Балалар киімін, іш киімді және бас киімдерді сатуға тыйым салынбақ

32829

Сондай-ақ, арақ, сыра, темекі және басқасына қатысты жаңа айыппұл енгізіледі. Оның көлемі биыл 1 миллион 846 мың теңгеге дейін жетеді. 

Балалар киімін, іш киімді және бас киімдерді сатуға тыйым салынбақ Фото: canva.com

Мәжілісмен Мархабат Жайымбетов бастаған бір топ депутат Еуразиялық одақтың талаптарын орындамаған қазақстандық бизнесмендерді қатаң жазалауды сұрап, Үкіметке жүгінді.

"Елімізде ірі бизнес, яғни көтерме сатушылардың көбісі тауарды таңбалау талабын сақтамайды және таңбаланбаған тауарларды сатады. Содан кедендік ресімдеудің оңайлатылған түрі бола тұра, қажетті шарттар толық орындалмайды. Таңбалау бойынша міндетті талаптар сақталмайды. Өз кезегінде уәкілетті операторлар мен ірі импорттаушылардың жұмысы салғырттық танытып тұр. Солардың "бармақ басты, көз қысты" әрекеттерінен салықтық төлемдер де дұрыс түспейді. Елімізде салық түсімдері бойынша орындау жоспарына сәйкес 2,4 триллион теңге қаражат бюджетке түспеген", – деген мәжілісмен Мархабат Жайымбетов пен оны қолдаған депутаттар Үкіметтен тауарларды таңбалау жөніндегі талаптарды сақтамағаны үшін жазаны қайта қарап, күшейтуді ұсынды.

Бұл жерде біріншіден, 2,4 триллион теңге қаражаттың бюджетке түспеуіне тауарларды таңбалаудың еш қатысы жоқ. Екіншіден, ол 2,4 емес, 1,4 триллион теңге. Жоғары аудиторлық палатаның (ЖАП) төрағасы Әлихан Смайыловтың мәліметінше, 2023 жылы 1,4 трлн теңге сомаға салықтық түсімдер бойынша жоспар орындалмады.

Атап айтқанда, негізінен мұнай өндірушілерден салық кем түскен. Ал, олардың өнімі таңбаланбайды. ЖАП дерегінше, бюджетті құрайтын 3 ірі салық бойынша болжам іске асырылмады: корпоративтік табыс салығы, ішкі өндірістегі тауарларға қосылған құн салығы және импортқа қосылған құн салығы аз түскен. Бұл "Үкіметтің бюджет жобасын жоспарлауы кезінде артық болжам жасауының салдары".

Бірақ соған қарамастан, Үкімет тауарға таңба баспаған бизнесмендерді ауыр жазалау туралы мәжілісмендердің талабын құп алды. Тиісті заң жобасы Мәжіліске енгізіп те қойыпты. Премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғарин бір топ депутаттың "тауарларды таңбалау жөніндегі талаптарды сақтамағаны үшін жауапкершілікті қайта қарап, күшейту" ұсынысы қаралғанын жеткізді.

"Қазіргі уақытта Парламент Мәжілісінде "Әкімшілік құқық бұзушылық туралы" кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасы қаралуда. Сонда таңбалауға жататын тауарларды бақылау, сәйкестендіру құралынсыз сатқаны үшін әкімшілік жауаптылықты белгілейтін 196-1-бап көзделеді. Осы бапта темекі бұйымдарын (Кодекстің 283-бабы) және дәрілік заттарды (Кодекстің 426-бабы) қоспағанда, таңбалауға жататын барлық тауар топтарына қатысты 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап әкімшілік жауапкершілік қарастырылады", – деді вице-премьер.

Оның байламынша, осы норманы қабылдау тауарларды таңбалау талаптарын сақтау деңгейін арттырып, қатаңдатуға мүмкіндік береді.

Серік Жұманғариннің нақтылауынша, тауарларды таңбаламаудан түспей қалған салық триллион емес, миллиардпен саналады. Мысалы, 5 жыл ішінде белгіленген тәртіпті бұзып, темекі бұйымдарын сатудан алынбаған кірістер 22 млрд теңге көрінеді.

"2023 жылдың қорытындысында елде 1 млрд 29,4 млн темекі өнімдері таңбаланды. Бірақ олардың тек 7,5%-ы бақылау-кассалық машиналар арқылы өткізіліп, маркасы айналымнан шығарылған. Тиісінше, Қаржы министрлігінің бағалауынша, темекі өнімдерін бөлшек саудада сатудан кәсіпкерлік субъектілерінің кірістерінен алынбаған салықтар түріндегі бюджет шығыны 22 млрд теңгені құрады", – деді Жұманғарин.

Жаңа жазаның егжей-тегжейін Қаржы министрлігі мәлім етті. Бұл жерде әңгіме Мәжіліс қарауына алған "Әкімшілік құқық бұзушылық туралы" ҚР Кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңының жобасы туралы. Ол бірнеше құрам бойынша әкімшілік жауаптылықты енгізеді. Нақтылағанда, "акцизделетін өнімдерді таңбалау және қадағалау қағидаларын бұзғаны, соның ішінде:

  • "Тауарларды таңбалау мен қадағалаудың ақпараттық жүйесінде" қабылдау-беру актілерін ресімдемей тауарларды табыстағаны;
  • аталған ақпараттық жүйеде тауарларды қабылдау-беру актілерін растаусыз тауарларды қабылдап алғаны;
  • тауарларды ақпараттық жүйеде белгіленген тәртіппен айналымнан шығармай сатып жібергені үшін шағын кәсіпкерге – 100 АЕК (2024 жылы 369 200 теңге), орта кәсіпкерлік нысандарына 200 АЕК (738 400 теңге), ірі кәсіпкерлік субъектілеріне 500 айлық есептік көрсеткіш (1 846 000 теңге) айыппұл салынады.

Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті департаментінің Акциздерді әкімшілендіру басқармасының бас сарапшысы Нұрдәулет Орынтайдың түсіндіруінше, мысалы, "Темекi өнiмдерiнiң өндiрiлуi мен айналымын мемлекеттiк реттеу туралы" заңының 11-бабының 1-тармағына сәйкес, сәйкестендіру құралдарымен таңбалау және қадағалау қағидалары бұзылған темекі өнімдерінің айналымына және тасымалына тыйым салынады.

Сондай-ақ "Сауда қызметін реттеу туралы" заңының 31-бабының 1-тармағының 2-1) тармақшасына сәйкес, ішкі сауда субъектілері Қазақстанның халықаралық шарттарына, заңнамасына сәйкес таңбалау туралы шешім қабылданған тауарларды таңбаланған күйде сатуға міндетті.

Осылайша, бизнесмендер қаласын-қаламасын, одақ таңған бастама – таңбалау және қадағалау қағидаларын, оның ішінде тауарларды қабылдау-беру актілерін ресімдеу талабын сақтау енді Қазақстанның заңнамасында бекітілген міндетті талапқа айналды.

"Алайда, аталған талаптар лайықты дәрежеде орындалмайды немесе тиісті әкімшілік жазаның болмауына байланысты еленбейді. Мұны тауарларды таңбалау мен қадағалаудың ақпараттық жүйесінен 2023 жылы алынған мәліметтер куәландырады: былтыр ішкі нарықта өткізілген 1,02 миллиард бірлік таңбаланған темекі өнімдерінің тек 7,5%-ы бақылау-кассалық машиналар арқылы сатылды. Темекі өнімдерін бөлшек саудада сатудан алынбаған табыс 22 миллиард теңге деп бағаланды. Осыған байланысты, қолданыстағы заңнама талаптарын орындату, елдің экономикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету және нарыққа адал қатысушылардың, өндірушілер мен импорттаушылардың, сондай-ақ тұтынушылардың құқықтары мен мүдделерін қорғау үшін осы әкімшілік жауаптылықты енгізу негізді деп санаймыз", – деді Қаржы министрлігінің сарапшылары.

Жалпы, бұл онсыз да ауыр салықтардың зілбатпан салмағынан еңсесі езілген кәсіпкерлердің "тыныш саботажына" ұқсайды. Өйткені сарапшылардың сендіруінше, олар темекі, ішік-тон, тері бұйымдары, дәрі-дәрмек, аяқкиім және басқа да толып жатқан тауарларды міндетті түрде таңбалауға тиістігін, ары қарай оны арнайы ақпараттық желіде өндірушіден алғаннан бастап түпкі тұтынушыға сатқанға дейінгі жолын тіркеп, ресімдеп, ақырында ол тізбекті бақылау-кассалық аппараты арқылы "жабуы" керектігін білмейді емес, біледі.

Олар білуі үшін "ауқымды ақпараттық-түсіндіру жұмысы жүргізілді": 2020 жылы цифрлық таңбалау туралы БАҚ-та 51, әлеуметтік желілерде 918 жарияланым жарияланған. 2021 жылы қарқын күрт артып, БАҚ-та 3 000-нан астам жарияланым, әлеуметтік желілерде 9 000-нан астам пост басылыпты. 2022 жылы БАҚ-та 4 000-нан астам жарияланым, әлеужелілерде 16 000-нан астам пост жазылған.

Сондай-ақ цифрлық таңбалау туралы материалдар markirovka.kz ресми арнасында, Facebook, Instagram, YouTube, Телеграм-арна әлеуметтік желілерінде жарияланады. 15 000-нан астам нөмірге робот және Нарық қатысушыларын техникалық қолдау операторлары қоңырау шалып, SMS хабарламалар жіберді.

Темекі өнімдерін цифрлық таңбалау тақырыбында 2021 жылы 50-ден, 2022 жылы 60-тан астам, 2023 жылы 40-тан астам вебинар өткізілген.  

Шенеуніктер: "жұмсақ айтқанда түсінбесең, қатты жазаны түсінерсің" дегенге келтіріп отырғандай.

Негізі, тауарларды таңбалау және қадағалау саласындағы бұзушылықтар үшін әкімшілік жаза Еуразиялық одақта тауарларды сәйкестендіру құралдарымен таңбалау туралы 2018 жылғы 2 ақпандағы келісімге қатысушылар болып табылатын ЕАЭО-ға мүше барлық мемлекетте енгізілді. Бұл келісімді Қазақстан 2019 жылы ратификациялады. Алайда репрессивтілік тұрғысынан Қазақстан өзге елдерден асып түспек.

Қаржы министрлігінің мәліметінше, теңгеге шаққанда тауарды таңбаламай сатқаны үшін жаза Ресейде заңды тұлғалар үшін 246 000 теңгеден 1 476 000 теңгеге дейін барады, Беларусьте – тауар құнының 50 пайызы мөлшерінде, Қырғызстанда – 141 680 теңге көлемінде ғана. Қазақстанда болса, 500 АЕК-ке (биыл 1 846 000 теңге) тең. АЕК көлемі жыл сайын өседі, салдарынан айыппұл да тұрақты өсіп тұрады.

Ресми дерек бойынша Қазақстанда қазіргі кезде аяқ киім, темекі өнімдері, алкоголь өнімдері, дәрілік заттар, жеңіл өнеркәсіп тауарлары, тері бұйымдары, сүт өнімдері таңбаланады.

Сонымен қатар, өткен аптада Еуразиялық одақ таңбалануға тиіс тауарлар тізімін күрт арттырды.

"Еуразиялық экономикалық комиссия кеңесі сәйкестендіру құралдарымен таңбалануға тиіс жеңіл өнеркәсіп тауарларының тізімін кеңейту туралы Ресейдің ұсынысын қарап, құптады. Комиссия ЕАЭО-ның қолданыстағы нормативтік құқықтық актілеріне тиісті өзгерістер енгізуге шешім қабылдады. Оған сәйкес, барлық балалар киімі, суға түсу костюмдері, галстуктер, балалар мен әйелдердің іш киімі, бас киімдер де таңбалауға жатады", – делінген ЕурАзЭК кеңесі ақпаратында.

Құжатта "таңбаланбаған өнімдерді сатуға тыйым" 2025 жылғы 1 наурыздан бастап күшіне енетіні айтылған. Яғни, егер балалар киімінде, балалар мен әйелдердің іш киімінде, бас киімдерде және басқасында тиісті таңба-маркировкасы – бірегей Data Matrix кодының жапсырмасы болмаса, оларды сатуға тыйым салынады.

Өз кезегінде бизнесмендер міндетті таңбалау талабы тауарлардың күрт қымбаттауына соқтырғанын айтып, дабыл қағуда. Өйткені әрбір өнімге әлгі коды бар таңбаны басу, оның қозғалысын қадағалап, тиісті ақпараттық жүйдеде тоқтаусыз тіркеп отыру және басқа жұмыстар шығынды талап етеді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу