Баласы оқуға түсетін ата-аналарға тамаша жаңалық жарияланды

228

Қазақстандықтарға енді тіпті 1 жыл ғана оқып, диплом алуға рұқсат берілді.

Баласы оқуға түсетін ата-аналарға тамаша жаңалық жарияланды Фото: ЖИ

Жоғары оқу орындарындағы барлық білім беру бағдарламаларын жаңарту жоспарлануда. Колледждер жүйесін де реформа күтіп тұр.

"Қарақшы-университет" елесі мен министр мазасы

Бірнеше министрлік бір-бірімен дауласып жатқандай: тікелей дебат мінберінде емес, әрине, сырттай – мәлімдемелер мен іс-әрекеттер арқылы. Бәрін алаңдататын негізгі сауал: маман даярлау үшін жалпы қанша уақыт оқыту керек?

Бұл ретте әлеужеліде белсенді талқыланып жатқан "бакалавр дипломын қысқа мерзімде алуға болады" деген жаңалық отқа май құйып, даудың өртін қаулата түсті. Блогерлер "тартымды" схеманы – небары 2 жыл оқып, бакалавр бітіруді жарыса жарнамалап, жастардың делебесін қоздырып жатыр. Ақпараты да, әрекеті де ғарышпен жарысқан қазіргі ұшқыр дәуірде бұл арман сияқты естіледі: ЖОО-ны тезірек бітіріп, мансапты ертерек бастауға болады.

Алайда ЖОО-ларға жауапты ведомство өткір ұстанымымен бұл "қиялдың" басын шауып тастағандай болды. Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Үкіметтегі брифингте мынаны жариялады: "Білім туралы" заңға сәйкес, бакалавриат, магистратура және докторантура бағдарламалары бойынша толық білім беру қызметін жүзеге асыруға тек лицензия болған жағдайда ғана рұқсат. Ал, оны тек Ғылым министрлігінің салалық комитеті ғана береді.

"Өзін "университет" атап жүрген бұл ұйымның аккредитациясы жоқ екенін және біздің министрлік оған лицензия бермегенін ресми әрі жауапкершілікпен мәлімдей аламын! Ол өзін қанша жерден университет деп атағанымен, толыққанды білім беру қызметін көрсете алмайды", – деп түсініктеме берді министрі Нұрбек.

Ол сондай-ақ Қазақстанда отырып, швейцариялық ЖОО-дан екі жыл ішінде еуропалық үлгідегі диплом алуға болатыны туралы мәлімдемеге де түсініктеме берді: бұл ұйымның да диплом беруге құқығы жоқ екен. Себебі, жоғары білім беру саласында білім беру қызметін жүзеге асыру үшін Білім беру бағдарламаларының тізілімінде тіркелу қажет.

Саясат Нұрбектің мәліметінше, аталған университеттен Жоғары білімді дамытудың ұлттық орталығына өтінім түспеген. Еркіндік пен жауапкершіліктің аражігі ашылмаған жерде, сапалы білім берудің бизнес-жоспар көлеңкесінде қалып қоюы қаупі бар.

Дербестіктің "дәмі" мен тізілімнің тізгіні

Бірақ осы тұста министрліктің темірбетондай берік көрінген тұжырымдамасы сызат береді. Бір жағынан, Нұрбектің командасы мемлекеттік қатаң реттеуді талап етеді: лицензия алу, тізілімге тіркелу, стандарттарды сақтау сұралады. Екінші жағынан – Үкімет пен Парламенттің өзі бірнеше жыл бұрын жоғары оқу орындарына академиялық еркіндік беріп, "Пандора жәшігін" ашып жіберді.

Оқу-ағарту министрлігінің (бұрынғы Білім және ғылым министрлігі) сайтындағы ақпаратқа сәйкес, 2021 жылдан бастап университеттер "төл үлгісіндегі дипломдарды береді". Бұған ЖОО-лардың академиялық және басқарушылық дербестігін кеңейткен 2018 жылғы заң негіз болды. Бұл заң ЖОО-ларға төл білім беру бағдарламаларын әзірлеуге, оқыту нәтижелерін тұжырымдауға, студенттердің жүктемесін оңтайландыруға мүмкіндік берді.

Сол кездегі БҒМ басшысы Асхат Аймағамбетов "егер ЖОО өз бағдарламасын өзі әзірлесе, онда беретін дипломы мен даярлау сапасы үшін де жауапкершілікті өзі көтеруге тиіс" деп табандады. Оның байламынша, мемүлгідегі дипломдағы "БҒМ" деген жазу маманды дайындауға және оның білімі мен дағдыларының сапасына министрлік жауапты деген қате түсінік берді. Енді ол жойылды.

Қисыны ойға қонымды, тіпті нарық қағидаттарына етене. Бірақ іс жүзінде бұл реформа жүйеде хаос тудырды. Егер диплом енді ЖОО-ның жеке ісі мен төл өнімі болса, ректорлардың қиялын кім шектейді? Мерзімін, мазмұнын, сапасын қалай белгілеймін десе де өзі би, өзі қожа емес пе?

Жалпы, ЖОО-лардың бағдарламаларына қойылатын талаптар бар. Бірақ оқу бағдарламасын министрліктің тізіліміне тіркетпей-ақ, талаптарды айналып өтуге болатын көрінеді. Ресейлік ЖОО-лардың кейбір филиалдары осы тәсілді пайдаланып жүр.

Қош бол, гитара! Сәлем, мансап!

Шенеуніктер ақырғы өнім – қағаз диплом туралы дауласып жатқанда, мәжілісмендер мәселенің түп-төркініне үңіліп, мамандарды даярлауды бұдан да жеделдетуді жақтап отыр: мысалы, бұрынғыдай жата-жастана жатып, бес жыл оқу сияқты "еркелікті" қазіргі заман көтермейді. Бірнеше фактор білім жүйесінің екі аяғын бір етікке тығып, асықтыруда.

Біріншіден, осы уақыт ішінде бірнеше жыл бұрын басылған оқулықтармен оқытылатын, әрі бағдарламасы да жиі өзгермейтін білім өзектілігін жойып, шынымен де ескіріп қалады.

Екіншіден, студенттердің қозғам-мотивациясы өзгеруде: зумерлер университет қабырғасында көп жылын босқа сарп еткісі келмейді. Олар үшін университет – ләззат мекені емес, тек транзиттік бекет.

Аға ұрпақ сағынатын "пай-пай, студенттік өмір" деген романтика да оларға жат. Жатақханаларда өмір бойға дос не жар таппайды. Баяғыдай, студенттер стипендияларын біріктіріп, қоржын түбінде қалған азық-түлікті ортақ қазанға салып, жоқтан-бардан "студенттік ботқа" пісірмейді. Құрылыс отрядтары, дискотека мен кешкі билер келмеске кетті.

Гитара үні де, студенттік театрлардың шулы сахналары да, "ханшайымдардың" тыныштығын "серілерден" қорғап, жүздесулерді романтикалық квестке айналдырып жіберетін қатал вахтер апайлармен аңызға айналған тайталастар да ұмытылды.

Қазіргі студент – бұл тиімділік пен бәсекеге қабілеттілік жолында жалғыз жортқан бөрі. Профессорлар шошына әңгімелейді: бүгінгі студенттер кейде тіпті бір топтың ішінде араласпайды, бір-бірімен өзара әрекеттеспейді екен.

Емтихандарға ұжым болып дайындалу, кешігіп қалғандармен конспект алмасу – мұның бәрі "ортақ өгізден оңаша бұзауым артық" деген жеке өмір сүру стратегияларына жол берді. Қазіргі жастар жұмыс берушіге көрсету үшін ғана дипломды тезірек иеленіп, мүмкіндігінше ертерек жұмысқа орналасуға және жылдам баюға ынтығады. Бұл тұрғыда оқу мерзімін қысқарту оларға қауіп емес, артықшылықтай көрінеді.

Сондықтан депутаттар Үкіметке ең алдымен, жұмысшы мамандықтары үшін оқу мерзімін колледждерде:

  • 9-сыныптан кейін түскендерге – 2,5 жылға дейін;
  • 11-сынып бітіріп келгендерге – 1 жылға шейін қысқартуды ұсынды.

Депутаттардың пайымдауынша, студентті небары бір жыл оқытса, бұл шығындарды 30–40%-ға қысқартуға және үнемделген қаражатты білім беру процесінің нәтижелі қарқындылығын арттыруға бағыттауға мүмкіндік береді. Мәжіліс депутаты Ирина Смирнова бұл үшін жүйе жаңартылуға тиіс деп санайды: оның барысында маман даярлау сапасын төмендетпей, керісінше арттыру қажет.

"Бұл үшін нарық талаптарына, кәсіби стандарттарға және WorldSkills стандарттарына сүйеніп, білім беру бағдарламаларының өзектілігіне ауқымды ревизия жүргізу қажет. WorldSkills жарыстарына жай ғана қатысумен шектелуді қою керек. Орнына WS стандарттарын оқу бағдарламаларына және қорытынды аттестация жүйесіне интеграциялаған жөн. Соның ішінде жария-демонстрациялық бітіру емтихандарын өткізуге көшу маңызды. Мамандар даярлау экономика үшін стратегиялық маңызға ие. Сондықтан реформада сарапшылардың, өңірлердің пікірін ескерген, түрлі елдердің жетістіктерін пысықтаған және ТжКБ-ның (техникалық және кәсіптік білім) жоғары білім беру жүйесімен өзара әрекеттесуіне қол жеткізген абзал", – дейді Смирнова.

Колледждер алға озып барады

Оқу-ағарту вице-министрі Асылбек Ахметжанов колледждерде оқу мерзімін қысқартудың құралдары қазірдің өзінде бар екенін хабарлады.

"Еңбек нарығындағы кез келген өзгерістерге икемді және жедел ден қою үшін "Білім туралы" заңына өзгерістер енгізіліп, министрліктің оқу мерзімдерін белгілеу жөніндегі норма алып тасталды. Сондай-ақ техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру бағдарламаларының (ТжКОББ) сапасын мониторингтеу мақсатында білім беру бағдарламаларының тізілімі енгізілді. Оған сәйкес ТжКОББ ұйымдарына академиялық дербестік берілді. Жұмыс берушілермен бірлесіп, кәсіптік стандарттар негізінде және өңірлік ерекшеліктерді ескеріп, бағдарламаларының мазмұнын айқындауға, оқыту мерзімдері мен траекториясын белгілеуге мүмкіндік алды", – деді вице-министр.

Ол бұған дейін білім беру бағдарламаларының мазмұны мен оқу мерзімдері нормативтік құқықтық актілермен қатаң регламенттелгенін еске салды. Колледждерде бұрын жұмыс беруші мен жалпы еңбек нарығының сұраныстарына қарай кадр даярлауға мүмкіндігі болмапты.

"Енді мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарты (МЖМБС) ТжКОББ ұйымдарына 9-сынып негізінде 2,5 жыл және 11-сынып негізінде 1 жыл мерзімде бағдарламаларды іске асыруға мүмкіндік беретін академиялық дербестік қағидаттары мен құқықтық тетіктерді қамтиды. МЖМБС-тың оқу жоспары моделіне сәйкес, негізгі орта білім базасында білікті жұмысшы кадрлар даярлау үшін оқу жүктемесінің көлемі 150-ден 225 кредитке дейінгіні құрайды. Жылдық ең төменгі оқу жүктемесі кемінде 75 кредитті құрайтынын ескерсек, есептік оқу мерзімі 2 жыл болуы мүмкін. Осы уақыт ішінде студент жұмысшы біліктілігін меңгеріп шыға алады", – деді Оқу-ағарту вице-министрі.

Демек, оқу мерзімі білім алушылардың мамандығының күрделілігі мен ерекшелігіне байланысты.

Диплом дәметпейтін дәуірдің дүдәмалы

Классикалық білімге ең ауыр соққыны Қазақстанның Еңбек министрлігі жасады. Ол бірнеше айлық қысқа мерзімді курстарды аяқтағаны туралы сертификаттарды дипломдармен теңестіре салды.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жаңартылған Ұлттық біліктілік шеңберін (ҰБШ) бекітті. Ол Еуропалық біліктілік шеңберінің қағидаттарына негізделген және қазіргі заманғы экономиканың талаптарын ескеретін көрінеді. ҰБШ бойынша біліктілікті растау кезінде курстардың сертификаттары дипломдармен және жұмыс тәжірибесімен қатар ресми түрде танылады.

Бүгінде ешқандай университет бітірмеген, жоғары білімі жоқ тәжірибелі маман өз құзыреттілігін, біліктілігін қысқа мерзімді курс сертификаты немесе Career Enbek порталы арқылы растай алады. Жаңартылған ҰБШ біліктіліктің 8 деңгейін қамтиды: қарапайымнан ең күрделіге дейін шығандайды, жоғары деңгейінде ғылыми негіздемесі артады.

Еңбек министрі Асқарбек Ертаевтың түсіндіруінше, жаңа жүйе нарықтың нақты қажеттіліктеріне бағытталған. Ол дағдыларды тануды неғұрлым ашық әрі салыстырмалы етеді және қазақстандықтарға өмір бойы оқуға, жаңа мамандық игеруге жол ашады. Әйтпесе, университеттегідей жаңа мамандықты меңгеруге әр жолы бес жыл ғұмырын сарп етуге екінің бірінің шыдамы да, қаражаты да жетпейді. Осы тұрғыдан алғанда, маман даярлаудың баламалы жолдары көпжылдық университеттік білімінің классикалық моделінен тиімдірек болып шығуы да мүмкін.

Классикалық университеттік білім өзінің монополиясынан айырылды; енді диплом – білімнің символы емес, тек процестің бір бөлшегі ғана. Білім – қағазда емес, қабілетте екенін ресми түрде мойындаған заманға аяқ бастық.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу