Балалар қазірден бастап IT тілін меңгере бастауы керек

21478

Білім алатын орта баланың ақпаратты қалай қабылдайтынына тікелей әсер етеді.

Балалар қазірден бастап IT тілін меңгере бастауы керек

Қазіргі таңда алдыңғы қатардағы елдердің оқу жүйесі біртіндеп өзгеріп келеді. Өйткені заман талабына сай жаңа жұмыс түрлері пайда болып жатыр. Сәйкесінше технологияға негізделген оқыту нормаға айналып, енді балалар оқу мен жазудан бұрын IT тілін, яғни кодтауды меңгере бастамақ.

CNN дерегіне сүйенсек, әлемде технология саласы бойынша білім беруді қаржыландыру кеңінен жүргізіліп келеді. 2025 жылға қарай бұл сома 341 млрд долларды құрамақ.

"Біз кішкентай балаларға болашақта кім болғың келеді және қандай салада жұмыс істегің келеді деген сұрақтар қоямыз. Әрине, олар өскенге дейін кей мамандықтар жойылып, жаңа жұмыс түрлері пайда болатыны сөзсіз", - дейді жұмыс стратегі Хизер МакГован. Макгован адамдар мен компанияларды Төртінші Өнеркәсіптік төңкеріске дайындайтын маман.

 Дүниежүізілік Экономикалық Форумда жарияланған баяндамаға сүйенсек, 2017 жылы мектеп табалдырығын аттаған балалардың 65 пайызы қазір мүлдем жоқ мамандықтардың иесі атанады және оларға берілетін білім келешекте пайдасыз болып қалуы мүмкін.

Сондықтан білім беру жүйесі қазірден бастап өзгерістерге бейімделе бастауы тиіс. МакГованның ойынша, құр ақпарат беруден гөрі, балаларға өзі үшін білім алу қабілетін игерту керек. 

"Келешектегі негізгі білім – ол сіздің білім алу қабілетіңізді дамытып, өзгерістерге тез бейімделе алуыңыз. Олай етпеген жағдайда бірнеше жылдан кейін мансабыңыздағы өсім тоқтап қалуы мүмкін",-дейді ол.

Компьютер тілі өте маңызды

Білім берудің жаңа дәуірі жаңа әдістерді талап етеді. АҚШ-та Cubetto деп аталатын ағаш роботтың көмегімен 3 жасар балаларға компьютер тілін, яғни кодтау үйретілуде.

Осы ойыншықты шығарған компанияның басшысы Филиппо Якобтың айтуынша, кодтау тілін барлық салада қолдануға болады. Бұл дағды логикалық тұрғыда ойлауға үйретеді. Осылайша компания балаларды болашақта пайда болатын жұмыстарға ақырындап әзірлеуде.

Білім алатын орта қандай болу керек?

Технологияның тек ағартуда ғана емес, білім алатын ортаны жетілдіруде көмегі зор. Өйткені баланы қоршаған  орта оның ақпаратты қалай қабылдайтынына тікелей әсер етеді.

Velux және Leapcraft деп аталатын даниялық компаниялар сабақ өтетін жерге сенсорлы құрылғы орнатуды көздеп отыр. Сенсорлы ақ қорап сыныптағы шу деңгейін, ауа температурасын және көмір қышқыл газының қандай мөлшерде екенін тіркеп отырады. Ал деректер өз кезегінде смартфондағы арнайы қосымшаға жіберіліп, оқытушы мен мекеме басшысы сыныптағы жағдайдан хабардар болып тиісті шаралар қабылдайды.

Солфорд Университеті зерттеушілерінің дерегі көрсеткендей, ауа температурасы, табиғи жарық мөлшері пен ауаның сапасы сияқты физикалық факторлар бастауыш сынып оқушыларының үлгерімін бір жыл ішінде16 пайызға арттырған.

Зерттеуді жүргізген профессор Питер Барретт былай дейді: "Қауіп мынада: егер сіз мұндай нәрселерге салғырт қарасыңыз, балалардың оқуға деген ынтасы түсіп, оқу үлгерімі төмендетеп кетуі бек мүмкін".

Табиғат Нұрболат

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу