Баланы жақсы көретін, бірақ үйленбеген Василий Левит және басқалар

3067

Рио-де-Жанейродағы Олимпиаданың жеңімпаздары мен жүлдегерлері Астана қаласындағы балалар мекемелерінің тәрбиеленушілерін Дүниежүзілік бала күнімен құттықтап, Қазақстан Республикасының Ұлттық Олимпиада Комитеті мен "Аяла" қайырымдылық қорының ұйымдастыруымен ауқымды қайырымдылық шарасы өтті.

Баланы жақсы көретін, бірақ үйленбеген Василий Левит және басқалар

Бұл игі шараға Олимпиада чемпионы Данияр Елеусінов, күміс медаль иегері Василий Левит, қола жүлдегерлер Иван Дычко мен Дариға Шәкімовалар қатысты. Олар бір күнде балалармен үш кездесу өткізді. Бірінші іс-шараға ақыл-ойы кем балаларға арналған арнайы сауықтыру мектеп-интернатының балалары қатысты.

"Керуен" сауда-ойын-сауық орталығында орналасқан Kinopark 7 IMAX кинотеатрында мультфильмді тегін тамашалап, одан кейін фудкортта KFC мейрамханасында балалар тәтті түскі ас ішіп, арасында көрген мультфильмдерін талқылып жатты.

Осы сәтті пайдаланып біз де олимпиадашылармен біраз сұхбаттасып көрдік. Былғары қолғап шеберлері рингтегіндей емес, қарапайым, мейірімді жандар екеніне көз жетті. Біздің қойған сауалдарымызға қуана жауап беріп жатты.

Мәселен, Данияр Елеусінов "балаларсыз бұл өмірді елестету мүмкін емес. Өзімнің де балам бар, құдайға шүкір. Бұйыртса, көп балам болғанын қалаймын. Балалар үйінен асырап алуға қарсы емеспін, деп 100 пайызға айта алмаймын. Өйткені, әлі жаспын (жасы 25-те). Оның үстіне, болашақта өмір қалай болады, қанша балам болады? Оны бір Алла біледі. Бірақ, балалар үйіне әркез қолымнан келгенше көмектесуге тырысамын", – дейді Рио чемпионы Данияр Елеусінов.

Расында да, Даниярдың осындай мәрт жігіт екенін көпшілік жақсы біледі. Естеріңізде болса, Олимпиададан туған жері Орал өңіріне келгенде ол сал ауруымен ауыратын балалар шотына 10 миллион теңге көлемінде қаржы аударған болатын. Өкінішке қарай, біздің Данияр Елеусіновпен болған бейне-сұхбатымызды техникалық себептермен бере алмадық.

Бойы 2 метр 5 сантиметр болатын біздің алып боксшымыз Иван Дычко да сондай ақкөңіл жігіт екен. Келеңсіз қойылған сұрақтардың өзіне күліп отырып жауап береді. Мысалға, сіздің бойыңыз биік, рингте қарсыластарыңызға төбеден қарап жүріп жұдырықтасқан қалай екен деген сауалға ол: "Панорама керемет! Бірақ, тым аласа бойлылар кейде ыңғайсыз. Өзімнен сәл төменірек, орта бойлылармен жұдырықтасқан ұнайды", – деп күліп қояды.

Иван Дычконың кішкентай қызы бар, аты Мирослава. Осы алдағы желтоқсан айында 2 жасқа толады екен. "Балаларым менің жолымды жалғастырып боксшы болам деп жатса, қарсылығым жоқ. Дегенмен болашақта таңдауды өздері жасайтын болады. Қызымнан кейін тағы ұл болғанын қалаймын. Ал жалпы екі бала маған жетеді. Балалар үйінен де сәби асырап алуға қарсылығым жоқ", – дейді Иван Дычко.

Ал, осы Риодағы Олимпиада ойындарында төрешілердің әділетсіздігінен екінші орын алып қалған Василий Левит қаймықпайтын, өте көңілді жігіт болып шықты. Балаларды жек көрмейтінін айтты. Қанша балам болатынын әлі білмеймін, ол үшін алдымен үйлену керек дейді. Ол біздің қашан үйленесіз деген сұрағымыздан қашқақтап: "Әлі қалыңдығым да жоқ. Уақытым жоқ, қашан үйленетінімді бір құдай біледі. Мүмкін, келесі Олимпиадаға дейін...", – деп ақыры шынын айтпай сытылып кетті.

Осы қайырымдылық шараға қатысқан боксшылардың ішінде сондай сүп-сүйкімді, "боксшы" деп айтуға аузың бармайтын қыз Дариға Шәкімованы да сөзге тарттық. Онымен эксклюзивті сұхбат болды. Бірақ орысша сөйлестік. "Өзім Петропавл (Қызылжар) қаласында туып өскендіктен қазақшаға шорқақпын, өзіңіз түсініп те тұрған боларсыз. Алайда, қазіргі таңда қазақша сөйлеп үйреніп жүрмін. Болашақта бұлбұлдай сайрайтын боламын", – деп ағынан жарылды.

"Мен, шынымды айтсам, өте ұялшақпын. Әкемнен ерте айырылдым. Анам, әпкем екеумізді жалғыз өзі аяғымызға тұрғызды. Бізді қорғайтын ер адам болмаған соң, мен қатты қиналған кездері "неге менің ағам жоқ?" деп жүретінмін. Боксқа барған себебім де содан болар. Ал қазір өз әпкемді, анамды өзім қорғай аламын. Олар қазір Петропавлда, ал мен Алматыда тұрып жатырмын. Басында пәтер жалдап тұрдым, ал жақында мемлекет тарапынан маған уәде еткен пәтерге қолым жетіп, қуанып жүрмін", – дейді Дариға күлімсіреп.

Дариға болашақта 6 баласы болғанын қалайды екен. Көп балалы отбасына қызыға қараймын дейді.

"Кім біледі, мүмкін балалар үйінен де асырап алармын. Меніңше, әр бала бақытты болуы керек. Қасында ата-анасы жоқ балаға қатты жаным ашиды. Сондықтан, тым болмағанда біреуін асырап алуым мүмкін", – дейді Олимпиада ойындарының қола жүлдегері әрі қазақ қыздарының арасынан бірінші болып Олимпиада жүлдесіне ие болған Дариға Шәкімова.

Олимпиада жүлдегерлері Астана SOS Балалар ауылының тәрбиеленушілерімен де кездесті. Балалар қонақтар үшін мазмұнды әдеби бағдарлама дайындапты. Балалар өздерінің сүйікті өлеңдерін оқып, содан кейін боксшыларды сұрақтың астына алды. Негізінен, олар спортшылардың нені оқитынын, оларға қандай автордың қызық екенін, көркем әдебиеттің қай түрі ұнайды – классика ма әлде қазіргі заманғы прозаны жақсы көріп оқитынын және т.б. сұрады.

Одан кейін дастарханға отырды. Бұл іс-шараға бас-аяғы 20 бала қатысты. Балалар ауылының базасында "Табысты адамдар клубы" жұмыс істейтінін атап өткен жөн. Онда интернат тәрбиеленушілеріне үлгі көрсететін табысты адамдармен кездесулер өткізіледі.

Данияр Елеусіновті, Василий Левитті, Иван Дычко мен Дариға Шәкімованы Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы Республикалық мамандандырылған мектеп-интернат колледжінде күтіп отырды. Бұл жерде бокс бөлімшесінің 43 шәкірті үшін спортшылардың рингтегі шеберлік класы өткізілді.

Одан кейін балалар Hardee’s мейрамханалар желісі ұсынған тәтті әрі тойымды бигбургерлермен жүрек жалғады. Балалармен әрбір кездесуден кейін спортшылар қолтаңба қалдырып, фотосессия өткізді.

1959 жылғы 20 қарашада БҰҰ Бас Ассамблеясының Бала құқықтары декларациясын қабылдағанын және бұл күнді Ұйымға мүше барлық елдің атап өтуге ұсыныс бергенін еске сала кетейік.

Қазақстанда және ТМД елдерінде бұл мереке онша таныс емес. 2010 жылы "Аяла" қайырымдылық қоры бұл мерекені кең танытатын шешім қабылдады. Дүниежүзілік бала күні қарсаңындағы іс-шаралар "4D: Игі істерді бірге жасайық" жобасының шеңберінде қараша айы бойы дәстүрлі түрде өткізіледі.

Осы жолы қолдау көрсеткен демеушілер Қорға кіршіксіз әлденеше рет көмек көрсетіпті. Бұл – Ұлттық Олимпиада комитетінің және "Аяла" қорының бірінші бірлескен қайырымдылық акциясы емес. Мыңдаған қазақ азаматына үлгі-өнеге болып табылатын және өздерінің тамаша жеңістерімен рух беретін спортшылар өздерінің қоғамдық қызметінде басты назарын балаларға бөлуге тырысады.

"Біз әрдайым шынайы пайдалы іс-шараларға қуана қатысамыз. Біз үшін балалармен қарым-қатынаста болу мүмкіндігі – зор қуаныш. Барлық ұйымдастырушыға бүгінгі мереке үшін алғыс білдіремін. Біз әлі де олармен талай кездесеміз деп ойлаймын", – деді бокстан Рио-де-Жанейродағы Олимпиаданың күміс жүлдегері Василий Левит.

"Халықаралық аренада үлкен жетістіктерге жеткен қазақ спортшыларымен қарым-қатынас жасау тәжірибесі жас спортшыларға және әлеуметтік мекемелердің тәрбиеленушілеріне шабыт береді, оларға үлгі болады және табандылықтың арқасында өмірде көп асудан өтуге болатынын дәлелдейді. Біздің қорымыз Қазақстандағы қайырымдылық дәстүрін дамытады және игі істерді кез-келген күні жасауға болатынын және жасалуға тиіс екенін көрсетеді", – деді "Аяла" қайырымдылық қорының президенті Айдана Сүлейменова.

"Корпоративтік әлеуметтік жауапкершілік біздің жұмысымыздың ажырамас бөлігі болып табылады. Caspian International restaurants company әрқашан осындай іс-шараларға қолдау көрсетеді", – деп атап өтті KFC PR-manager Айжан Шорман.

"Біздің компаниямыз осындай іс-шараларды жиі өткізеді. Біз қайырымдылық акцияларынан тыс қала алмаймыз. Сондықтан "Аяла" қорының жобасына қуана қолдау көрсеттік", – деді Kinopark 7 IMAX Keruen кинотеатрының PR директоры Ерлан Бұхарбаев.

Осылайша көк туымызды бүкіл әлемге паш еткен ержүрек азаматтарымыз балаларды бір қуантып тастады. Ендеше біз де оларға "жеңістен жеңіске жете беріңдер!" – демекпіз.

Жанат Қалықов 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу