Балшықсыз кірпіш қалаудың өскемендік үлгісі

Құрылыс басқармасы әлеуметтік нысанның құрылысын ерекше бақылауға алатын болды. 

Балшықсыз кірпіш қалаудың өскемендік үлгісі

Адам адасайын, абыройдан айырылайын десе, бассыздық пен көзбояушылықтың неше атасына барады екен. Қандай түлен түрткенін кім білсін, Өскемен қаласының құрылысшылары шаһар басшысы Жақсылық Омарды алдамақ болды.

Өтепов көшесінің бойында мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында салынып жатқан 250 орындық балабақшаның құрылысымен танысу барысында Өскемен қаласының әкімі құрылысшылардың кірпішті өтірік қалап жатқанын байқап қалған. Масқара болғанда, құрылысшылардың қалағында, не шелегінде кірпіштің арасына салатын балшық болмаған.

Екінші қабатқа көтерілгісі келген шаһар басшысының жолын құрылыс бригадирі кес-кестей берген. Осыдан секемденген әкім не де болса көрейін деген ниетпен, құрылыстың жоғары қабатына көтерілген. Сол жерде құрылысшылардың кірпішті қалай қалап отырғанын өз көзімен көрген.

Мердігер компанияның бригадирі сасқанынан "кірпіштің арасына салатын балшық бітіп қалды" деп ақталған. Ал әкім "ВК Техногрупп" ЖШС жұмысшыларының қойылымын кілт үзіп, мәселені төтесінен қойған.

2018 жылдың наурызында басталған мектеп құрылысы биыл тамыз айының соңында аяқталуы тиіс. Алайда әлеуметтік маңызы зор нысандарды аралау кезінде әшкереленген кемшілік құрылыс жұмысы қарқынды емес, берекесіз жүріп жатқанын көрсетті.

Қала әкімі мердігер компания өкілдерінің "ұятсыз" ісін беттеріне басып, жауапты тұлғаларға мектеп құрылысын қатаң қадағалауға алуды және оның мерзімінде қолданысқа берілуін қадағалауды тапсырды.

Бұл оқиға туралы әкімдіктің әлеуметтік желідегі парақшасына қала әкімінің баспасөз хатшысы Әлібек Түрсімбетов: "Әкім құрылысшылардың құрылысты тиісінше жүргізбей отырғанына  реніш білдірді. Жасанды әрекетке жол берген құрылыс компаниясына ескерту жасады. Бұдан былай салынып жатқан нысан қалалық құрылыс басқармасының ерекше бақылауында болатынын айтты және құрылысшыларға сенбі-жексенбіге қарамай, ашық күнді тиімді пайдаланып, жұмыс істеу қажеттігін түсіндірді", –  деп жазды.

Есімжан Нақтыбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу