"Бақытты отбасы" 95 отбасыға бақыт сыйлады

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
13171

Павлодарлық 348 отбасы мемлекеттік бағдарламаға қатысуға өтініш білдірген. 

"Бақытты отбасы" 95 отбасыға бақыт сыйлады

Биыл Қазақстан Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі баспанаға мұқтаж көпбалалы отбасыларға арнап "Бақытты отбасы" бағдарламасын іске қосқан болатын. Павлодар облысында 22-31 шілде аралығында аталған бағдарламаға өтініштер қабылданды.

"348 отбасыдан өтініш келіп түсті. Біз оны Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне жолдадық. Банк түрлі себептермен 162 өтінімнен бас тартты. 175 отбасы төлем қабілеттілігін растады. Олардың 95-і қайталама нарықтан баспана алды. 80 отбасы өздеріне қажетті баспананы іздеуде. Бұл ретте, оларға баспана іздеуге үш ай уақыт беріледі", – дейді Павлодар қалалық қаржы бөлімі тұрғын үйді бөлу секторының меңгерушісі Ақерке Еламанова.

Белгілі болғандай, баспаналы болғандардың 18-і – көпбалалы отбасылар. Толық емес отбасылардың саны – 60. 17 отбасы мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп отыр.

"Бақытты отбасы" бағдарламасы бойынша осы жылға өтінім қабылдау аяқталды. 2020 жылы өтінім қабылдауды ақпан айында бастау жоспарланып отыр", – дейді Ақерке Еламанова.

Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің ресми сайтындағы дерекке сүйенсек, 20 қарашадағы жағдай бойынша республика тұрғындарынан 47,7 млрд теңгеге 4 742 өтінім қабылданған. Өтінімдердің 1029-ы мақұлданған. Мақұлданған өтінімдердің жалпы сомасы 10,2 млрд теңгеге тең, 3461 отбасыға несие берілген. Берілген несие көлемі – 35,2 млрд теңге.

Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі "Бақытты отбасы" бойынша әр өңірге лимит белгілеген екен. Лимитке сәйкес, биыл ең көп баспана (640) Алматы облысында берілуі керек. Ал ең аз лимит Атырау қаласы мен Солтүстік Қазақстан облысының еншісіне тиіпті. Бұл ретте, Павлодар облысы бойынша "Бақытты отбасы" шеңберінде берілетін пәтер саны 280-ден асып кетпеуі керек.

Еске сала кетейік, "Бақытты отбасы" – аймақтық бағдарлама. Мемлекет жыл сайын бұл бағдарламаға 50 млрд теңге бөліп отырады. Несие жылына 2 пайыздық мөлшерлемемен 20 жылға дейінгі мерзімге беріледі. Бастапқы жарна үшін баспана құнының кем дегенде 10 %-ын салу керек.

Баспананы жаңа үйлерден және қайталама нарықтан сатып алуға болады. Тек, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Атырау және Ақтау қалаларындағы үйлердің бағасы 15 млн теңгеден асып кетпеу керек. Ал қалған өңірлер бойынша рәсімделетін үйдің бағасы 10 млн теңгеден төмен болуы шарт.

Бағдарламаның игілігін көрген отбасылардың бірі – Қарашашевтар. Олар бағдарлама аясында Павлодар қаласынан 67 шаршы метрлік үш бөлмелі баспана сатып алыпты.

"Өкінішке қарай, ұзақ жылдар бойы баспанасыз жүрдік. Саяжайда тұрған кезіміз де болды. Кейін шағын үй салдық. Алайда тығырықтан шығудың жолы бұл емес еді. Сондықтан үйді сатып, Қазақстан Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне салдық. Салған ақшамыз бастапқы жарна мен жиһаздар сатып алуға дәл жетті", – дейді Жанар Қарашашева.

Қарашашевтер отбасы "Бақытты отбасы" бағдарламасы аясында 11,5 млн теңгенің пәтерін сатып алыпты.

"1,5 млн теңгені үй иесіне бердік. Өйткені бағдарлама талабына сәйкес, Павлодар облысы бойынша сатып алынатын үйлердің бағасы 10 млн теңгеден аспауы керек. 1 млн теңгені бастапқы жарнаға жұмсадық. Қалған соманы 19 жылда төлеуіміз керек. Ай сайынғы төлем 53 мың теңгеге тең", – дейді үй иесі.

Қарашашевтер отбасы алты бала тәрбиелеп отыр. Оның екеуін асырап алған екен. Үйдің үлкені 22 жаста. Кенжесі 2 жастан енді асыпты. Отағасы құрылысшы болып жұмыс істесе, Жанар "Самал" оңалту орталығында педагог болып еңбек етеді.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу