Есепайырысу жаппай мобильді банкингке көшкенімен, күн сайын мыңдаған адам сол бұрынғыдай банкоматтарды белсенді пайдаланады.
Себебі түсінікті: банктер электронды түрде шоттан шотқа ақша аударғаны үшін кемі 150-500 теңге комиссия алады. Біраз қазақстандық үшін осының өзі қомақты шығын. Ал, ақшаны банкомат арқылы енгізсе, ол тегін.
Дегенмен, банкоматты пайдалану кезінде бірнеше мәселеге сақ болыңыз: біріншіден, оның ұяшығынан шыққан купюраларды әп дегеннен бірін қалдырмай, тегіс алу керек.
Егер бірнеше банкнота ішіне қыстырылып қалып қойса, ұяшық сырт етіп жабылған соң банкомат оларды кері жұтып қояды. Онда банкке барып, қайтаруға өтініш жазып, біраз сергелдеңге түсесіз.
Екіншіден, тек ақшаны ғана емес, картаны да қалдырмай алып кетуіңізді бақылап, тексеріңіз.
Бұдан басқа, тағы бір маңызды жайт бар, ол әлгі батырмаға қатысты. Бұл туралы ірі банктің қаржылық қауіпсіздік жөніндегі эксперті Кирилл Лавринович айтып берді.
"Бұл батырманы басуды жұрттың көбі ұмытып кетеді. Банкоматты қолдану кезіндегі осы елеусіз ғана қателік үлкен залалға – сіздің дербес деректеріңіздің ұрлануына және қаржылық шығыныңызға соқтыруы мүмкін. Сондықтан аталған аппараттың экранында немесе пернетақта-клавиатурасында "Аяқтау–Завершить" деген батырманы міндетті түрде басыңыз! Өйткені тіпті сіз картаңызды алып кетсеңіз де, банкомат әлі де біраз уақыт бойы сізге қызмет көрсетуге дайын күйде тұруын жалғастырады. Бұл аппараттың қайта-қайта жүктеле бермеуі үшін жасалады. Бұл келесі пайдаланушыға сіздің жеке деректеріңізге қол жеткізуіне мүмкіндік береді", – деді сарапшы.
Азаматтарымыздың басым көпшілігі адалдық танытып, әрі қарай өз шаруасын бітіру үшін алдымен ақшасын алып кетіп қалған алдыңғы клиент үшін дәл осы кнопканы өзі баса салады, бірінші бетке оралады.
Алайда алаяқтар қаптаған заманда олардың құрған тұзағына өзіңіз барып ілікпеу үшін банкомат алдындағы әр қадамды абайлап жасау артық болмайды.
"Қазіргі кезде банктер мұндай құрылғылардың әрбасқа елде жасалған саналуан түрін пайдаланады. Сондықтан егер сіз банкоматыңызда немесе оның экранында ондай батырманы таба алмасаңыз, онда картаңызды, ақшаңызды және чегіңізді суырып алғаннан кейін аппарат алдында шамалы аялдаңыз. Тіпті кезектегі өзге адамдардың асықтырғанына мән бермеңіз. Өйткені бұл сіздің қауіпсіздігіңіз. Сәлден соң аппарат өздігінен "күту режиміне" қайта оралады", – деді Лавринович.
Бұл жағдайда әдетте экранда алдымен банк атынан сізге алғыс сөз немесе картаңызды ұмытпау туралы ескерту сөз шығады. Содан кейін "Картаны қойыңыз!" деген ескертпе жазу пайда болып, экран жыпылықтай бастайды. Бұл банкоматтың келесі клиентке қызмет көрсетуге дайындығын білдіреді.
Сарапшының айтуынша, ең өрескел әрі қауіпті жағдай – асығыстық не алаңғасарлық салдарынан клиенттің банкоматта картасын қалдырып кеткен кезінде туындайды.
Мұндай жағдайда тек алаяқтар ғана емес, ары таза емес адамдар да сіздің "сыйқырлы пластигіңізді" пайдаланып қалуға жүгіруі мүмкін. Себебі, қазіргі кезде азық-түлік және тұрмыстық техника дүкендері, сауда орындары, мейрамханалар және басқасы картамен төлегенде оның пин-кодын енгізуді талап етпейді.
Пластикті тоссаңыз, тиісті ақшасын сыпырып алады. Қаскүнемдер ұмыт қалдырылған карталардан POS-терминалдар арқылы қолма-қол ақшаны қотара шешіп алудың тәсілін де меңгерген.
Сондықтан картаңыздың жоғалғанын біле сала дереу банкке хабарласып, картаға қолжетімділікті бұғаттатыңыз!
Сарапшы банкоматтың чегін де оған жақын жердегі қоқыс жәшігіне лақтыра салмауға кеңес береді. Кейде банк ішінде немесе көшеде, жақын жердегі кішкене контейнерлер чекке толған күйде жатады.
"Кейбір адам қоқысқа лақтыруға да ерініп, банкоматтың үстіне қойып кетеді. Ал, банкоматтар басатын чектерде картаның цифрлары, шешіп алынған сома, ағымдағы баланс сияқты құпия ақпараттар болуы мүмкін. Алаяқтар бұл ақпаратты да пайдалана алады. Сондықтан өзіңізбен бірге алып кеткіңіз келмесе, чекті ұсақтап, жыртып тастаңыз. Дұрысы, чектерді сақтап қойған жөн. Мысалы, салық органдары тарапынан табысыңыз бен шығысыңызға, декларацияңызға қатысты сұрақтар пайда болса, тіпті банкпен араңызда шиеленіс туындаса, чектер құжат ретінде қажет болып қалуы мүмкін", – деді Кирилл Лавринович.
Мамандар банкоматтан ақша шешіп алу кезінде өте сақ болуға, өз мүлкіңізден көз жазбауға шақырады. Алаяқтар сіздің ақшаңызды иеленіп алу үшін тек техникалық құралдарды ғана емес, психологиялық трюктерді де пайдаланады.
Мысалға, қылмыскердің бірі сізді әңгімемен, сұрастырумен алаңдатып жатқанда, екіншісі сізге қатысты заңсыз іс-қимылдарын жүзеге асыруы, айталық, банкоматтан шыққан картаңызды басқасымен ауыстыра қоюы ықтимал.
Қазіргі алмағайып заманда әрдайым мұқият болыңыз, әсіресе, банкте не банкомат алдында бейтаныс адамдармен шүйіркелеспеуге тырысыңыз.
"Егер сіз кезекте, жан-жағыңызда тұрған адамдарға қатысты күдіктенсеңіз, банктік операцияны дереу доғарып, кетіп қалыңыз. Кешкі уақытта банктердің ғимараты ішіндегі немесе сауда ойын-сауық орталықтарындағы сенімдірек банкоматтарды пайдаланыңыз. Қалтарыста орнатылған банкоматтарға алаяқтар карта есептегіш жабдықтар қыстыруы мүмкін. Сондықтан пайдаланбас бұрын банкоматты "үстеме-накладка", жасырын камера сияқты бөтен элементтердің бар-жоқтығына тексеру артық болмайды", – деген пікір білдірді сарапшы.