"Балаңызға қауіп төніп тұр": Полицейлер алаяқтардың айласын әшкереледі

103

Тәртіп сақшылары алаяқтардың түрлі әдіс-тәсілдерін айтып берді.

"Балаңызға қауіп төніп тұр": Полицейлер алаяқтардың айласын әшкереледі Фото: canva

Абай облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, алаяқтар негізінен егде жастағы азаматтарға телефон соғып, өздерін банк немесе мемлекеттік орган қызметкері ретінде таныстырады, деп жазады inbusiness.kz сайты.

– "Сіздің шотыңыздан ақша ұрламақшы болды, қаражатыңызды қауіпсіз шотқа аудару керек" деп айтып, кейін сілтеме жібереді. Одан бөлек, "Жаңа қосымшаны шұғыл орнатыңыз, банк қауіпсіздігін жаңартамыз" деп сендіреді. Шын мәнінде, қосымшаны орнатқаннан кейін алаяқтар сіздің шотыңызға толық қол жеткізеді, – делінген ақпаратта.

"Коммуналдық есептегіш орнату немесе зейнетақыны қайта есептеу" тәсілі де бар. Алаяқтар өздерін коммуналдық қызмет немесе БЖЗҚ қызметкері ретінде таныстырып, SMS-кодты немесе жеке деректерді сұрайды.

– "Балаңызға қауіп төніп тұр" немесе "Жол-көлік апатына қатысты хабар бар" деген желеумен алаяқтар сізге психологиялық қысым жасап, "жедел ақша керек" деп қорқытып, қаражат сұрайды. Кейде олар шынайы сияқты жасалған видео немесе аудио арқылы туысыңыздың даусына салып, ақша сұрауы мүмкін. Ондай кезде әрдайым нақтылап алу қажет. Эмоцияға берілмеңіз. Қысым жасай бастаса, сөйлесуді тоқтатыңыз, – делінген хабарламада.

Банкке немесе мемлекеттік органға тек ресми нөмірлері арқылы хабарласыңыз. Құпия деректерді бермеңіз. Олар: карта нөмірі, CVC/CVV, SMS-код, ПИН-код, құпия сөздер.

– Белгісіз қосымшаларды орнатпаңыз, күмәнді сілтемелерге өтпеңіз. Банктер ешқашан телефон арқылы жеке деректерді сұрамайды. Ата-аналарыңызды, әже-аталарыңызды ескертіңіз. Оларға мұндай жағдайлардың бар екенін, ешкімге жеке деректерді бермеу керектігін түсіндіріңіз, – деп ескертті полицейлер.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу