Баласы үшін "тақым қысар" сәт келіп жетті

2949

Биыл Оңтүстік Қазақстанда мектеп түлектерінің 21668-і ҰБТ тапсырады.

Баласы үшін "тақым қысар" сәт келіп жетті

Бүгін Оңтүстік Қазақстан облысында ҰБТ басталып кетті. Жалпы  өңірдегі 8 аудан, қалалардағы  198 мектептен  4376  бітіруші ҰБТ тапсыруға өтініш берген. 

"4376 оқушының 4278-і тестілеуге кіргізілді. 92 оқушы өз өтінішімен, 6 оқушы денсаулығына байланысты тестілеуге катыса алмады", – дейді облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Раушан Ергашева.

Жалпы, Оңтүстік Қазақстан облысында 2016-2017 оқу жылында 11 сыныпты 32964 оқушы бітірді.  Оның ішінде 24840 қазақ, 2852 орыс, 4960 өзбек, 312 оқушы тəжік сыныптарының бітірушілері. Қазіргі таңда 32964 бітірушінің 21668-і (78,2%) ҰБТ тапсыруға өтініш берген. ҰБТ дайындық барысында арнайы комиссия қағида талаптарының орындалуын қатаң қадағалауда.

"Тестілеуге кіргізу кезінде ҰБТ қағида талаптарының бұзылуы орын алған жоқ, барлық бітірушілер арнайы рамалы металіздегіштер арқылы өткізіліп, ұялы телефондары алынды. Әзірге ешқандай заңбұзушылықтар тіркелген жоқ", – дейді Раушан Естілеуқызы.

Айта кетейік, облыс мектептерінің бітірушілері республика бітірушілерінің 37,5%-ын құраса, ҰБТ тапсыратын республика бітірушілерінің 26,9%-ы біздің облыстың бітірушілерінің еншісінде.

Бүгінгі таңда облыстық мектептерде мемлекеттік емтихандар толығымен бітіп, 1347 бала "Алтын белгіге", 854 бітіруші үздік атестатқа ие болған.

"Жаңа формат бойынша 5 пәннен 120 сұрақ беріледі. Оның 3-і міндетті пән болса, қалған екі пән талапкердің жоғары оқу орнына тапсыратын мамандығына байланысты таңдалады. Жалпы биылғы түлектердің екеуі "Алтын белгі" иегері атанды", – дейді Ордабасы ауданына қарасты  Жамбыл орта мектебінің директоры Нұрлан Сейтбеков.

Биылғы ҰБТ 20-27 маусым аралығында 4 лекте өткізілгелі отыр. Облысымызда  16 Ұлттық бірыңғай тестілеу өткізу пункті белгіленді. Олардың 4-уі жоғары оқу орындарының базасында, 3-уі аудан орталықтарындағы колледждер базасында, 9-ы жалпы орта мектептердің базасында орналасқан.

Естеріңізге сала кетейік, былтыр дәл осы ҰБТ кезінде Сарыағаш ауданына қарасты Ошақты ауылында №107 Ю.Сареми атындағы мектептің түлегі ҰБТ-дан  небәрі 53 балл жинап, нәтижесіне қанағаттанбай  мал қорада асылып қалған болатын. Осындай келеңсіз жайттар орын алмауы үшін, мектеп мұғалімдері  түсіндіру жұмыстарын күшейтіпті.

"Мынадай сындарлы сәтте мектеп бітірушілеріне ата-аналар тарапынан қысым көрсетілмеугетиіс. Бұл ретте баланың қарым-қабілетіне, ынта-ықыласына, зейін,зеректігіне мән беріп барып, ақыл-кеңес берген жөн. Түлектерге ҰБТ-ның нәтижесіне аса мән бермеуді тек өзінің біліміне сенуге үйретіп жатырмыз. Мұндай жұмыстар өз септігін тигізеді", – дейді Шымкент қаласындағы №83 мектептің әдіскері Зәуре Әбенова.

Қазіргі таңда әрбір тестілеу пунктерінде бітірушілерге алғашқы жедел жәрдем көрсету үшін медицина қызметкерлерінің кезекшілік кестесі құрылған. ҰБТ өту кезінде ата-аналарға күту орындары мен таза ауыз сумен қамтамасыз ету жұмыстары ұйымдастырылуда. Сонымен қатар аудиториядағы тестілеу барысын ата-аналарға көрсетіп тұратын үлкен экрандар орнатылып қойған.

Ақжол Қараспан  

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу