Мәжіліс депутаты Марат Бопазов үкімет Балқаш көлінің қазіргі жағдайына назар аударуға тиіс екенін айтып, дабыл қақты. Оның сөзінше, Балқаш көлі экологиялық апат аймағына айналып барады. Соңғы 14 жылда бұл жерде бірде-бір зерттеу жүргізілмеген. Көл өз-өзінен тартыла бастаған.
"Балқаш көліне Іле өзенінің 80% суы келеді. Ал Іле маңында 130-ға жуық гидроқұрылыс жүргізіліп, 13 су қоймасы салынды. Салдарынан Балқашқа келетін су азайып, көлдің экологиялық жағдайы нашарлады", – деді депутат.
Марат Бопазовтың баяндауынша, Балқаш көлінің шығыс бөлігіне құрғау қаупі төніп тұр.
"Мұның алдын алу үшін ұлттық су стратегиясын жүзеге асыратын Орта Азия өңірінің трансшекаралық өзендері бойынша мемлекетаралық келісімдердің орындалуын қайта қарау қажет", – деді мәжілісмен.
Халықаралық қатынастарды зерттеу орталығының сарапшысы Мұхтар Асанов та осындай ойда. Сарапшының сөзінше, Қытай Халық Республикасы өз аумағынан бастау алатын Іле, Ертіс өзендерінің суын жеке мүддесі үшін пайдалануда алдына жан салмай отыр. Ойына келгенін істеу үшін
Қытай трансшекаралық су ресурстарына қатысты халықаралық құқықтық құжаттарға қол қоймай жүр.
"Іледен Балқашқа келетін судың көлемі азайып жатыр. Балқашқа келетін судың көлемін Қытай реттеп отыр. Бұлай жалғаса берсе, Балқаш көлі Арал теңізінің тағдырын қайталайды. Қытай Қапшағай су қоймасына келетін су көлемін 2 млрд текше метрге төмендетті. Бұл жақсылықтың белгісі емес. Мұның барлығы экологиялық апатқа бастайды. Қытай Орталық Азияның су ресурсымен Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық округінің шөлейт жерлерін суарғысы келеді. Жоспарын жүзеге асыру үшін жоғарыдағыдай әрекетке барады", – деді Мұхтар Асанов.
Трансшекаралық су мәселесін оң шешу үшін біздің ел Қытаймен су көлігі қатынасын жандандыруға басымдық беріп жатыр. Бұл бастама Қытайдың Ертіс өзенінің суын шектен тыс пайдалануына тосқауыл қояды.
Негізі Ертіс өзенінің суына Қытай мұқтаж емес. Бұл суға Павлодар, Шығыс Қазақстан жəне Орталық Қазақстан облыстары тәуелді. Қарағанды мен Теміртау Ертіске қарап отыр десек те болады. Осы тұрғыдан алғанда біз Ертіс өзеніне қатысты Қытаймен ортақ мәмілеге келіп, тіл табысуға тиіспіз.
Жалпы, Қазақстан мен Қытай арасындағы трансшекаралық өзен мəселесі өткен ғасырда биполярлы əлем кезінде пайда болды. Кеңес одағы Қытаймен трансшекаралық өзендерді бірлесіп пайдаланатын және қорғайтын болып келісті. Кейін КСРО тарап, жоспар жүзеге аспай қалды.
"Су ресурстарын тиімді пайдалану ұлттық қауіпсіздік кепілі. Сондықтан бұл мәселеге атүсті қарауға болмайды. 2025 жылға қарай əлем халқының 80% суға мұқтаж болады. Қазақстан сыртқы су ресурстарына тəуелді екенін, судың 40% шекараның арғы жағынан келетінін ескерсек, тіршілік көзінің қалыпты жағдайда болуын қамтамасыз етуіміз керек", – дейді депутат Марат Бопазов.
Абылай Бейбарыс