1 қаңтардан бастап Қазақстанда саяхатқа шыққан балалардың әуе билеттерінің құны мемлекет тарапынан өтеледі. Осылайша, биылдан бастап Мәдениет және спорт министрінің бұйрығы күшіне енді, деп жазды inbusiness.kz.
Жаңа бағдарламаның мақсаты – қазақстандықтарды шет мемлекетке шықпай, ел ішінде демалуға ынталандыру.
Бірақ тегін билетті алу үшін арнайы талаптар қарастырылған. Яғни балалардың әуе тасымалына жұмсалуы мүмкін сома жергілікті лицензиясы бар операторлардың турпакетін сатып алған жағдайда ғана қайтарылады.
Субсидияны туроператор реттейді. Бірінші кезекте ол "Kazakh Tourism" ҰК" АҚ-ға қажетті құжаттар пакетімен өтініш жіберуі керек. Билет құны осы өтініш мақұлданған жағдайда ғана толық төленеді.
"Kids Go Free бағдарламасы туған-туыстарға қонаққа баруға арналмағанын ерекше атап өткен жөн", – деген еді "Kazakh Tourism" ҰК басшысы Ержан Еркінбаев.
Еске сала кетсек, туризм саласын дамытудың 2019-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында 10 басым бағыт айқындалған. Балаларға дәл осы аймақтарға тегін әуе билеттері беріледі. Олардың ішінде, Алакөл, Алматы облысының таулы аймақтары, Щучинск-Бурабай курорттық аймағы, Баянауыл курорттық аймағы, Имантау-Шалқар курорттық аймағы, Балқаш көлі, Түркістан, Маңғыстаудың демалыс аймақтары, Нұр-Сұлтан қаласындағы демалыс орындары, Байқоңыр ғарыш айлағы бар.
"Осы бастаманың арқасында демалыс аймақтары мен қонақүйлер тек туристік маусымда емес, басқа уақытта сұранысқа ие болады деп сенеміз. Осылайша, қазақстандықтар отбасылық бюджетінің 30%-ына дейін үнемдей алады", – деген еді "Kazakh Tourism" ҰК басшысы Ержан Еркінбаев.
Құралай Құдайберген