Әсіресе, соңғы бір айдағы Қызылорда облысындағы мектеп оқушылары арасындағы қылмыстық оқиғалар көпшіліктің жағасын ұстатып отыр, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
Психолог, Еуропа психологтар қауымдастығының мүшесі Сымбат Абдрахманова бала бойындағы өзгерісті бірден байқайтын жер осы мектеп екенін айтады. Сондай-ақ, ол елімізде білім беру мен тәрбиеде ғылыми зерттеулерге сүйену керегін жеткізді.
"Неге мектептер алдын алу шараларын жасау қажет?" деген сұрақ көп пікірлерде жазылады. ДДҰ зерттеулеріне сүйенсек, білім беру ұйымы – профилактикалық шараларды ең тиімді өткізуге болатын орын. Себебі, баланың үйінен кейін көп уақытын өткізетін, бала өміріндегі түрлі мәселелер талқыланатын орын, сонымен қатар бала бойындағы кез келген өзгерісті білім беру ұйымында күнделікті қарауылдан бастап директорға дейін бақылап, байқай алатын жер.
Біздің ең әлсіз тұстарымыздың бірі – ғылымға сүйенбейміз. Ғылымда дәлелденген зеттеулер, әдіс-тәсілдермен таныспаймыз. Елімізде жыл сайын түрлі зерттеулер жүргізіліп, жарияланып тұрады. Жоқ болса "жоқ" деп айтар едік, ал бар зерттеулермен де таныспаймыз ғой, шыны керек. Қоғамдағы балалармен болып жатқан мәселелер кеше пайда болған проблемалар емес, бұрыннан бар. Бірақ осы кезге дейін, сол мәселелерді шешуде қандай әдістер нәтиже берді екен, тиімді болды екен, сонымен танысу балалармен жұмыс істеп жүрген әрбір маманға керек сияқты", - деді ол.
Сонымен қатар, психолог барлық ата-аналардың жиналысқа орта есеппен қанша пайызы ғана келетінін айтты.
"Ата-аналармен жұмыс істеу керек" деген пікірлер көп айтылады, жазылады. Иә, толықтай келісемін. Себебі, балада үйден тыс жерде қандай проблема болса да, бала үйге барады. Ал, үйде жағдай дұрыс болмаса, тіпті қиын. Бала дүниеге келгеннен кейін, тек сенің ғана балаң емес, қоғамның бір мүшесі. Оның жақсы не жаман болғанына қарай, ол қоғамға пайдасын тигізуі мүмкін немесе зиянын келтіруі ықтимал. Сондықтан саналы ата-ана мәдениетін қалыптастыру маңызды. Алайда, білім беру ұйымдары ата-аналармен жұмыс істегісі келгенімен, ата-аналар жиналысына келетін ата-аналарды саусақпен санауға болады. Оны өз көзімізбен көрудеміз. Барлық ата-ананың орта есеппен тек 30%-ы ғана келеді. Көп ата-аналарды өкінішке қарай келтіре алмайсыз.Сіз ше, балаңыздың жиналысынан қалмай барасыз ба?" - деп сұрақ қояды ол.
Психологтың айтуынша, балалармен жұмыс жоспары асқан жауапкершілікпен құрылуы, атқарылуы керек. Сондай-ақ, олар бір реттік іс-шара болып қалмауы керек. Қорытындысында міндетті түрде сауалнама алынып, сол бойынша жұмыс атқарылғаны дұрыс деп есептейді.
"Балалардың арасында құқықбұзушылықтың, суицидтің алдын алу жоспарлары түрлі салада, түрлі деңгейде бекітіледі. Ал, сол жоспарды құрғанда балалардың пікірі сұрала ма? Олар қандай шара қалайды, оларға не қызық, не керек, қандай формада ақпаратты алғысы келеді, т.б. көп жағдайда жоқ. Бала мүмкін сіздің жоспарыңызда тұрған акцияға қатысқысы келмейтін шығар, ал сіз оны хатпен жүктеп, міндеттеп алып келесіз. Келгісі келмей келген іс-шарадан баланың пайдалы дүние алу екі талай. Себебі қызығушылық жоқ, ал қызығушылық жоқ жерде мотивация жоқ. Мүмкін ол, ақпаратты сіздің акцияңыздан емес, тикток арқылы алғысы келетін шығар. Сондықтан жоспар құрған уақытта балалардың қажеттіліктерін ескеру керек деген ұсыныс айтқым келеді.
Көп жерлерде келеңсіз оқиғалардың алдын алуда бір реттік ғана іс-шаралар ұйымдастырылады. Бір рет семинар, бір рет кездесу т.б. өткенмен мәселе шешілмейді. Мәселе шешілу үшін, жүйелі, логикалық басы мен аяғы бар жоба, бағдарламалар қажет деп есептеймін
Іс-шаралар көп ұйымдастырылады. Алайда, сол іс-шаралардың қаншалықты тиімді болып жатқаны мониторинг жүргізіле бермейді. Өзіміз де түрлі іс-шараларға барамыз. Солардың соңында сауалнама көп жерлерде алынбайды. Егер сауалнама арқылы келген аудиторияңыздан "іс-шара пайдалы болды ма, не алды, қандай ұсынысыңыз бар" деп сұрамасаңыз, ол іс-шара қалай бағаланады? Осыны да ескеру керек деп айтқым келеді", - деп қорытындылады сөзін.