Балалар арасындағы алғашқы Азия біріншілігі Астанада жалауын көтерді

Алексей Банцикин Алексей Банцикин
3282

Теннистен 12 жасқа дейінгі жеткіншектер арасындағы құрлық біріншілігі тұңғыш рет елордада ұйымдастырылып отыр.

Балалар арасындағы алғашқы Азия біріншілігі Астанада жалауын көтерді

Астанада үлкен теннистен командалық құрлық біріншілігі, яғни Азия чемпионаты алғаш рет өткізіліп отыр. Тіпті, әлемде балалар арасындағы мұндай командалық дода мүлде жоқ екен. Бұрын тек жекелей сында өткізіліп жүрген. Енді жеткіншектер арасында да әйгілі Дэвис кубогы және Федерация кубогы секілді ұжымдық бәсеке ұйымдастыру қолға алынған екен. Бұған ұйытқы болған және қаржы тапқан Қазақстан теннис федерациясының президенті Болат Өтемұратов көрінеді.

Қазақстан теннис федерациясының ресми сайты "Өздеріңіз білесіздер, біздің ұлттық федерациямыздың басшысы Болат Өтемұратов – Халықаралық теннис федерациясында (ITF) Директорлар кеңесінің мүшесі. Балалар теннисін дамыту мәселесі қолға алынғанда, Болат Жамитұлы бастамашылық етіп, ITF қолдауымен осы жобаны жүзеге асыруға, үш жылға $3 миллион бөлді" деп жазады...

Міне, осы жобаның алғашқы "қадамы" қазақ топырағынан басталып отыр.

Азияның 14 мемлекетінің ең үздік теннисші ұл-қыздары командалық сында өнер көрсетіп жатыр. Қыздар және ұлдар арасындағы додалар бөлек өткізіледі. Командалық құрлық біріншілігіне қатысатын құрамалар екі топқа бөлінеген. Сонда бәрі – төрт топ (қыздар арасында және ұлдар арасында – екі-екіден).

Бұл турнирдің ашылу салтанатына Қазақстан теннис федерациясының вице-президенті Диас Досқараев пен ITF-тің теннисті Батыс-Азия аумағында дамыту жөніндегі комитетінің мүшесі Амир Боргей қатысты.

Диас Досқараев Қазақстан құрамасы сапына дарынды жеткіншектер іріктеліп алынғанын, олар бір ай бойы дайындалып, жаттығу жиынын өткізгендерін тілге тиек етті. Ал Амир Боргей бұл жобаның алғаш рет қолға алынып отырғандығын, яғни көш жүре түзелетіндігін баса айтты. Таратып айтар болсақ, биылғы дода негізінде алдағы жылдары әлемдік деңгейде жетілдіре түсу ойластырып отырғандығын мәлімдеді.

Енді 12 жасқа дейінгі жеткіншектер арасындағы Қазақстан құрамасының сапымен таныс болыңыздар: ұлдар – Ерасыл Ерділдә (Қызылорда), Шыңғыс Байсейіт (Шымкент), Данияр Қалдыбеков (Тараз), Максим Батютенко (Қарағанды); қыздар – Сандуғаш Кенжебаева (Астана), Жәнел Оспанова (Астана), Дана Байдәулет (Астана) Әділіс Нармағамбет (Қызылорда).

Бірінші күні ұлдарымыз Малайзия таланттарын 2:1 есебімен тізе бүктірсе, қыздарымыз Жапония құрамасынан 0:3 есебімен ұтылып қалды. Енді Катар және Шри-Ланка ұл-қыздарымен кездеседі.

Маруан Түсіп

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу