Бала асырап алу жөніндегі агенттік қанша табыс таба алады?

3302

Ел Үкіметі қазақстандық балаларды асырап алуға беру қағидаларын өзгертуге кірісті. 

Бала асырап алу жөніндегі агенттік қанша табыс таба алады?

Елімізде қазір 109 балалар үйі қалды. Бес жылдай бұрын олардың саны 146 болатын. Қазіргі қалғандарында 5 мыңға жуық бала тәрбиеленуде, олардың саны үнемі өзгеріп тұрады. Айдын Рақымбаев бастаған бір топ бизнесмен, балалар омбудсмені институтымен бірлесіп, "жетімханаларды" жаппай жабу және олар орнына "фостерлік отбасылар", яғни кәсіби дайындықтан өткен асыраушы отбасылар құру идеясын іске асыруда. 

Бұған 2020 жылы күшіне енген "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне қылмыстық, қылмыстық-процестік заңнаманы жетілдіру және жеке адам құқықтарының қорғалуын күшейту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңы мүмкіндік береді.

Заң Бала асырап алу жөніндегі ұлттық агенттік құрылуына жол ашты.

Үкімет жетімдерді отбасыларға орналастыруды ғана емес, олардан бас тартуды да жеңілдеткелі отыр. Мысалға, "Қазақстандық балаларды асырап алуға беру қағидаларына сәйкес, балалы болудың осы баламалы жолына жүгінген отбасылар жетімханаға келіп, өзіне ұнаған тәрбиеленушіні таңдағаннан кейін онымен жақын танысуға, әдеттерін, талғамын, мінезі ерекшеліктерін тануға тиіс. Бұл үшін тілдесуі, бірге серуендеуі, ойындар ойнауы керек.

Егер осыдан кейін тосыннан оны ұнатпай қалса, ерлі-зайыптылар жергілікті білім басқармасына жүгініп, "Баламен қарым-қатынас жасау нәтижелері бойынша өтініш" жазуға міндетті. Онда ата-ата теріс шешім қабылдауының нақты себептерін көрсетуге тиісті.

Білім және ғылым министрлігі бұл қағиданы өзгертетінін жариялады. Енді бас тарту үшін ғаламтордағы жетімдердің республикалық дерекқорына кіріп, тиісті нүктені басса жеткілікті болмақ.

"Бала асырап алуға үміткерлер республикалық деректер банкінде баланы таңдап алып, баламен жеке танысады. Баламен танысу қорытындысы бойынша үміткерлер республикалық деректер банкінде бетбелгіні (закладка) басу арқылы баламен одан әрі қарым-қатынас жасаудан бас тартатынын немесе келісім беретінін растайды және электронды цифрлық қолтаңбасымен қол қояды", – делінген жаңа қағида жобасында.

Жаңа қағиданың тағы бір жаңашылдығы сол, бұдан былай "психологиялық даярлықтан өтпеген Қазақстан азаматтарына" да бала асырап алуға тыйым салынады. Психологиялық даярлықпен Бала асырап алу жөніндегі ұлттық агенттік (БАҰА) айналыспақ. 

"Бүгінде Қазақстанда бала асырап алуға жәрдем көрсетумен шамамен 20 шетелдік агенттік айналысады. Олардың қызметі заңмен реттеледі. Алайда ұлттық заңнамада дәл осындай қазақстандық агенттіктердің жұмыс істеуі қарастырылмаған-тын. Шетелдік агенттіктер негізінен, балаларды басқа мемлекеттерге тәрбиелеуге беруге бағдарланған. Ал меморганда аккредиттеуден өтетін жаңа БАҰА негізінен, біздің азаматтарымызға көңілі қалаған баланы тауып берумен айналысады", – дейді бас прокурордың орынбасары Марат Ахметжанов.

Бұл ретте сарапшылар арасында "заң жобасы арқылы мемлекеттің осы саладағы өкілеттіктері жеке қолындағы ұлттық агенттікке беріледі" деген дау шыққан. Бас прокуратура мұны жоққа шығарады.   

"Ешқандай мемлекеттік өкілеттіктер агенттіктерге берілмейді. БҒМ құрылымында уәкілетті орган бар. Баланы асырауға беру туралы ақырғы шешімді агенттік емес, сот шешімі бойынша әр өңірдегі қорғаншылық және қамқоршылық бөлімі қабылдайды. Ұлттық агенттіктер кеңес және психологиялық көмек көрсетеді, болашақ үміткерлерді даярлайды, жетім баламен психологиялық үйлесімділігін тексереді", – деді Марат Ахметжанов.

Ол агенттік құру бизнесмендердің бастамасы екенін, яғни оны ашуға және ұстап тұруға "мемлекет бір тиын шығындамайтынына" сендірді.

Жалпы, республикалық деректер банкінің құрылуы бала таңдау ісін жеңілдетті және жемқорлыққа біршама тосқауыл қойды.

"Алматыдағы балалар үйінен (БҮ) бала асырап алдым. Бірақ барлық қажетті құжаттарды жинап, жауапты органның жолдамасын алғаннан кейін бірден жетімханаға емес, жергілікті қамқоршылық бөліміне барған дұрыс екен. Балалар туралы барлық деректер сонда. Барлығын тегіс қаралағым келмейді, бірақ біз барған БҮ бас дәрігері әсіресе, дені-қары сау балалар туралы деректі бермей қойды. Оларды бірінші кезекте шетелдіктерге асырап алуға ұсынады. Содан үлкен табыс табады. Тіпті сап-сау, шауып жүрген ұл не қызды байқап қалып, қызығушылық танытсаңыз, "оған үміткерлер келіп жүр" дей салады", – дейді Таисия есімді ана.

Бірақ ол баланы 2010-шы жылдары бауырына басыпты. Ол кезде денсаулығы мықты балалардың өзін дертті етіп көрсетіп, Америка мен Еуропа елдерінен келген үміткерлерге сату бизнесі өркен жайған.

Білім және ғылым министрлігінің дерегінше, кейінгі 3-4 жылда алыс шет елдерге асырауға бірде бір қазақстандық бала берілмепті. Тек көрші ресейліктерден шамалы сұраныс бар.

"Ресей азаматтарымыз. РФ органдары берген қамқоршы болуға жарайтынымыз жөнінде қорытынды және қажетті құжаттарымыз бар. Ғаламтор арқылы Қазақстандағы сүп-сүйкімді бөбекке көзіміз түсті. Минск келісімен сәйкес, Қазақстанда бала асырап ала аламыз ба, соны білгіміз келеді", – дейді Елена Сидоркина.

Aitkaliyeva&PartnersLawyers адвокаттық конторасының басшысы Хамида Айтқалиева Минск келісімі шынында, ТМД бірқатар елдері арасында жекелеген мәселелер бойынша азаматтардың теңдігін бекітетінін айтады. Сол себепті Ресей азаматтары да, қазақстандықтар секілді біздің жергілікті уәкілетті органнан бала асырап алуға рұқсат алуы қажет. РФ рұқсаты тек сол ел аумағына ғана таралады.

"Бірақ қолында өз елінің рұқсаты болса, бұл Қазақстан органының шешіміне де оң ықпал етері сөзсіз. Енді үміткерлер еліміздегі арнайы аккредиттелген бала асырау агенттіктері арқылы уәкілетті органға жүгінуі керек. Өтініш, табысы, психикалық денсаулығы, отбасылық жағдайы, алкогольге не есірткіге тәуелділігінің жоқтығы туралы анықтамалар секілді құжаттарын ұсынуы қажет. Кейін үміткер асырап алған баланы СІМ-де тіркеуі шарт. Әрі оның Қазақстан азаматтығын 18-ге дейін сақтайтыны туралы міндеттеме алады", – дейді заңгер.

Тәуелсіздік алғалы бері шамамен 9 мың қазақстандық баланы шетелдіктер асырап алған. Бұл науқан 1999–2012 жылдары шырқау шегіне жетті. Осы уақытта 8 мыңнан астам тастанды бала жатжұртта жаңа отбасы тапты. Кейін құлдырады: 2013 жылдан 2016 жылға дейін 125 жетім өзге елге кетті. 2017 жылы бұл көрсеткіш 10 баланы құрады. Одан кейін шетелдіктердің әкетуіне шектеу де енгізілген. Бүгінде 6 елдің – Испания, Италия, Франция, Канада, Бельгия, Ұлыбританияның азаматтарына ғана баланы қамқоршылыққа алуға рұқсат етілген. Есепті уақытылы тапсырмайтындықтан, 2012 жылдан бері АҚШ азаматтары бұл мүмкіндіктен айырылды.

Шетелдіктерді бұл саладағы рәсімдердің күрделілігі, құжаттардың көптігі, жергілікті билікке жыл сайын баланың оқуы, тамақтануы, медициналық тексеруі және басқасы туралы есеп тапсырып тұру керектігі үркітеді. Бұдан бөлек, агенттіктер де үлкен сыйақы сұрайтын көрінеді. Мысалы, Қазақстаннан баланы қамқорлыққа алғысы келетін шетелдіктен 30-40 мың доллар төлеу талап етіледі екен. 

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу