Балаңыз жазғы лагерьде қалай тегін демала алады?

756

Облыс болып құрылғанына үш жыл болған Ұлытау өңірінде қала сыртындағы балалар лагері жоқ.

Балаңыз жазғы лагерьде қалай тегін демала алады? Фото: canva.com

Жазғы сауықтыру орталықтары тегін және ақылы негізде қызмет көрсетеді. Балалар жергілікті атқарушы органдардан бөлінген мемлекеттік тапсырыс есебінен тегін демалады.

Жалпы лагерьлердегі ақылы қызметтің орта есеппен бағасы 120 мың теңгені құрайды. Бұл туралы редакцияның ресми сауалына берген жауабында Оқу-ағарту министрлігі хабарлады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Елімізде 10 743 балалардың демалысын ұйымдастыру орындары жұмыс істейді. Оның ішінде 14 мың бала жыл бойғы сауықтыру орталықтарында, 320 мың бала маусымдық, 2,7 млн бала мектеп жанындағы, 75 мың бала шатырлы және киіз үйлі демалыс орындарында демалысын өткізеді", – делінген Оқу-ағарту министрлігінің редакцияның ресми сауалына берген жауабында.

Министрліктің дерегінше, жазғы демалыс уақытында су тасқынынан зардап шеккен 3 883 бала лагерлерьге орналастырылады деп күтіліп отыр.

"Қазақстан халқына" қорының қолдауымен "QH Жаздық жолдама" жобасы шеңберінде 20 мың бала тегін демалуға мүмкіндік алады. Оның ішінде - су тасқынынан зардап шеккен өңірлердің оқушыларына, халықтың әлеуметтік осал топтарынан және көп балалы отбасыдан шыққан ауыл балаларына басымдық беріледі.

Қазіргі уақытқа дейін 1 242 су тасқынынан зардап шеккен білім алушылар балаларды сауықтыру орталықтарында демалды.

Балалар лагерьлерінің ең көп саны Түркістан облысында орналасқан – 31 жазғы сауықтыру орталығы.

"Бүгінде Ұлытау облысында жыл бойғы және маусымдық жазғы сауықтыру орталықтары жоқ. Балалар басқа облыста орналасқан лагерьлерге жіберіледі. Сондай-ақ балалардың облыстың мектеп жанындағы лагерьлерінде демалысы ұйымдастырылады", – делінген жауапта.

Оқу-ағарту министрлігі еліміздің жазғы сауықтыру орталықтары тегін және ақылы түрде қызмет көрсететінін атап өтті.

"Балалар жергілікті атқарушы органдардан бөлінген мемлекеттік тапсырыс есебінен тегін демалады. Жалпы лагерьлердегі ақылы қызметтің орта есеппен бағасы 120 мың теңгені құрайды. Биыл әлеуметтік осал топтағы оқушылардан  441,3 мың бала жазғы лагерьлерде дамалатын болады. Сондай ақ, "Жаздық жолдама" жобасы аясында 20 мың ауыл балалары лагерьлерге жіберілуде", – деп хабарлады ведомство.

Лагерьге тегін жолдаманы қалай алуға болады?

Бүгінгі күні жазғы сауықтыру орталықтары жергілікті білім басқармаларына қарайды.

Лагерьде тегін жолдаманы алу үшін келесі құжаттар қажет:

1) өтініш;

2) жеке басын куәландыратын құжат немесе цифрлық құжаттар сервисінен электрондық құжат (жеке басын сәйкестендіру үшін қажет);

3) баланың (балалардың) туу туралы куәлігі;

4) неке қию немесе некені бұзу туралы куәліктің көшірмесі;

5) 071/у нысанына сәйкес сауықтыру лагеріне баратын оқушыға берілетін медициналық анықтама;

6) мәртебесін растайтын құжаттың көшірмесі.

Мәселен, мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмекті алуға құқығы бар отбасылардан шыққан балалар, жан басына шаққанда орташа табысы күн көріс деңгейінен төмен, мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алмайтын отбасылардан шыққан балалар, отбасыларда тәрбиеленетін жетім балалар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар және т.б. тиісті анықтама көрсетеді.

Қазақстанда балалар лагері тапшы

Айта кететіні, балалар лагерінің жетіспеушігі мәселесі Мәжіліс мінберінен де көтерілді.

Депутат Елнұр Бейсенбаевтың сөзінше, жұмыс істеп тұрған лагерьлер оқушылардың 10 пайызын ғана қамтиды. Халық қалаулысы балалардың жазғы демалыспен қамтылуы туралы статистикаға күмәнмен қарады.

"Жергілікті әкімдіктер мектеп жанындағы лагерлерді жазғы лагерлер деп есептейді. Бұл жөнсіз. Мектеп жанындағы лагерлер жазғы демалыс емес, ол тек қана 5-6 сағаттық уақыт өткізу", - деді мәжілісмен.

Қазақстандағы балалар лагерлерінің дені тозған.

Елнұр Бейсенбаев салынуы оңай, шығынды аз талап ететін глэмпинг базасындағы киіз үйлер, шатырлар түріндегі лагерлерді ұйымдастырып, олардың стандарттарын енгізуді ұсынып отыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу