Баласын биыл оқуға түсіруді ойлаған ата-аналарға маңызды өзгеріс

241

Дипломның құны мен "темірдің" үні: ақылы білім асу бермес асқар шыңға айналып барады.  

Баласын биыл оқуға түсіруді ойлаған ата-аналарға маңызды өзгеріс Фото: ЖИ көмегімен жасалды

Биыл университеттердің табалдырығын аттағалы тұрған талапкердің де, қалтасына қарап перзентінің тағдырын болжаған ата-ананың да көңілінде бір "үрей" бар.

Қазақстанның жоғары оқу орындары білім ақысын тағы да 11 пайызға қымбаттатты, деп жазады inbusiness.kz тілшісі. Бұған жаңа Салық кодексінің "шапағаты" мен инфляцияның екпіні себеп болса керек.

Үміт пен өткел: Еркенің үш жылдық "майданы"

Ерке үшін биылғы наурыздағы ҰБТ жай ғана емтихан емес, үшінші жылға созылған үлкен майданның шешуші шайқасы болды. Осыдан үш жыл бұрынғы аңғалдығы оның тағдырын тәлкекке салған-ды.

"Мектеп бітіргенде, үлкен өмірден, ағымдағы жаңалықтан хабарым шамалы аңқау едім. Тестілеу тапсыру пунктінің алдындағы у-шудан бойды аулақ салып, қобалжуды басу үшін музыка тыңдап тұрдым. Кезек келгенде құлаққабымды қалтама салдым да, табалдырықтан аттадым. Металіздегіш құрылғының шиқылдаған дыбысы ғимарат ішін жаңғыртқандай көрінді. Күзетшілер дереу тінтуге кірісті. Тіпті мұқият жиналған шашымды да қопарып тексеріп жатыр. Содан есіме түсе кетті де, қалтадан құлаққапты шығарып: "Осы ғой шиқылдап тұрған!" – деймін жайдары күліп", – деп әңгімеледі талапкер.

Бірақ мемлекеттің "түсі суық" талабы оның күлкісін сол сәтте өшірді. "Техникалық құрал алып кіруге әрекет жасады" деген айыппен ішке кіргізуден бас тартылған. Қанша түсіндіріп, әділдік іздеп шарқ ұрса да, жүйенің темірдей тәртібі жас қыздың жанашырлық күткен жүрегін таптап кетті.

Міне, биыл сәті түсіп, табалдырықтан аман өтіп, ҰБТ-да 85 балл жинады. Еркенің асқақ арманы – ағасы секілді әділдіктің туын биік ұстаған заңгер болу. Бірақ заңгерлер даярлау саласына келгендегі мемлекеттік гранттың сараңдығы мен бәсекенің сұрапылдығы сонша, оның жинаған ұпайы жетпей қалуы мүмкін екен. Ерке тіпті грант берілмесе да, ақылы бөлімге түсуге ниетті. Өйткені өткен екі жыл ішінде жұмыс істеп, жинаған азын-аулақ жинағы бар.  

Элитаға жолдаманың құны: оқу ақысы қанша тұрады?

Дегенмен, жоғары оқу орнына ақылы түссе де білдей маман болуды аңсайтын жастардың арманының қанатын қымбатшылық қырқуы мүмкін. Қазақстанда ЖОО-ларда оқудың жылдық құны миллиондаған теңгемен есептеледі

Мысалы, өзін Орталық Азия мен Кавказ өңіріндегі үздік жоғарғы оқу орны деп атайтын Nazarbayev University бакалавриат бағдарламаларының оқу ақысы 2026/2027 оқу жылына жергілікті және халықаралық студенттер үшін 15 000 долларды құрайтынын хабарлады. Мейіргер ісі бакалавриат бағдарламасы үшін оқу ақысы бір оқу жылына 3 066 000 теңгені құрайды.

Астананың беткеұстар ғылым ордасы саналатын Еуразия ұлттық университетінде бір жылдық оқу ақысы 1,6 миллионнан 1,9 миллион теңгеге дейін барады.

Соның ішінде:

  • Педагогикалық ғылымдар үшін – 1 600 000 теңге (шетелдік студенттер үшін 4 400 $ немесе 3 700 €);
  • Өнер және гуманитарлық ғылымдар үшін 1 800 000 теңге (4 800 $ / 4 000 €);
  • Әлеуметтік ғылымдар, журналистика және ақпарат – 1 750 000 теңге (4 600 $ / 3 850 €);
  • Жаратылыстану ғылымдары, математика және статистика – 1 750 000 теңге (4 600 $ / 3 850 €);
  • Инженерлік, өңдеу және құрылыс салалары – 1 750 000 теңге (4 600 $ / 3 850 €);
  • Бизнес, басқару және құқық – 1 900 000 теңге (5 000 $ / 4 200 €);
  • Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар – 1 900 000 теңге (5 000 $ / 4 200 €).

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да бір жылдық оқу ақысы 1,1 миллион теңгеден (журналистика, география мен табиғат пайдалану, тарих, дене шынықтыру мен спорт және басқасы) басталып, 1,7 миллион теңгеге дейін (заңгерлік) барады.

Талапкер тағдырының тарифтері: баға өссе де, ағын тиылмайды

Finprom агенттігінің сарапшылары Ұлттық статистика бюросының (ҰСБ) мәліметіне жүгініп, Қазақстанда ЖОО-лардағы оқу ақысы қатты қымбаттағанына назар аудартты. Өйткені жаңа Салық кодексіне сәйкес, олар да қосылған құн салығын төлей бастаған. Сондай-ақ бой бермей тұрған инфляция да қысым жасауда.

"Ресми деректер бойынша 2026 жылдың бірінші тоқсанында жоғары білім беру қызметтерінің тұтынушылық бағалар индексі 110,8%-ды құрады. Бұл 2025 жылдың қаңтар–наурыз айларымен салыстырғанда ЖОО-лардағы оқу ақысы 10,8%-ға өскенін білдіреді. Бұл жағдайды күтпеген жаңалық деуге болмайды, себебі ЖОО қызметтері құнының біртіндеп өсу үрдісі бірнеше жыл қатарынан байқалып келеді. 2022 жылдан бастап жоғары білім беру қызметтеріне арналған тұтынушылық бағалар индексі 110%-дан 116%-ға дейінгі аралықта қымбаттады", – деп хабарлады агенттік.

ЖОО қызметтерінің ең көп қымбаттауы Атырау (36,3%-ға), Түркістан (19,6%-ға) және Маңғыстау (15,4%-ға) облыстарында, сондай-ақ Шымкент (15,2%-ға) пен Астана (15%-ға) қалаларында тіркелді. Елдегі ең басты "студенттік" қала – Алматыда жоғары білім беру қызметтерінің қымбаттауы 9,4%-ды құрады.

Қазақстандық жоғары білім беру ұйымдарының сайттарындағы ашық деректерге талдау жасау келесідей қорытынды жасауға мүмкіндік береді: мысалы, Алматыдағы университеттерде жылдық оқу ақысы 500 мыңнан басталып, 7,6 млн теңгеге дейін құбылады. Мұндай үлкен айырмашылық көптеген факторлармен – ЖОО мәртебесі, игерілетін мамандық және басқасымен түсіндіріледі.

Өңірлерде оқу жылының басында ЖОО-лардағы жылдық оқудың ең арзан құны 450 мың теңгені құраса, ең жоғарғы баға 2,4 млн теңгеге жетті.

Былтыр да оқу ақысы тағы 10,4%-ға өскеніне қарамастан, бұл көптеген ата-аналардың балаларын ақылы оқыту туралы шешіміне әсер етпеді. Түсушілердің саны азайған жоқ, керісінше, тіпті көбейді. ҰСБ мәліметтері бойынша, 2025/2026 оқу жылының басында ЖОО-ларға ақылы негізде 130,8 мың жаңа студент қабылданды: бір жыл бұрынғыдан 27,6%-ға көп! Демек, біздің қоғамда "диплом үшін соңғы тиын санап беру" дәстүрі әлі де бекем.

Жалпы, өткен жылы Қазақстанның ЖОО-ларында ақылы бағдарламалар бойынша білім алатын студенттер саны соңғы бірнеше жылдағы ең жоғары шегіне жетіп, рекорд орнатты.

Оқу ақысының көтерілуі қаржылық қиындықтарға байланысты оқуын тоқтатуға мәжбүр болған ақылы бөлім студенттерінің ("ақылы оқитындардың") оқудан шығу статистикасына да әсер еткен жоқ. Жыл сайын олардың үлесі 3%-дан 5,9%-ға дейін ауытқып отырды. 2025/2026 оқу жылында мұндай студенттер салыстырмалы түрде аз болды: 13,8 мың адам немесе барлық "ақылы оқитындардың" 3,5%-ы.

Үзілген соқпақ, таусылған төзім: диплом жолындағы құрбандық

Ақылы бағдарламалар бойынша ақылы негізде білім алатын ЖОО студенттерінің жалпы саны:

  • 2020/2021 оқу жылында барлығы: 380,4 мың; сол жылы жаңадан қабылданғандар саны: 104,5 мың;
  • 2021/2022 оқу жылында барлығы: 368,2 мың; қабылданғандар: 106,1 мың;
  • 2022/2023 оқу жылында барлығы: 364,8 мың, қабылданғандар: 104,2 мың;
  • 2023/2024 оқу жылында барлығы: 350,5 мың, қабылданғандар: 98,8 мың;
  • 2024/2025 оқу жылында барлығы: 353,2 мың, қабылданғандар: 102,5 мың;
  • 2025/2026 оқу жылында барлығы: 386,6 мың ақылы студент, қабылданғандар: 130,8 мың студент.

Үрдістерге үңілсек, 2020 жылдан 2024 жылға дейін ақылы оқитын студенттердің жалпы саны төмендеген, содан кейін 2025/2026 жылға қарай өсіп, рекордтық көрсеткіш орнады.

Қаржылық қиындықтарға байланысты оқуын аяқтамай, орта жолда университеттен шығып қалған студенттердің саны:

  • 2020/2021 оқу жылында жалпы саны 22,5 мың адам шығарылды, барлық ақылы бөлім студенттері арасындағы үлесі 5,9%;
  • 2021/2022 оқу жылында 14,7 мың адам, 4%;
  • 2022/2023 оқу жылында 12,15 мың адам, 3,3%;
  • 2023/2024 оқу жылында 11,6 мың адам, 3,3%;
  • 2024/2025 оқу жылында 19,4 мың адам, 5,5%;
  • 2025/2026 оқу жылында 13,8 мың адам немесе ақылы оқитындардың 3,5%-ы оқуын тәрк етіп кетіп қалуға мәжбүр болған.

Үрдістерге тоқталғанда, 2020 жылдан 2023 жылға дейін қаржылық себептер бойынша оқудан шығу оқиғалары күрт азайған. 2023/2024 жылында тұрақтанған. 2024/2025 жылы күрт өсті. 2025/2026 жылы қайта төмендеу үстінде.

Алматы – алтын бесік, Маңғыстау – шағын есік?

Бұл ретте жоғары білім беру ұйымдары қарқынды байып жатыр. Бұл тек оқу ақысының қымбаттауымен ғана емес, сонымен бірге ақылы негізде білім алатын студенттер санының артуымен де байланысты.

ЖОО-лар көрсеткен қызметтердің көлемі өткен бір жылда 17,9%-ға артып, 807,8 млрд теңгеге жетті. Бұл қаражаттың шамамен 40%-ы ғана тікелей студенттердің оқу ақысынан түскен. Былтыр бұл сома 319,1 млрд теңгені құрады: бұл бір жыл бұрынғыдан 29,6% көп. Қалған соманы ЖОО-лар бюджеттен алады. Яғни, әлі де бюджеттің мойнында отыр.

Бай университеттер Астана мен Алматыда шоғырланған. Өткен жылы қос астананың жоғары оқу орындары жиынтық түрде 493,1 млрд теңгеге білім беру қызметін көрсетті, бұл ел бойынша жалпы көлемнің 61%-ын құрады. Бір жыл ішінде мегаполистер бұл қаржылық индикаторды арттырды: Алматы – 17,2%-ға, Астана – 24,7%-ға.

"Статистика өңірлердің мегаполистерден қаншалықты артта қалғанын көрсетеді. Мәселе тек ақшада ғана емес, ең алдымен білім сапасында, профессор-оқытушылар құрамында, оқу бағдарламаларында, отандық жоғары оқу орындарының шетелдік оқу орындарымен коллаборация жасау мүмкіндіктерінде және басқа да көптеген факторларда. Мысалы, 2025 жылы университеттері небары 4,3 млрд теңгеге (жылына минус 27,8%) қызмет көрсеткен Маңғыстау облысы мен 310,6 млрд теңге көрсеткіші бар Алматының мүмкіндіктерін салыстыру қиын", – дейді "Финпром" сарапшылары.

Аймақ ішінен Қарағанды облысы көш ілгері озды: мұнда 2025 жылы ЖОО-лар 43,5 млрд теңгеге қызмет көрсеткен. Бұл бір жыл бұрынғыдан 14,3%-ға жоғары. Сондай-ақ Ақтөбе (32,7 млрд теңге) және Түркістан (23,8 млрд теңге) облыстары жоғары көрсеткішке ие.

Оқу ақысы өскен сайын, білімнің сапасы арта ма, әлде тек университеттерді байытумен шектеле ме, ол жағы әлі де жұмбақ.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу