"Баламен "барахолкаға" барудың өзі қорқынышты"

2621

Ата-ананы баламен бірге ішкі істер басқармасына сүйремеуді сұрады. 

"Баламен "барахолкаға" барудың өзі қорқынышты"

Таяуда сенат депутаты Сәуле Айтпаева 16 жасқа толмаған балаларын митингке апаратын ата-аналарды жауапқа тарту туралы мәселе көтерген болатын.  

"Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексте заңсыз шеруге қатысқан азамат 16 жастан бастап жауапкершілікке тартылатыны жазылған. Алайда 16 жасқа толмаған балаларын митинке шығаратын ата-аналар үшін  жауапкершілік көзделмеген. Бүкіл әлемде 16 жасқа дейінгі балаларды қандай да бір қауіпті іске араластырмау туралы норма қарастырылған. Жаздың  ыстығында көпбалалы аналар парламенттің алдында балаларымен бірге отырғаны естеріңізде шығар. Осыны көрген басқа ата-аналар маған хат жазды. Бұл бастаманы ата-аналардың хаты негізінде көтеріп отырмын", – дегенді айтқан еді сенатор 
Бүгін осыған қатысты бала құқықтары жөніндегі уәкіл Аружан Саин пікір білдірді. 

"Митингке қатысты айтарым - әуелі басқа елдерде мұндай мәселе қалай қаралатынын зерттеп алуым керек. Екі өтінішім бар: біріншісі, ата-аналарға. Балаларды ондай акцияларға қатыстырмаңыздар! Айналып келгенде баламен "барахолкаға" барудың өзі қорқынышты. Себебі адам көп. Ал көшеде не боларын бір құдай біледі. Ата-аналардан балаларды митингке алып шықпауды сұраймын", – деді Аружан Саин.
Ол полиция қызметкерлеріне  де өтініш білдірді. 

"Екінші өтінішім полиция қызметкерлеріне. Егер ата-ананы баламен бірге ішкі істер басқармасына апармай-ақ, айыппұлды пошта арқылы жібере алатын болсаңыздар, оларға тиіспей-ақ қойыңыздар. Егер ата-ана баламен келіп тұрса, айтарын айтсын. Ал егер ары қарай заң бұзылса, айыппұлды оларды сүйрелемей-ақ сала аласыздар", –деді ол. 

Қанат Махамбет

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу