Биылғы жылдың бірінші тоқсанында отандық банк секторы 214 млрд теңге таза табыс тапты. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 3,5 есе артық ақша. Осылай бола тұра екінші деңгейлі банктер бір жылда жиынтық табысының 19%-ын жоғалтты.
Банк секторының жыл басында табысқа кенелуіне шығындарын 20,4%-ға, яғни 8 трлн теңгеден 6,4 трлн теңгеге қысқартуы себеп болды.
Табысты банктердің көшін "Нұрбанк" бастады. Аты аталған қаржы ұйымы 2018 жылдың қаңтар-наурыз аралығында 1,7 млрд теңге кіріс көрді. Бұл 2017 жылмен салыстырғанда 24 есе артық табыс.
Банк RBK 21,8 млрд теңге таза табысқа кенеліп, пайдасын өткен жылдың сәйкес кезеңімен қатар қойғанда 8 есеге ұлғайтты, ал ВТБ банк 1,5 млрд теңге мөлшеріндегі оң нәтижеге қол жеткізді.
Дегенмен екінші деңгейлі банктердегі депозиттердің жиынтық көлемі 1,1%-ға қысқарып, 16,4 трлн теңгеге түсті. Бір жыл ішінде депозит портфелі 177,8 млрд теңгеден қағылды.
Биыл заңды тұлғалардың жеке салымдарының үлесі 50,8%, ал жеке тұлғалардың жинағы 49,2%-ға пара-пар болды. Былтыр бұл көрсеткіш 54,4% және 45,6%-ға тең еді.
Еліміздегі 32 банктің он алтысы ғана салымшыларының қатарын көбейте алды. Қалғандары керісінше, депозиттегі қаржының жылыстауына жол берді.
Kaspi bank бұған дейінгі көрсеткішін 21,9%-ға ұлғайтты. Сөйтіп депозиттегі қаржыны 177,7 млрд теңгеге арттырып, 990,5 млрд теңгеге жеткізді. Сәйкесінше банк осыған дейінгі 8-орыннан 6-орынға көтерілді.
Екінші орынға Сбербанк орналасты. Ол салым портфелін 13,1%-ға көбейтіп, қоржынын 1,3 трлн теңгемен толтырды.
First Heartland Bank салымшылардың 139,7 млрд теңгесі үшін жауапкершілік алып отыр. Осы арқылы аталмыш банк 28-орыннан 9-орынға көтерілді.
Абылай Бейбарыс