Балалар тегін жүрмейді

18060

"Kazakh Tourism" ұлттық компаниясы кезекті жобаны жарға жықты. 

Балалар тегін жүрмейді

Елде туризмді дамытуға жауапты тұлғалар өткен жылғы мамыр-тамыз аралығында қазақстандық Kids go free ("балалар тегін жүреді") жобасын үлкен салтанатпен таныстырды. Әлемдік тәжірибе бойынша мұндай бағдарлама аясында ата-анасына еріп жүрген екі бала тегін ұша алады. Тамыздағы таныстыру кезінде "Kazakh Tourism" ҰК" АҚ басқарма төрағасының кеңесшісі Еркебұлан Хасенов осы жобаның отандық нұсқасының егжей-тегжейін майын тамыза айтып берді.

Оған сенсек, Kids go free жыл сайын бюджеттен 7,6 млрд теңгеге субсидиялануға тиіс. Ұлттық компанияның есеп-қисабына сәйкес, оның қайтарымы ретінде елге 35 млрд теңге түседі. Қайдан? "Отбасылық туризмнің дамуынан".

"Мемлекеттік бағдарламада қажетті сомасы қарастырып та қойылды. Біз есептедік, 100 мың қазақстандық отбасының осы жоба аясындағы сапарын субсидиялау үшін шамамен 7,6 млрд теңге керек. Бұл ретте Қазақстан экономикасына шамамен 35 млрд теңге түседі. Өйткені қазақстандық отбасылар шетелге саяхаттауға кетіп қалмайды және ақшаларын Анталия мен Мысыр курорттарында жұмсап жібермейді. Яғни, тиімділігі айқын көрініп тұр. Бір теңге субсидия Қазақстан экономикасына 5 теңге табыс құяды", – деді "Kazakh Tourism" басқарма төрағасының кеңесшісі.

"Kids go free" бағдарламасының әкімшісі ретінде Мәдениет және спорт министрлігі бекітілді. Бес жылға – 2025 жылға дейін созылатын бұл бағдарламаның 2020 жылы іске қосылатыны да айтылды.

Жалпы, осыны қарастыратын Туризмді дамыту бағдарламасын жүзеге асыру үшін министрлік 2017 жылы "Kazakh Tourism" және оның өңірлік бөлімшелерін құрып шыққан болатын. Содан бері ұлттық компанияның басшылығы жоғары жалақы мен бонус, сыйақылар алып келеді. Бірақ туризм өркендемек түгіл, тек тоқырауда. Мысалы, компания Алакөл және Балқаш өзендері жағалауларында, Щучинск-Бурабай және Имантау-Шалқар шипажай аймақтарында, Ақтаудағы Каспий маңында, Түркістанның тарихи мекенінде, сондай-ақ Алматының тау кластері мен Нұр-Сұлтанның заманауи орталығында туристік дестинациялар дегенді басымдықты түрде ілгерілетуге тиіс еді.

Биылғы пандемия ішкі туризмді өрге бастыру үшін таптырмайтын кезең себебі, шекаралар жабық. Әрі шектеулерден шаршаған, коронавирус салдарларынан сауығуға ұмтылған қазақстандықтардың Бурабайдағы жағажайларды шүпірлей толтырғаны бейнеленген видеороликтер әлеуметтік желіні кернеп тұр.

Қынжылтатыны сол, Kazakh Tourism ішкі туризмді лайықты жолға қоя алмады. Бурабай мен Алакөлдегі көптеген туристік нысандар санитарлық-індетке қарсы шараларды қатаң сақтай отырып, келушілерді қабылдауға дайын болмай шықты. Нәтижесінде, жағажайларымызды жабайы туризм жайлауда. Одан шошынған қазақстандықтар авиабағыттар ашыла салысымен, жаппай Түркияға және ресейлік Қырым мен Сочиге баруға әзірленіп жатыр.

Сонымен Kids go free жайы не болды?

"Спорт және мәдениет министрлігінің Туризм индустриясы комитетінің төрағасы Дастан Рысбеков 14 жасқа дейінгі және 14 жасқа толған балалар ұшақпен тегін қатынай алады деген. Бұл ретте ата-аналардың біреуі тек 2 баланы ғана тегін алып жүре алады. Шетелдіктердің балаларына мұндай жеңілдік ұсынылмайтыны айтылды. Яғни, тек қазақстандықтарға ғана қатысты. Халық сол бойы күтумен жүр. Бұл шешім қай уақыттан бастап күшіне енеді? Біздегі авиакомпаниялар балаларға жол жүру билеттері бұрынғыдай ақылы екенін жеткізді", – дейді көп балалы ана Ботакөз Нұрабаева.

Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова уәде етілгеніне қарамастан, өз елімізде саяхаттағысы келетін қазақстандықтар биыл осы игіліктен үміттенбеуіне болатынын мәлімдеді.

"Шынында, 2019 жылғы 31 мамырда қабылданған Қазақстанның туристік саласын дамытудың 2019–2025 жылдарға арналған мембағдарламасында "Kids go Free" қағидаты бойынша балалардың тегін авиаұшуын субсидиялау көзделді. Алайда қазіргі кезде Туризм индустриясы комитетінде субсидиялау тетігін және тиісті қағидаларды бекіту құзыреті жоқ. Комитетке сол құзыреттерді беру 2019 жылғы шілдеде Парламентке енгізілген "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне туристік қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңы жобасында қарастырылған. Заңды биылғы жылдың соңына дейін қабылдау көзделіп отыр", – деді министр.

Ол ведомство аталған идеядан бас тартпайтынын хабарлады: жобаны жүзеге асыру бойынша жұмыстар заң жобасын қабылдатумен қатар жүріп жатқан көрінеді.

"Бүгінде комитет "Kazakh Tourism" ұлттық компаниясымен бірлесіп, балалар үшін тегін авиаұшуды субсидиялау ережесінің жобасын әзірледі, оны іске асырудың оңтайлы схемасын анықтады. Сондай-ақ, оны қаржыландыруға деген қажеттілікті есептеу әдістемесін әзірледі. Құжат республикалық бюджет комиссиясының (РБК) қарауына енгізілді. РБК-ның оң шешімінен кейін, сондай-ақ әлгі заң жобасы қабылданған соң "Kids Go Free" қағидатын келесі 2021 жылдан бастап іске қосу жоспарлануда", – деді Ақтоты Райымқұлова.

Осылайша, туризмге жауапты шенділер қапы қалып, ең тиімді кезеңді жіберіп алғанға ұқсайды. Биылғы 1 шілдеден бастап, Түркия, Испания, Ресей және басқа да қазақстандықтар үшін тартымды бағыттарда саяхатшыларды қатаң обсервациялау және қонақүйлерді сынау мерзімі аяқталып, ресми түрде кең ауқымды туристік маусым ашылмақ.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу