Банкрот деп танылған тұлғаға қатысты үш жыл бойы қаржылық мониторинг жүргізіледі

Егер оның жағдайына қатысты жайттар расталмаса, банкроттық рәсімі жоққа шығарылуы мүмкін.  

Банкрот деп танылған тұлғаға қатысты үш жыл бойы қаржылық мониторинг жүргізіледі Фото: yandex.kz

Елімізде 1 млн-нан аса адам өзін банкрот деп жариялауы мүмкін. Мұндай деректермен қаржы вице-министрі Ержан Біржанов бөлісті, деп жазады inbusiness.kz.

Оның айтуынша, 25 қаңтардан бері ведомствоға 10 мыңнан аса адамнан өтініш түскен.

"Өзін банкрот деп жариялайтындар 1 млн 100 адамға жетуі мүмкін. Қайталап айтамын, бұл ең көп деп есептегендегі көрсеткіш. Бірақ процедура ерікті түрде жүзеге асырылады. Азаматтардың көпшілігі банкроттық бұл "қара таңба" екенін түсініп, салмақты шешім қабылдайды деп сенемін", – деді Ержан Біржанов.

Спикердің айтуынша, банкрот деп танылған тұлған 5 жылға дейін несие ала алмайды. Сонымен қатар бұл рәсімнен 7 жылда бір рет қана өте алады.

Бірақ жеке тұлғаның банкроттығы туралы деректер өмір бойы сақталады. 

"Бұл база қаржы институттарына қолжетімді болады. Тіпті, аталған белгі деректер базасында өмір бойы тұрады. Мәселен, 10 жылдан кейін несие рәсімдейтін кезде осы жайт ескеріліп, қаржы ұйымдары қарыз бермеуі мүмкін. Сондықтан банкроттық соңғы шешім болуы шарт", – деді қаржы вице-министрі.

Ескерте кететін жайт, банкроттық іске асырылғаннан кейін, Заңмен үш жыл ішінде қаржылық мониторинг процесін жүргізу көзделген. 

"Егер банкроттық әдейі жасалса, бұл шешім қайтарылуы мүмкін. Сот банкроттығы рәсімін қаржы басқарушылары жүзеге асырады, олардың құрамына кәсіби бухгалтерлер, заң кеңесшілері, аудиторлар, кіреді. Олардың қызметтері ақылы, борышкердің мүлкі есебінен — айына бір ең төменгі жалақы 70 мың теңге көлемінде. Ал әлеуметтік осал топ үшін мемлекет есебінен төленеді. Бұлған қаржы қарастырылып жатыр", – деді спикер. 

Сонымен қатар, соттан тыс банкроттық бойынша қарыз 12 ай ішінде өтелмеуге тиіс. Алайда бұл талап тек атаулы әлеуметтік көмек алушылар үшін қолданылмайды. 
Түсіндіре кетсек, қатардағы қазақстандық соңғы 12 айда несиесін бір рет төлеп қойса, ол банкроттық рәсімдей алмайды. Ал соңғы 6 айдан бері атаулы әлеуметтік көмек алушы бұған қарамастан банкрот деп танылуы мүмкін.  

"Ең көп шағым соттан тыс банкроттық тәсілі бойынша түседі. Бұл микроқаржы ұйымдар, коллекторлық агенттіктер және екінші деңгейлі банктерге қарыздар бойынша қаралады. Мұнда борыш 1 600 АЕК-тен аспауға тиіс. Сондай-ақ қарыз 12 ай ішінде өтелмеуі тиіс және мүлік болмау керек. Арыз бермес бұрын қарыздар бойынша банкпен есеп айырысу рәсімі жүргізілуге тиіс. Сонымен қатар, заңда ерекше жағдайлар қарастырылған: атаулы әлеуметтік көмек алушылар үшін 12 ай ішінде төлемнің болмауы туралы критерий қолданылмайды және берешегі 5 жылдан артық өтелмейтін азаматтар үшін осы соттан тыс процедура қолданылады", – деді Ержан Біржанов.

Сөз соңында Қаржы вице-министрі "банкроттық рәсімдеп береміз" деп халықты алдайтын алаяқтардың пайда болғаны туралы ескертті. 

"Ол тегін рәсімделеді. Мұндай азаматтарға сенбеңіздер. Қосымша сұрақтар бойына колл-орталыққа хабарласыңыздар", – деді спикер. 

Еске сала кетсек, 2022 жылдың 30 желтоқсанында Мемлекет басшысы "Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы" Қазақстан Республикасы Заңына қол қойды. Заң 3 наурызда күшіне енеді, осы күннен бастап жеке тұлғалардан арыз қабылданады. Банкроттықтың үш тәсілі бар – ол соттан тыс банкроттық, сот банкроттығы және төлем қабілеттілігін қалпына келтіру.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу