Балаңыз қандай университетке түскені дұрыс?

1316

Күні кеше ғана елімізде Ұлттық бірыңғай тест (ҰБТ) аяқталып, жас түлектер өмірлік мамандығын алып шығатын Жоғары оқу орындарын таңдау үстінде.

Балаңыз қандай университетке түскені дұрыс? Фото: inbusiness.kz

Білім беру сапасын қамтамасыз етудің тәуелсіз сараптау агенттігі (IQAA-Ranking) он алты жылдан бері Қазақстанның жетекші жоғары оқу орындарының Ұлттық рейтингін жасап келеді.

Аталмыш агенттік алдағы 2024-2025 оқу жылдарында жас түлектер қандай мамандық пен оқу орынын таңдауы керектігіне байланысты жаңа рейтинг ұсынды.

Институционалдық рейтингке алты санат бойынша – көпсалалы, техникалық, гуманитарлық-экономикалық, педагогикалық, медициналық және өнер саласындағы 51 ЖОО қатыстырылып, сауалнама түрінде жүргізілген зерттеуге 962 жұмыс беруші ұйым (ЖОО), 267 ғылыми сарапшы, 19 270 студент пен 3 941 жас түлек қамтылған.

Сонымен, IQAA-Ranking сараптамасы бойынша, биылғы Ұлттық рейтингінің үздік үштікке кіретін ЖОО-лар тізімінде көпсалалы жетекші жоғары оқу орындары ретінде – әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті және Акакдемик Е.Букетов атындағы Қарағанды университеті тұр.

Ал, техникалық жоғары оқу орындары бойынша – Satbayev University, Қазақ ұлттық аграрлық университеті мен Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан университеті аталды.

Гуманитарлы-экономикалық жоғары оқу орындары арасында КИМЭП университеті, Алматы Менеджемент университеті және ҚазТұтынуОдағының Қарағанды университеті үздік үштікке енді.

Педагогикалық үздік ЖОО бойынша Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті, Қазақ ұлттық Қыздар педагогикалық университеті мен Ә.Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университеті алдыңғы қатарда.

Медицина мамандарын даярлауда жетекші білім ордасы ретінде Семей медициналық университеті мен М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медициналық университеті және Астана медициналық университеті анықталып отыр.

Өнер саласы бойынша таңдаулы жоғары оқу орны ретінде биыл тек Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы мен Қазақ ұлттық хореография академиясы ғана үддеден шыққан.

Жалпы, жас түлектер жоғары оқу орнын таңдаған кезде қандай талаптарға баса назар аудару керектігін білген жөн. Келешекте жұмыс беруші жас маманның білім алған ордасына назар аударатыны анық. Сол себепті, жоғары оқуға құжат тапсырмас бұрын білім ордасының неше жылдық тарихы бар, онда қандай профессорлар дәріс береді, аталмыш университетті бітіріп, қоғамда зор үлес қсып жүрген белгілі тұлғалар бар ма, ЖОО-ның жеке жатақханасы мен шәкіртақысы қандай деген мәселелерді анықтап алған артық болмайды.

Жас түлек алдағы 5-10 жылда сұранысы артатын мамандықтарды таңдағаны абзал. Мәселен, соңғы бірер жылда – медицина, қаржы, архитектура мен коммуникация және маркетинг жүйесі, ІТ саласы, электроэнергетика саласы мен газ-мұнай мамандығына сұраныс артқан.

Білім қуған жастарға елімізде жоғары санатты оқу ордалары жетерлік. Жүзден аса оқу орнының ішінде шетелдік университеттердің де филиалдары бар. Одан бөлек, биыл тағы да 8 шетелдік танымал университет Қазақстаннан өз бөлімшесін ашқалы отыр.

Осы жерде айта кетейік, қазіргі таңда Венгрия, Қытай, Словакия, Әзірбайжан, Польша, Қырғызстан, Вьетнам мен Тәжікстан және Ресей мемлекеттерінде қазақстандықтарға тегін оқуына болады. Алайда, халықаралық санкцияларға байланысты көршілес Ресейдің білім дипломы әлемнің көптеген елдерінде жарамсыз екенін ескеру керек.

Бүгінде Қазақстанның әрбір азаматы шет елдердің қалаған жоғары оқу орнына түсіп, білім алуына жол ашылған. Ақылы түрде немесе арнайы грант арқылы тегін білім алу – әркімнің білім деңгей мен қаржылық жағдайына байланысты. Тіл білгеннің арқасында интернетке кіру арқылы да шетелдік университеттерге түсуге болады. Халықаралық дәрежедегі диплом – қазақ жастарының келешекте жақсы табыс табатын маман боп қалыптасуына бірден-бір кепіл екенін ескерейік.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу