Балықшы шамамен 800 мың теңге айыппұл төледі

2877

Павлодарда сүйрік балығын заңсыз аулаған тұрғын жауапкершілікке тартылды.

Балықшы шамамен 800 мың теңге айыппұл төледі

Балықтың бұл түрін жыл он екі ай бойы аулауға тыйым салынған. Бірақ мұндай тыйым қармақты серік еткен ауылдықтарға тосқауыл болмай тұр. Орман шаруашылығы және жануарлар әлемінің Павлодар облыстық аумақтық инспекциясы басшысы Нариман Жүсіповтің айтуынша, биыл сүйрік аулауға қатысты екі факт тіркелді.

"Павлодар ауданының тұрғыны 20 келі 11 грамм болатын сүйрік балығын аулағаны анықталды. Аталған жайт бойынша бір тұрғын қылмыстық жауапкершілікке тартылып, ол 796 640 теңге айыппұл төледі. Ал Тереңкөл ауданының тұрғыны аталмыш балықтың 4,670 келісін ұстаған. Шығын көлемі 1 млн 179 мың 175 теңгені құрады. Бұл мәселеге қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 335-бабы бойынша тергеу жұмыстары жүргізілуде", – дейді Нариман Жүсіпов.  

Жалпы, Павлодар облысында 10 мамыр-20 маусым аралығында балықтың кез келген түрін аулауға тыйым салынған болатын. Соған қарамастан рейдтік шаралар кезінде 63 әкімшілік хаттама толтырылып, 5 материал сот қарауына жіберілді. Заң бұзушыларға 853,4 мың теңге айыппұл салынып, осы уақытқа дейін 689,3 мың теңгесі өндірілді. Сонымен қатар, осы уақыт аралығында балықшылардан 3 қайық пен 16 балық аулау құралы тәркіленді.

Ақтоты Қабдықайыр

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу