"Ауыл шаруашылығы министрлігіне артемия құртын аулауға 500 тонна көлемінде қосымша квота бөлу туралы өтініш бергенбіз. Шыны керек, қазір квота мәселесі өткір тұр. Облыс аумағындағы көлдерге пайдаланушылар бекітілген. Олар бұл мақсатқа қаржы салып, тиісті жұмысты бастап та кетті. Алайда, берілген квота жоқ. Аталған мәселенің түйінін тарқату үшін тиісті шаралар қолға алынған. Егер ойдағыдай реттелсе, бұл қадам аймақ бюджетіне 60 млн теңге көлемінде салықтық түсім әкелуге тиіс", – деді облыстық жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасының басшысы Қадылжан Сатиев "Нұр Отан" партиясының облыстық филиалында өткен жиында.
Қармақ беріңіз
Қадылжан Сатиевтің ақпараттарына сүйенсек, соңғы үш жылда Павлодар облысындағы 43 табиғатты пайдаланушыға 118 су қоймасы бекітілген. Олардың 62-сі тұщы, ал 56-сы ащылы-тұщылы көлдер. 2017 жылы облыс аумағынан 910 тонна балық пен артемия құртын аулауға квота бөлінген. Оның 817 тоннасы шаян алауға қарастырылған. Басқарма басшысының сөзінше, ел аумағында шаян аулауға бөлінген квотаның 54 пайызы Павлодар облысына тиесілі. Су қоймаларын бекіту нәтижесінен күтілген қаржы – шамамен 290 млн теңге. Соңғы жеті айда облыс қазынасына артемия құртын аулаудан 5,6 млн теңге, ал балық аулаудан 83,5 мың теңге түсім түскен.
Бұл ретте, ащылы-тұщылы көлдерден "олжа аулау" енді ғана басталғанын атап өтуге тиіспіз. Орын алып отырған қазіргі жағдайды бағамдай отырып, жалға алушылар үшін биылғы маусымның табысты бола қоймасы анық. Өткен жылдың соңында ұйымдастырылған конкурс бойынша жалға алушыларға бекітілген 99 су қоймасының 41-і – ащылы-тұщылы көлдер. Бұл бір күндік шаруа емес. Сол себепті, табиғатты пайдаланушылар квота ала алмады.
Балықшылардың қоғамдық бірлестіктері мен балық шаруашылығы субъектілерінің "Казахрыбхоз" республикалық қауымдастығының Павлодардағы өкілі Геннадий Ткачев квотаның қалай бөлінетіндігі туралы айтып берді.
"Жалға алушылар көлдерге бекітілген соң, су қоймаларына зерттеулер жүргізетін арнайы тіркеуден өткен ғылыми ұйыммен келісімшарт жасасады. Бұл не үшін керек? Ғылыми ұйым жалға алушыға су қоймасын қалай пайдаланып, қай бағытта дамыту керек екендігін түсіндіреді. Биыл неліктен мұндай жағдай қалыптасты? Себеп облыстық әкімдіктің су қоймаларын бекіту туралы қаулысының тым кеш, яғни 2016 жылдың 30 желтоқсанында қабылдауы. Ал көктем келмей жұмысты бастау мүмкін емес. Мамандар нақты нәтиже алуы үшін бұл жерде үш айдай уақыт жұмыс істеуге тиіс. Кейін алынған қорытынды экологиялық сараптамаға жіберіледі. Ол бір ай қаралады. Бұдан соң құжаттар ауыл шаруашылығы министрлігіне келіп түседі. Квота дайын болған соң, лимит біздің қауымдастыққа жіберіледі. Квотаны бөлуге бес күн уақыт беріледі. Міне, осындай уақытты көп алатын жұмыс қазіргі жағдайға алып келді. Су қоймасын қолданушы ретінде айтарым, біз қазір жұмыс істеудеміз. Бірақ лимиттің жоқтығынан көлге балықшыларды жібере алмаймыз. Сондықтан, су қоймаларын бекітуді жылдың алғашқы жартысында тындырып тастау керек. Сонда қолданушылар келесі жылға дейін тиісті шаралардың бәрінен орындап үлгереді", – дейді Геннадий Ткачев.
Балық та қоянға ұқсас
Квотаны бұған дейін де сан мәрте қолға түсірген жалға алушылардың сөзінше, квотаның кеш берілуі кәсіпкерлерді қаржылық қиындықтарға тіреуі мүмкін. Құйған қаржы табыс әкелмейді әрі кәсіпкерді ары қарай дамуға ынталандырмайды. "Колос" шаруа қожалығының басшысы Александр Веретенников осыдан он жыл бұрын Ақсу қаласының ауылдық аймағынан тоғанды жалға алыпты. Оны қалпына келтіріп, қазір балық өсірумен айналысуда.
"Берілетін квота көлемі аз. Мәселен, көлемі 190 гектарды құрайтын Карбышев су қоймасына 25 теңгеден 17600 шабақ жіберуіміз керек. Сонда 440 мың теңге шығындайды екенбіз. Балықты аулауға бөлінген квота көлемі 1700 килограммды құрайды. Егер оны квотаның құнына яғни, 250 теңгеге көбейтсек, біздің қалтамызға түсетіні - 425 мың теңге. Енді мынадай сұрақтың құлағы қылтияды. Егер мемлекеттен алынған квота шаруашылықтың осы салаға жұмсаған қаржысынан артылмаса, көлді қорушының қызметіне қандай қаржы төлемек? Демалушыларға тиісті жағдайды жасауға қаржыны қайдан алмақ? Бұл жерде бір гәп бар. Оны мемлекеттік деңгейде шешу қажет. Сонда қазіргі біздің жағдайымыз мынадай: балық өсіруге өз қаржымызды саламыз. Бірақ, аталған тауардың қожайыны емеспіз", – дейді Александр Веретенников.
Осы мәселеге қатысты Павлодар мемлекеттік университеті биология және экология кафедрасының профессоры Александр Убаськин де өз ойын білдірді.
"Қазір балық шаруашылығы жалға берілген су қоймаларынан алынатын көлеммен шектеліп қана отырған жоқ. Оның үстіне екі мәрте салық төлеуге мәжбүр. Алдымен балық аулауға берілетін квотаға қаржы шығындаса, екінші рет су қоймаларындағы балықты қалпына келтіруге тағы төлейді. Енді мына қызықты қараңыз. Аңшы үйректі атуға рұқсат алады. Бірақ, оған ұстап алған үйрегі мен қоянын өсіріп, көбейтуге ешкім де міндеттемейді ғой", – дейді профессор.
Ғалым көлдерде қолдан балық өсіруге қатысты тағы бір проблеманың шетін шығарды. Оның айтуынша, мұндай шаруашылықтарда нормативті құжаттар жоқ.
"Жергілік ғалымдар соңғы бес жылда балық шаруашылықтарын дамыту бойынша бірнеше жоба әзірледі. Өкінішке қарай, оларды керек қылған ешкім жоқ. Бұл саланың кенжелеп қалғаны да сондықтан. Селекторлық жиында ауыл шаруашылығы министрлігінің басшылығының назарын осы мәселеге аудардық. Әзірше нәтижесіз. Мәселен, Баянауыл ауданында балық өсіруге қолайлы Жарлыкөл деген көл бар. Жалға алушы су қоймасын өзі қадағалап, реттеп отыруы үшін көлдерді балық шаруашылығымен айналысуға лайықтау керек. Құжаттары реттелуге тиіс. Өкінішке қарай, ғалымдардың осы бағытта жасаған жобалары екі жыл бойы шаң басып жатыр", – дейді А.Убаськин.
Еркебұлан Қыздарбек, Марина Попова