Балаларынан бөлек тұратындардың қатары кемімей тұр

2124

Алимент төлегісі келмегендер жауапкершіліктен қашудың сан түрлі тәсілін меңгеріп алған, оларды мәжбүрлеп төлетудің өзі қиын болып отыр. 

Балаларынан бөлек тұратындардың қатары кемімей тұр

Тіпті, балаларынан бөлек тұратын әкелер мен аналарды елден шығармайтын, көлік жүргізу құқығынан айыратын заң талаптары күшейтілсе де, олар балаларын асыраудан бас тартып келеді.

Бұл туралы жеке сот орындаушылары республикалық палатасының басқарма төрағасы  Ернар Ибраев айтты.

"Былтыр алимент өндіру ісі бойынша 2,8 миллион дана құжат толтырылды. Оның ортақ құны 3,1 триллион теңгені құрайды. Соның небәрі 182 мыңы баласына тиесілі 1 млн теңгені өз еріктерімен төлеген. Ал 787 мыңынан алимент сот орындаушылардың күшімен өндірілген", – деді ол.

17 мың 500 әкенің қарызы 3 айдан аса төленбей, жиналып қалса, 7,5 мың әке және бірлі-жарым ана өз баласына алиментті мүлде төлемей, қашып жүр. Ал биыл төленбеген алимент бойынша 191836 іс сот орындаушыларының құзырына берілген.

Басқарма төрағасының баяндамасында айтылған мәліметтерге сүйенсек, нақтылы кезеңде Жамбыл облысындағы жеке сот орындаушылары алимент төлемдерін өндіріп алу үшін 12730 атқарушылық іс жүргізуде. Оның 1712-сі облыстағы мемлекеттік сот орындаушылардың құзырында болса, 967-сі атқарушылық өндірісте. Оның 451-і проблемалық. Ал 179 "көкек" ата-анаға іздеу жарияланған.

Тұрақты жұмыс орнының болмауы, олардан өндіріп алатын табысы мен мүлкінің жоқтығы және тұрақты тұрғылықты мекен-жайының болмауы борышкерлердің алименттен жалтаруына негізгі себептер болуда. Бұдан бөлек олар еңбек ететін кәсіпорынмен келісіп, айлық жалақы мөлшерін төмендету фактілері де көптеп кездеседі екен.

Ал Жамбыл облысы әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков мемлекеттен атаулы әлеуметтік көмек алатындардың ішінде де алимент төлеуден жалтарып жүргендер бар екен. "Облыста жалпы саны 35 мыңнан аса отбасына 10 млрд теңгеден астам атаулы әлеуметтік көмек төленді. Алайда, соңғы І, ІІ тоқсан бойынша АӘК алушы 6584 отбасы айлық жалақы мөлшерін төмендетіп көрсеткені, яғни заңсыз түрде атаулы әлеуметтік көмек алғаны анықталды. Мұның ішінде алимент төлеуден қашып жүргендер де баршылық", – деді Бекболат Серікбекұлы.

Әсел Мұратбекқызы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу