Қармақшылық оқушылар демалыс кезінде, Ұлттық бірыңғай тестілеуге және пәндік олимпиадаларға дайындалу үшін өзге аудан немесе облыс орталығына жіберілетін. Үш жылдан бері жүргізілген лагерь құрылысы ақыры аяқсыз қалды.
"Балалар тынығу лагерінің құрылыс жұмыстары былтыр басталды. Құны 1 млрд 292 миллион теңгені құрайтын 150 орындық лагерь алдағы күзге дейін пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр. Енді өрендер қысы-жазы жұмыс істейтін көп функциялы типтік жобада салынып жатқан кешенде тынығып, білімін жетілдіретін болады"... Бұл мәлімдемені 2018 жылдың қаңтарында сол кездегі Қармақшы ауданының әкімі Сұлтан Мақашов айтқаны еді. Құны миллиардтан асатын, жыл бойы жұмыс істейтін, балалар тынығып әрі білімін жетілдіреді деген лагерді биыл еске алдық. Өйткені бұл сақалды құрылыстардың соңы емес.
Күре жолдың бойынан орын тепкен нысанның құрылыс алаңында бүгінде қыбыр еткен жан жоқ. Кезінде демалыс кешенінің 4 корпусының іргесі қаланып, қабырғасы тұрғызылды. Сонымен жұмыс тоқтады. Екі жыл "жарнамасы" жүрген лагерь иең далада иесіз қалып қаңғыған мал-құстың құжырасына айналды.
Жазғы тынығу лагері 2018 жылдың күзінде пайдалануға берілуі тиіс болатын. Бірақ мемлекеттен қыруар қаржы бөлінген әдеуметтік нысанның құрылысы былтырдан бастап аяқсыз қалды. Биыл үшінші жылға аяқ басқан құрылыстың ғимараттары жел мен жаңбырдан мүжіліп жатыр.
Мәселені аудан әкімдігі назарда ұстағанымен қаржыны облыс шешеді, дейді жергілікті атқа мінерлер. 2017 жылдан бері құрылыс матералдарының да бағасы шарықтап кеткен. Соған сәйкес жоба құны қайта қаралғанымен жұмыстың жуық арада басталуы да белгісіз.
"Биылғы жылы оңтайландыру жұмыстары жүргізіліп, сараптамадан өтті. Қазіргі таңда қаржыландыру мақсатында облысқа ұсынылып отыр. Қаржыландыру көзіне қарай құрылыс жұмыстары нақтыланады", - дейді Қармақшы ауданы әкімінің орынбасары Жарқын Омаров.
Мұңдағы халықта жаз болса балаларын қайда жіберерін білмей бас қатырады. Ал сыртқа жіберуге көп ата-ананың қалтасы көтере бермейді. Сондықтан демалыста ауыл баласы үй ауласынан әрі аспайды.
"Ауданымызда лагерь жоқ. Балдар ойнайтын алаңы қораның айналасы. Балалар каникулга шықты, ата-аналардың тілегі осылардың көңілің аулау. Ойнайтын алаңдары болса ғой", – дейді аудан тұрғыны Зоя Орынбаева.
Бұл тек ата-аналардың ғана емес, барша балғындардың да арманы.
"Мектептің лагері дым қызық емес, тек қана іште отырамыз. Түк ойнамаймыз. Тек қана жүгіріп, тамақ ішеміз. Біздің ауылда лагерь болса деймін", – дейді оқушы Расул Бектауов.
150 орындық лагердің құрылысына осы кезге дейін қазынадан 400 миллион теңге жұмсалған екен. Бірақ құрылысты жалғастыруға биыл да ақша жоқ. Мәселе шешімін таппаса қазынаның қыруар қаржысы жел мен жаңбырдың жеміне айналмақ.
Біздің Telegram каналымызға жазылыңыздар!
Нұрбек Дәуренбеков