Облыстың Іле ауданына қарасты "Первомай" ауылының аумағында болған апатты жағдайды алдымен жергілікті тұрғындар байқап, тиісті орындарға хабарлаған. Нәтижесінде Іле ауданынның төтенше жағдай қызметі мен эколог мамандар "Бент" серіктестігіне қарасты балық шаруашылығының жасанды су қоймасына кәріз суының қосылып, балықтардың уланғанын анықтады.
"9 сәуір күні Орман шаруашылығы және жануарларды қорғау инфекциясының Алматы облыстық филиалына дабыл түскен. 11 сәуірде мәселенің анық-қанығын білу үшін ауданның тиісті сала мамандары оқиға орынына барып, жағдаймен танысты. Жасанды көлге лас су жиналып, балықтар уланған. Бұл жасанды су қоймасын ұзақ уақыттан бері "Бент" акционерлік қоғамы жалға алып, балық шаруашылығымен айналысып келеді. Сол маңдағы ауыл тұрғындарының өміріне қауіп төнген жоқ. Балық өлексесі түгелдей жойылды. Балық шаруашылығының есебі бойынша 2 тоннаға жуық балық қырылған. Қазір кәсіпкерге келтірілген шығын бойынша Алматы қаласының тиісті қызметіне шағым жолданды. Өтемақыны сот шешуі керек", – деп түсіндірді оқиға барысын Іле ауданы әкімінің баспасөз хатшысы Бақтияр Талғатұлы.
Апат себептерін анықтаған төтенше жағдай қызметі қалдық су ағып жатқан құбыр жарылып, лас сұйықтықтың көлге құйылғанын айтады. Ал балық өлексесін тексерген экологтар жасанды көлдегі судың құрамында аммиак қышқылы мен адам зәрінің тұнбасынан пайда болатын улы қосындының мөлшерден тыс көбейгенін байқаған. Балықтың қырылуына осы себеп болған.
"Жасанды көлді балық өсірушілер жалға алған болатын. Олар 2 тоннаға жуық балық өлексесін жинап, жоюға жіберді. Кәсіпкердің ұзақ жылғы еңбегі құрдымға кетті. Әрі бұл көлде негізінен уылдырық шашып, тұқым көбейтетін балық түрлері өсірілетін. Қазір біздің Алматы қаласының коммунналдық қызметін, оның ішінде "Алматы-Су" арнасын сотқа бергеннен басқа амалымыз қалмады" деді біз хабарласқан балық шаруашылығының жетекшісі Тахир Камыраев.
Жалпы Алматы маңындағы жасанды көлдерде балық өсіру табысты бизнеске айналған. Балық шаруашылығын жолға қойған кәсіпкерлер қаланың тамақ өнеркәсібін өніммен қамтып, балықтың балғын етін базарларға да шығарып келеді. Солардың ішіндегі беделдісі "Бент" серіктестігі болатын. Бұл ұжым 278 гектар аумақта балық шаруашылығын дамытып отыр.
Гүлжан Амангелдіқызы, Алматы облысы