Банкроттық туралы заң: Қарызы кешірілгендер шетелде демала алмайды

3851

Заң жобасы әлі талқыланып жатыр.

Банкроттық туралы заң: Қарызы кешірілгендер шетелде демала алмайды

"Жеке тұлғалардың банкроттығы туралы" заң жобасы бойынша қарызы кешірілген қазақстандықтарға кредит берілмеуі, әрі олар шетелге шыға алмауы мүмкін. Бұл туралы бірінші қаржы вице-министрі Марат Сұлтанғазиев айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Оның айтуынша, кредит алған тұрғындардың 5 млн теңгеге дейін және одан жоғары қарызы кешірілуі ықтимал. 

"Егер жеке тұлға банкрот болса, ол қандай қарызды көрсетсе, сол толық жойылады", – деді Марат Сұлтанғазиев орталық коммункациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

Ол заң бойынша банкрот деп танылған жеке тұлға шетелде демала алмайтынын атап өтті. 

"Бұл заң жобасы бойынша бір рет банкрот деп танылған жеке тұлға, екінші рет 7 жылдан кейін банкрот болуға мүмкіндігі бар. Бірақ тұрғын шетелде демалмайды, әрі кредит ала алмайды... Бірақ оған кредит беру-бермеу банктің өз еркінде", – деді бірінші қаржы вице-министрі.

Марат Сұлтанғазиев бұл мәселеге қатысты екінші деңгейлі банктер мен микроқаржылық ұйымдардың өз ұстанымы барын жеткізді. 

"Біз қаржы ұйымдарымен ақылдастық. Олар 5 жылға кредит берілмесін, жеке кәсіпкер болмасын, басқа жұмыс істемесін деп өз ұсыныстарын айтты. Бірақ біз бұл ұсыныстардан бас тарттық. Өйткені қарызы кешірілген адамға екінші мүмкіндік беру керек. Олардың жұмысты қайтадан бастауға мүмкіндігі бар", – деді министрдің бірінші орынбасары. 

Сондай-ақ бірінші қаржы вице-министрі қарызы кешірілгендер шетелде емделуге құқы бар екенін атап өтті.

"... Банкрот деп танылған адамның шетелге шығу мүмкіндігі қарастырылған. Мысалы, оның шетелде емделуге және басқа елде емделетін адаммен бірге серік болып баруға. Алайда ол шетелде демала алмайды", – деді Марат Сұлтанғазиев. 

Ол басқада шектеулер барын жеткізді.

"Бүгінде бұл мәселелер талқылануда. Негізі кейбір сарапшылар қарызы кешірілгендер мемлекеттік қызметте жұмыс істемесін, заңды тұлғаның құрылтайшысы болмасын деп ұсынысын айтты. Мұның бәрі талқыланып жатыр. Бүгінде заң жобасында тек кредит алумен, шетелге шығуға шектеу қою мәселесі қарастырылған", – деп түйіндеді сөзін министрдің бірінші орынбасары. 

Дәурен Ерболат 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу