Балалардың ағзасы сатылып, мектептерде есірткі таратылған жоқ

Еркеғали Бейсенов Еркеғали Бейсенов
2933

Ішкі істер министрлігінің ресми өкілі осындай мәлімдеме жасады. 

Балалардың ағзасы сатылып, мектептерде есірткі таратылған жоқ

Жалған ақпарат таратып, халықты дүрліктірген адамдар әкімшілік жазаға ғана тартылмайды, 5 жыл бас бостандығынан айырылады. ІІМ ресми өкілі Алмас Садубаев осындай мәлімдеме жасады. 

Оның сөзінше, жыл басынан бері ел аумағында 46 жалған ақпарат тараған.

"Осыған қатысты құқық бұзудың ауырлығына қарай айыппұл салудан бастап, 5 жылға бас бостандығынан айыруға дейін жаза көзделген", – деді ол.

Алмас Садубаевтың сөзінше, азаматтар әлеуметтік желілердегі түрлі топтар арқылы бір-біріне тексерілмеген, негізсіз ақпарат жолдайды. Салдарынан қоғамда алаңдаушылық туып, үрей орнайды. Мұны әлдекімдер қасақана ұйымдастырады.

"Бұдан бұрын Қазақстанда балалар ұрланып жатқаны, олардың ағзалары шетелге сатылатыны туралы жалған ақпарат таратылды. Онда мүрдесі табылған екі баланың бүйрегі болмағаны айтылып, суреті салынды. Шындығында бұл ақпарат 2013 жылы өзбекстандық  БАҚ-та таралған болатын", – деді Алмас Садубаев.

Ресми өкілдің мәлімдеуінше, білім беру қызметкерлерінің атынан мектептерде есірткі таратылып жатқаны туралы ақпарат та ата-аналардың мазасын қашырған.

"Бұл да жалған ақпарат. Ол өткен жылдары әлемнің көптеген елдерінде бірнеше тілде тараған", – деді Алмас Садубаев.

Сөз арасында ол көпшілікті әлеуметтік желі арқылы келген күмәнді ақпаратқа сенбеуге және оны таратпауға шақырды.

"Жалған ақпарат қылмыстық жазалануға алып келеді", – деді ресми өкіл.

Ресми өкіл "Цеснабанк" АҚ-ның қаржылық жағдайы нашарлағаны туралы ақпарат та жалған болып шыққанын тілге тиек етті.

"Осы ақпаратқа қатысты "Цеснабанк" ішкі істер министрлігінің тергеу департаментіне жүгінді. Сәйкесінше ҚР қылмыстық кодексінің 274 бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілді.  Тергеу барысында "Цеснабанкке" қатысты жалған ақпарат таратқан Алматы, Шымкент қалаларының және Алматы облысының 3 тұрғыны анықталды. Олар ақпараттың анық-қанығына көз жеткізбей, WhatsApp арқылы түрлі топтарға хабарлама жіберген", – деді Алмас Садубаев.

Еркеғали Бейсенов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу