Балалардың неге балағат сөздерге үйір бола бастағаны анықталды

536

Әлеуметтік желілерді ерте жастан қолдану мен оқу үлгерімі арасындағы байланыс белгілі болды.

Балалардың неге балағат сөздерге үйір бола бастағаны анықталды Фото: Жасанды интеллект көмегімен жасалды

Жеке парақшасын тым ерте ашқан бала тек уақытын ғана емес, мектепте алған білімін де жоғалту қаупіне тап болады. Милано-Бикокка университетінің ғалымдары осындай тұжырымға келді. Nature Human Behaviour басылымында жарияланған зерттеу мынаны дәлелдеді: бала әлеужеліде жеке профилін қаншалықты ерте түзсе, оның жоғары сыныптардағы бағасы да соғұрлым төмен болады.

Ауқымды әрі ұзақ жылғы зерттеу Италияның 28 мектебінің 5 227 оқушысын қамтыды. Айырмашылықтар болмауы үшін ғалымдар 5-ші сыныпта әлі ешқайсысы әлеужеліні қолдануға кіріспеген және академиялық көрсеткіштері, үлгерімі бірдей мектеп оқушыларын таңдап алды.

Зерттеу 5 жылға созылды. Осы уақыт бойы балалар жіті қадағаланып, олардың Facebook, Instagram және TikTok-та алғашқы тіркелген кезі белгіленді. Сол кезден бастап, әрбір баланың ана тілі, математика және ағылшын тілі бойынша жергілікті INVALSI стандартталған тесттерін қалай тапсыра бастағаны назарға алынды.

Нәтижесінде, ғаламторға алаңдаған әрбір оқушының оқуда арттап қала бастағаны аңғарылған. 6-шы сыныпта-ақ (11–12 жаста) әлеужеліге тіркелген балалар кешірек, тек 8-шы сыныпта немесе одан кейін келген құрдастарына қарағанда итальян тілінен 0,22 стандартты ауытқу көлемінде төмен нәтиже көрсеткен.

10-шы сыныпқа келгенде (15–16 жас) математика пәні бойынша алшақтық 0,27 стандартты ауытқуға жетті. Авторлар 0,2 стандартты ауытқу шамамен 6 айлық оқу мерзіміне сәйкес келетінін нақтылады.

Яғни, әлеужеліде күнін өткізетін оқушылар құрбы-құрдастарынан дамуда ең кемі жарты жылға арттап қалады. Әрине, әлеуметтік желі әлеміне ерте кіру оқу үлгерімінің бірден түсіп кететінін білдірмеді екен. Проблема біртіндеп, баланың өсуіне қарай қордалана береді. Есейген сайын білімі таязданып, оқу материалдарын түсінуден қалады, барлық есіл-дерті ғаламторлық таспаны тексеруде болады.

Зерттеу жетекшісі, профессор Марко Гуи бұл жерде "тұрақты гиперстимуляция эффектісі" іске қосылатынын жеткізді. Балалар күні бойы, соның ішінде түнде де хабарламаларды үздіксіз тексеріп отырады.

Бұл күрделі мектеп пәндерін меңгеру үшін қажетті когнитивті тереңдікті бұзады. Ғалым балалардың цифрлық ортаға ерте аяқ басуының соңы ұзақ уақытқа концентрацияны жоғалтуға әкелетінін атап көрсетті. Басқаша айтқанда, мұндай балалар тек қысқа ақпаратты ғана қабылдайды. Шыдамы қысқа видеоларға ғана жетеді. Сондай-ақ ұзақ уақытқа есептелген тапсырманы (мысалы, "ертең үшінші сабақтан кейін кітапханаға баруың керек") есінде сақтай алмайды.

Демек, бұл жерде әңгіме балалардың экран алдында өткізетін сағаттарының саны туралы емес: балалар рұқсат етілсе, таңнан түнге дейін телефонда отыра алады.

"Проблема – назардың тұрақсыздығында: мессенджердегі хабарламаны оқу, қысқа видео (ютуб-шортс) тамашалау, досына жаңа жазба жазу және қайтадан бейнежазбаларды қарауға оралу. Мұндай фрагментация ұзақ концентрацияны, дәйекті ой қорытуды және терең түсінуді талап ететін пәндер үшін аса қауіпті. Әлеуметтік желіні ерте қолдана бастаған балалар оларды қабылдай алмауы мүмкін", – деп дабыл қағалы зерттеу авторлары.

Сонымен қатар, Лондондағы Королева Мария университетінің профессоры Дэннис Огриннің пікірінше, жасөспірімдердің тілдік ортасы тоқырап барады: желідегі қарым-қатынас балалардың сөздік қорын, лексика мен жалпы сауаттын кедейлендіреді. Салдарынан балалар бейәдеп сөздерді көбірек қолдана бастайды (күрделі сөзді ұмытып қалып, оны балағат сөзбен ауыстыра салады) және ментальды регресс белгілерін паш етеді, деп жазды The Times.

Алайда қазақстандық құқық қорғау органдарының дерегінше, виртуалды кеңістікте балаларды тек концентрацияның жоғалуы және тілдік тоқырау ғана емес, басқа да салмақты қауіптер торуылдауда.

Мәдениет және ақпарат министрлігі мен ҚР Ішкі істер министрлігінің ресми статистикасына сәйкес, 2026 жылдың алғашқы алты айында елдің интернет-кеңістігінде заңсыз контенттің таралуына жол бермеу бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілген.

Қазақстандық интернет сегментінде тыйым салынған контентті тарату бойынша ағымдағы көшбасшы – Instagram мен ресейлік "ВКонтакте" екені анықталды. Ал, Meta корпорациясы іске қосқан Threads мәтіндік платформасы мұндай материалдардан барынша таза екенін көрсетті.

Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева депутаттық сауалға берген жауабында 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында ведомство танымал онлайн-платформаларда 27 631 құқық бұзушылықты анықтағанын хабарлады. Негізгі бөлігі онлайн-казино жарнамасына (13 806 жағдай), есірткі дүкендерін насихаттауға (7 448) және порнографияны таратуға (6 034) тиесілі болды.

Құқық бұзушылықтардың рейтингі бойынша платформалар төмендегідей орын алды:

  1. Instagram – 9 532 факт;
  2. ВКонтакте – 8 503 факт;
  3. YouTube – 3 340 факт;
  4. Telegram – 3 018 факт;
  5. TikTok – 2 820 факт;
  6. Facebook – 269 факт;
  7. Мой мир – 63 факт;
  8. X (бұрынғы Twitter) – 41 факт;
  9. Одноклассники – 25 факт;
  10. Threads – 20 факт.

Қазақстан кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігі мәселелері бойынша платформа әкімшіліктерімен кеңес-консультациялар жүргізеді. Мысалы, мемлекеттің табанды түрде талап етуімен TikTok-та қазірдің өзінде 13 жасқа толмағандардың аккаунт ашуына рұқсат етпеу және жасөспірімдерге арналған бірқатар функцияларды бұғаттау шаралары жұмыс істейді.

Қазақстандық жасөспірімдердің интернет ғадеттеріне қатысты 2025–2026 жылдардағы әлеуметтік зерттеулерге сәйкес, кәмелетке толмағандардың цифрлық ортасы мынадай  нақты құрылымға ие:

  • WhatsApp – балалар мен жасөспірімдердің шамамен 89%-ын қамтитын күнделікті қарым-қатынастың абсолютті көшбасшысы.
  • Instagram визуалды контент пен трендтердің басты қайнары ретінде екінші орынды алады (жас аудиторияның 79–80%-ы).
  • TikTok негізгі бейнеплатформа ретінде әрекет етеді: оның елдегі аудиториясы 15 миллионнан астам қолданушыдан асады. Негізінен қысқа роликтерді ұнататын кіші және орта жастағы балалар (14–18 жас) арасында танымал.

Telegram мессенджер және қызығушылықтар каналы ретінде қолданылады. YouTube басты бейнехостинг позициясын ешкімге бермей келеді. "ВКонтакте" Ресеймен шекаралас өңірлерде қазақстандық жас ұрпақ арасында да кең қолданылады.

Деструктивті контентті тазарту сыртында, елдегі ақпараттық ортада сапалы өзгерістер байқалуда. Аида Балаеваның мәліметінше, ақпарат құралдарындағы қазақ тіліндегі онлайн-контенттің үлесі 78%-ға жетті. Көптеген блогерлер өз посттарын, рилстарын, видеоларын тек қазақ тілінде беріп, мемлекеттік тілдің өрге басуына, сондай-ақ өзге тілділердің оны үйренуіне ықпал етеді.

Тұтастай алғанда, интернет-ресурстарда мемлекеттік тілдің еншісі 60%-ға жетті. Ал, отандық телеарналар өз өнімінің 70%-дан астамын енді мемлекеттік тілде шығарады. Осылайша, "50 де 50" деген ескі талап өзекті болмай қалатын түрі бар.

Бұл ізгі трендті бекіту үшін үкіметтік комиссия балаларға арналған жастық лексика-грамматикалық минимумдарды әзірлеуге және кинопрокат пен БАҚ-тағы тілдің сапасын бақылауды күшейтуге назар аударуда.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу