Баламасыз биокомбинат

2738

Жамбыл облысы Орта Азия елдерін ветеринарлық вакцинамен қамтамасыз ететін болады.

Баламасыз биокомбинат

Жамбыл облысында 2017 жылы 12 инвестициялық жоба жүзеге асады деп жоспарланған. Соның бірі де бірегейі – "BioVet KZ" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі.

Аталмыш серіктестік Қордай ауданы Сарыбұлақ ауылдық округінде орналасқан. Құны 2 млрд теңгені құрайтын зауыт ветеринарлық вакцина өндірумен айналысады.

"BioVet KZ" сияқты ауқымды жоба бұған дейін Орта Азияда болмаған. Бұрын барлық вакцинаны Ресей мен Қытайдан алдыратынбыз. Осы зауыт іске қосылған сәттен бастап,  Жамбыл облысы Орта Азия елдерін қажетті вакцинамен қамтамасыз ететін болады", –  деді журналистерге Жамбыл облысының әкімі Кәрім Көкірекбаев.

Айта кетейік, зауыттың жалпы аумағы 4 мың шаршы метрді құрайды. Жобаның инженерлік инфақұрылымына  "Бизнестің жол картасы-2020" бағдарламасы аясында республикалық бюджеттен 204 млн. теңге бөлінеді.

3 қабатты ғимараттың 1 қабатында вакцина шығаруға арналған құрал-жабдық, 2 қабатында қойма болады. Ал 3 қабат ауа тазартуға арналған бөлшектермен жабдықталады.

"Республикалық бюджеттен бөлінетін ақшаға жарық тартып, су жүйесін ретке келтіруді көздеп отырмыз", – дейді "BioVet KZ" ЖШС басшысы Қанат Маженов.

Оның айтуынша, кәсіпорын жылына 25 млн вакцина өндіруі тиіс. Алайда бұл көрсеткішті 65 млн-ға жеткізуге болады.

"Егер 65 млн вакцина шығарсақ, Қазақстанды  аусыл, сарып ауруларына  қарсы екілетін вакцинамен 100% қамтуға қол жеткіземіз. Негізі әр облыс жылына вакцинаға 1 млрд теңге бөледі. Есептеңіз, жылына 14 облыстан 14 млрд теңге вакцинаға кетеді. Бұл ақшаның барлығы сыртқа кетеді. Себебі біз дәл қазір жылына 4-4,5 млрд теңгеге ғана вакцина шығаруға қауқарлы болып отырмыз. Бұл – жалпы сұраныстың 30% ғана", – дейді Қанат Маженов.

GMP және GLP стандартына сай ветеринарлық препарат шығаратын биокомбинаттың құрылысы наурыз айында аяқталады. Сәуір, мамыр, маусым айларында құрал-жабдық пен техника орналастырылады. Содан соң ғимараттың айналасы көгалдандырлып, инфақұрылымы іске қосылады.

Қыркүйек-қазан айларында зауыт 100%  іске қосылады.

Зауыттың құрылысына 95 адам жұмылдырылып жатыр. Алдағы уақытта бұл жерде 55 адам жұмыс істейтін болады. Жағымды жаңалыққа жергілікті жердің тұрғындары қуанып жатыр.

"Қордай ауданында вакцина өндіретін зауыт іске қосылса жұмыссыз отырған жастарға жақсы болар еді. Ауданның экономикасы да алға жылжиды деп үміттенеміз", – деді Сарыбұлақ ауылының тұрғыны Жәнібек Тілеубаев.

Естеріңізге сала кетейік, 2016 жылдың қараша айында Қазақстанда өндірілген сібір жарасына қарсы вакциналарға қылмыстық іс қозғалды. Өйткені вакцина сынамасы тиісті талапқа сай болмай шықты. Осы тұрғыдан алғанда іске қосылатын жаңа зауыт санға емес,  сапаға жұмыс істеу қажет екенін түсініп отыр.

Жансұлу Дүйсенәлі

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу