 15%-ға ұлғайтып төлеп отыр. 

Барлығын Дата-орталық бақылайды
"Сәтті Жұлдыз" АҚ президентінің сөзінше, лотерея ақпаратының айқындылығына лотереялық есеп құру орталығы жауап береді. Барлық транзакция автоматтандырылған жүйеде жұмыс істейді.

"Лотерея ақпаратын өңдеу және сақтау орталығы "Қазақтелеком" АҚ-ның деректерді өңдеу орталығында орналастырылған. Орталық мәдениет және спорт, қаржы министрліктеріне, мемлекеттік кіріс комитетіне елдің барлық аумағындағы әр лотерея билетінің сатылуы, ақшаның түсуі, ұтыстарды үлестіру сонымен қатар салық пен бюджетке бағытталған өзге де міндетті төлемдер жайлы ақпарат ұсынып отырады", – деді Александр Тен.

Төлеген емес, көрсеткен алады
"Сәтті Жұлдыз" АҚ президентінің мәлімдеуінше, сатып алынған билет ұтыс құжаты болып табылады. Сондықтан оны жоғалпау керек.

"Ұтыс соммасы көрсетілген билетті жоғалтып алсаңыз, ұтқан сомаңыздан  қағыласыз. Себебі лотореяның ұтыс билетті сатып алған адамға емес, оны көрсеткен адамға беріледі. Ұтып алған соманы 6 ай ішінде алуға болады", – деді ол.

Жарты млрд теңге төлейді
Әлем бойынша лотерея агенттеріне сатылған барлық билеттің 6%-ы жалақы ретінде төленеді екен. Осы турасында Александр Тен: "Біз бұл пайызды өзіміз ойлап тапқан жоқпыз. Бұл тәжірибеде, қолданыста бар дүние. Қазір Англияда лотерея агенттеріне сатылған барлық билеттің 2%-ы ғана беріледі. Әу баста олар да 6%-дан бастаған. Бірден айтайық, біз лотерея агенттеріне қолдан келгенше жағдай жасаймыз. Мақсатқа жету үшін бонус жүйесін қарастырамыз.  Алдын ала құрылған жоспар бойынша, лотерея агенттеріне 2018 жылы жарты млрд теңге төлейміз деп отырмыз", – деді.

12 млрд теңге айналады
Александр Теннің айтуынша, биыл лотерея нарығының айналымы 12 млрд теңгеге жетеді. Осының 7 млрд теңгесі жеңімпаздардың ұтысын төлеуге жұмсалады.

"Қазақстанның бірыңғай лотерея операторы биыл ел бюджетіне 2,5 млрд теңге салық төлеуді, соның ішінде 500 млн  теңгені спорттың дамуына бағыттауды көздеп отыр. Болжам бойынша биыл лотерея нарығының айналымы 12 млрд теңгені құрайды. Оның 7 млрд теңгесі бақытты билет иелеріне беріледі", – деді "Сәтті Жұлдыз" АҚ президенті.

Сөз арасында ол заңға сәйкес, ең төменгі жалақы мөлшерінің 50 айлық есептік көрсеткішінен асатын лотерея ұтысынан мемлекет есебіне 10% салық ұсталатынын айтты.

"Loto 6/49" - дан - 20 млн, "KENO" мен "777" -ден -  10 млн
Александр Теннің мәлімдеуінше, бір аптада бір рет "31 арнаның тікелей эфирде ойнатылатын "Loto 6/49" лотореясының супер-жүлдесінен  20 млн, ал "KENO" мен "777" күнделікті ойынының бас жүлдесінен 10 млн теңге ұтып алуға болады.

"Алғашқы лоторея билетінде жеңіске жету үшін 49 санның арасынан 6 санды табу қажет. Бақытты сандар қатары анықталғанға дейін жүлде қоры өсе береді. Оның шекті мөлшері 20 млн теңге. Ал екінші лоторея билеттері бойынша 20 шардың арасынан 10 санды дәл тапсаңыз жұлдызыңыз жанып, 10 млн теңгенің иесі болып шыға келесіз", – деді акционерлік қоғамның президенті.

Жұмбақ жан
Әңгіменің әлқиссасындағы Ұлыбританиядан келген азаматтың есімі Майкл Конфорти. Ол әлем бойынша ұлттық лотереяларды құру мен дамытудың көшбасшысы саналатын Scientific Games International Inc корпорациясының  басшысы. Осы корпорация Қазақстанның бірыңғай лотерея операторына әлемдік стандартқа сай қызмет етуге қолдау көрсетіп отыр.

"Біз әлемдік лоторея нарығында 40 жылдан астам уақыт қызмет етіп келеміз. Дүниежүзінің 6 құрлығында, 50 мемлекетінде, 150 лоторея серіктесімен әріптестік орнатқанбыз. Атап өтейін, Қазақстанның лотерея саласы лоторея нарығының әлемдік деңгейіне батыл қадам жасап отыр. SGI корпорациясы осы жобаның қатысушысы болып табылады. Біз Қазақстан нарығына

лотереяның алдыңғы қатарлы халықаралық стандартын енгізуді мақсат тұтамыз. Бұл үшін қажетті техникалық және әдістемелік көмек көрсету әлдеқашан басталып кетті. Осы бағыттағы жұмыс үздіксіз жалғаса береді",– деді Майкл Конфорти.

Олимпиада сәтті болғанмен...
Бейжің Олимпиадасының қола жүлдегері, тхэквондист Арман Шылмановқа Олимпиада сәтті болғанмен, лоторея сәтсіз болды. Сатылымнан түскен табыстың қомақты соммасын Қазақстан спортын дамыту қорына аударып отырған "Сәтті Жұлдыз" АҚ өкілдеріне қолдау көрсету үшін баспасөз мәслихатына арнайы келген спортшы жиналғандардың көзінше лездік лоторея ойнады. Бірақ сатып алған лоторея билеті Арман Шылмановқа ұтыс сыйлаған жоқ.

"Мен үшін лотореядан ұту, ұтпау маңызды емес. Ең маңыздысы Қазақстанның бірыңғай лотерея операторы Қазақстанның спортшыларына қолдау көрсетіп отыр", – деді Бейжің Олимпиадасының қола жүлдегері.

Қанат Махамбет

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу