Банктегі ақшаңызды алуға да енді салықшылар тыйым салуы мүмкін

79

Қазақстан тұрғындары дәстүрлі купюралардан мол қор жасап алуға жаппай жанталасуда.

Банктегі ақшаңызды алуға да енді салықшылар тыйым салуы мүмкін Фото: Жасанды интеллект негізінде жасалған

Бизнес те банктегі жинақтарын алып кетуде.

Халықтың электронды қаржыны тәрк етіп, шытырлаған банкноттарға кері оралу үрдісі сұрапыл қарқын алды. Ұлттық банктің ресми мәліметінше, азаматтар қолындағы қолма-қол ақша 2026 жылдың қаңтарында 5 трлн 41 млрд теңгеге жетті.

Бұл көрсеткіш оған дейінгі жылдары тек құлдырап келген болатын. Себебі, тұрғындар – мектептегі баладан еңкейген қарияға дейін электронды есеп айырысуға жаппай көшті. Бұл қолайлы: қарапайым халық қайтарымға ұсақ ақша таба алмай қиналатын, тіпті "сдачаны" саудагерге қалдырып жем болатын. Ал, электронды ақша әрбір тиынына дейін дәл есептесуге мүмкіндік береді.

Алайда әп-әдемі әнді тексеріс келіп бүлдірді: салық органдары қазақстандықтардың әрбір мобильді аударымы мен банктік транзакциясын тегіс тексеруге көшкелі азаматтардың қолындағы қолма-қол ақша массасының көлемі ғаламат жылдамдықпен жоғары өрлей жөнелді.

Ұлттық банктің мәліметінше, Ұлттық банктен және банктік жүйеден тыс кеткен, бұқара мен бизнес қолындағы қолма-қол ақша (банкноттар мен монеттер) массасы былтыр тарихи максимумға жетті.

Нақтылағанда: 2025 жылғы қаңтарда – 4 трлн 735,6 млрд, ақпанда – 4 трлн 681,6 млрд, наурызда – 4 трлн 725,1 млрд, сәуірде – 4 трлн 874,3 млрд, мамырда – 4 трлн 934 млрд, маусымда – 5 трлн 158,7 млрд, шілдеде – 5 трлн 259,2 млрд, тамызда – 5 трлн 286,6 млрд, қыркүйекте – 5 трлн 173,4 млрд, қазанда – 5 трлн 179,1 млрд, қарашада – 5 трлн 36,7 млрд, желтоқсанда – 5 трлн 271,1 млрд теңгеден асқан.

Банктен тыс, ел қолындағы қолма-қол ақша массасы 2026 жылы да кезекті рекордты бағындырғалы тұр. Сарапшылар бір қызық жайтқа назар аудартады: қаржылық реттеушінің түрлі тосқауылдар қойғанына қарамастан халық қолма-қол қаражатқа бәрібір кері оралып жатыр.

Мысалы, біріншіден, 2025 жылдан бері ақша-кредиттік саясатты күрт қатайтты. Екіншіден, тұрғындар ақшасын ұзақ жылға матрас астына тығып тастамауы үшін Ұлттық банк 1 000, 2 000, 5 000 және 10 мың теңгелік ескі банкноттарды қолданыстан алып тастап жатыр. Енді 20 000 теңгені де 2026 жылы "Сақ стилі" сериясы аясында осы номиналдағы жаңа банкноталармен ауыстыруға дайындап жатыр.

Үшіншіден, ҚРҰБ базалық ставканы ұлғайтумен болды. Нәтижесінде, банктер де депозиттер бойынша сыйақыны Қазақстан тарихында ешқашан болмаған деңгейге – 20%-ға дейін көтерді. Сондықтан жоғары табыс тауып қалу үшін жұртшылық күнделікті тірлігінен асқан әрбір теңгесін банкке ала жүгіріп, салымға салуға тиіс еді.

Республикада депозиттер де былтыр 2 триллионға артқан (оның ішінде мемлекеттік, квазимемлекеттік және бизнес қаражаты да бар). Бірақ әлгіндегі кесте көрсеткендей, қазақстандықтардың банктен шешіп алған қолма-қол қаражаты да 4 трлн 39,7 млрд теңгеден 5 трлн 271,1 млрд теңгеге дейін өсті.

"Тісімді емдету үшін стоматологияға жазылғанмын. Бүгінде клиенттерге жақсы жеңілдіктер ұсынып жатыр екен. Бірақ ресепшндегі қыз ол жеңілдікті пайдалану үшін қолма-қол қаржымен есептесуім керектігін мәлімдеді. Дереу банкке барып, жинағымды шешіп алдым. All-on-6 толық имплантацияциясы былтыр 1,5 миллион тұрған, "наличкаға" 900 мың теңгеге жасап берді. Ұзақ емдетпегендіктен, тістерімнің көбін тісжегі "кеміріп", үгіліп қалған. Бір апта ішінде бәрін қалпына келтірді. Маржандай аппақ тістерге ие болдым", – дейді Нұрсұлу Манарбек (тегі өзгертілді).  

Клиенттер, халық пен бизнес қазақстандық банктерден 1,5 триллион теңгесін алып кетті. Ұлттық банк банктердің қаңтар айындағы қызметі жөніндегі статистиканы жариялады. Ең елең еткізерлік жайт – корпоративтік депозиттердің жүйеден жаппай ағып кетуі. Әсіресе, заңды тұлғалар қордағы қаржысына қол салды, қол салғанда мол салды.

2026 жылдың алғашқы айында ғана корпоративтік сектор банктерден нетто-негізде 1,2 триллион теңгесін шешіп алды. Ең көп қаражаттан айрылғандар арасында БЦК (–274 млрд теңге), Bank RBK (–212 млрд), Bereke (–107 млрд), Еуразиялық банк (–89 млрд), Forte (–80 млрд) және басқасы бар.

Мұны көріп, төбе шашы тік тұра шошынған Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі мен Ұлттық банк бұқара мен бизнестің бір жағынан, шектен тыс қолма-қол қаржыға үйірсектеуімен, екінші жағынан, банктердегі жинақтарын алып кетуімен белсенді күресуде.

Осыған байланысты 2026 жылы қолма-қол ақша алу лимиттері бекітілді. Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті биылғы жылғы 1 қаңтардан бастап кәсіпкерлер үшін қолма-қол ақшаны шешіп алу бойынша шектеу барын еске салды.

Ведомствоның мәліметінше, кәсіпкерлік субъектілерінің төл банк шоттарынан 1 ай ішінде мына сомадан артық қолма-қол ақша алуына тыйым салынған (белгіленген шекті мөлшерлер):

  • шағын кәсіпкерлік субъектілері үшін – 20 000 000 (жиырма миллион) теңге;
  • орта кәсіпкерлік субъектілері үшін – 120 000 000 (жүз жиырма миллион) теңге;
  • ірі кәсіпкерлік субъектілері үшін – 150 000 000 (жүз елу миллион) теңге.

Биылдан бастап, егер шешіп алынатын сома белгіленген лимиттен асып кетсе, онда банк қаражатты алу мақсатын сұратуға, сондай-ақ клиенттен дербес деректерін Мемлекеттік кірістер комитетіне беруге жазбаша келісім алуға міндетті.

"Кәсіпкер банкке қолма-қол ақша алу туралы өтінім беріп, алу мақсатын растауы қажет. Осыдан кейін банк оның өтінімінің деректерін Мемлекеттік кірістер комитетіне жолдайды. Өз кезегінде, МКК бұл өтінімді тексереді, компанияға қатысты қандай да бір тәуекелдің бар-жоғын анықтайды. Мемлекеттік кірістер органдарынан жауап банк өтінімді алған күннен бастап 1 жұмыс күні ішінде беріледі", – деп түсіндірді бұл тетіктің мән-жайын Қаржы министрлігінің басқарма басшысының орынбасары Ернар Таубеков.

Бұл ретте Ұлттық банк басқармасының 2025 жылғы 26 қыркүйектегі №58, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі басқармасының 2025 жылғы 29 қыркүйектегі №60 және Қаржы министрінің 2025 жылғы 29 қыркүйектегі №545 бірлескен қаулыларымен және бұйрығымен "Кәсіпкерлік субъектілерінің банктік шоттардан қолма-қол ақшаны алу қағидалары" бекітілді.

Қағидалар 2026 жылғы 1 қаңтарда қолданысқа енгізілді. Оған сәйкес, іс-қимыл алгоритмі келесідей:

Бірінші қадам: кәсіпкерлік субъектілері екінші деңгейлі банктердегі және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардағы, мысалы, "Қазпоштадағы" банктік шоттарынан ірі көлемде қолма-қол ақшаны алғысы келсе, соған арналған өтінімді жазып, тапсыруға тиіс.

Екінші қадам: кәсіпкерлік субъектісі банктік шоттан қолма-қол ақшаны алуға арналған өтінімді берген күннен кейінгі жұмыс күні Астана уақыты бойынша сағат 10:00-ден кешіктірілмейтін мерзімде банк Мемлекеттік кірістер органына электрондық түрде келесі құжаттарды жолдауға міндетті:

  • кәсіпкердің өз банктік шотынан қолма-қол ақшаны не мақсатпен алып отырғанын растайтын құжаттарды,
  • бизнесменнің дербес деректерін және құжаттарын МКК-дан Ұлттық банкіне беруге келісімін,
  • кәсіпкерлік субъектісінің сәйкестендіру нөмірін (БИН),
  • банктік шоттан қолма-қол ақшаны алуға өтінім берген адамның жеке сәйкестендіру нөмірін (ИИН),
  • күнтізбелік ай ішінде белгіленген шекті мөлшерден артық қолма-қол ақшаны алу сомасын,
  • алу мақсаттарының тізімін,
  • кәсіпкерлік субъектісінің санатын қамтитын өтінімді жолдайды.

Алу мақсаттары ретінде жалақы төлеу; тауарлар, жұмыс пен қызмет ақысын төлеу; шаруашылық қажеттілік; есеп беретін тұлғаларға аванс; жәрдемақы/материалдық көмек төлеу; жалдау ақысын төлеу; қайырымдылық/демеушілік шығыс; сот шешімі/атқару парағы бойынша төлем; өзге шығыстар көрсетілуі мүмкін.

Үшінші қадам: мемкірістер органы банктен мәліметтер мен құжаттарды алған күннен кейінгі жұмыс күнінің соңына дейін Салық кодексінің 93-бабында көзделген тәуекелдерді басқару жүйесін қолдануды ескере отырып, субъектіге шекті сомадан асатын көлемде қолма-қол ақшасын беруден бас тартуға негіз болатын тәуекелдердің болуы немесе жоқтығы туралы мәліметтерді электрондық форматта банкке жібереді.

Қарапайым тілге тәржімалағанда, салықшылар әлгі кәсіпкерге сұрап отырған ақшасын шотынан шешіп алуға рұқсат берілетінін не берілмейтінін тек ертесіне хабарлауы мүмкін. Тыйым салып тастаймын десе де еркінде.

Егер өтінім берген күннен бастап 3 жұмыс күні ішінде МКК-дан "қолма-қол ақшаны беруден бас тартуға негіз болатын тәуекелдердің болуы немесе болмауы туралы" мәліметтерді алмаса, онда бұл кәсіпкерлік субъектісіне қолма-қол ақшаны беру үшін негіз болып табылады.

Атап өтер жайт, микробизнестен басқа кәсіпкерлік субъектілерінің бәрінің банк шоттарынан қолма-қол ақша алуына шектеу 2021 жылғы 1 қаңтардан бастап енгізілген. Оған дейін бұл шектеу сынақ ретінде 2020 жылғы 1 маусымнан бастап қолданылды. Бірақ бастапқыда тек заңды тұлғаларға ғана қатысты болған. 1 жылдан кейін бұл шектеу дара кәсіпкерлерге (ИП) де таралды.

Бұл шектеуден кәсіпкерліктің келесі субъектілері ғана босатылған:

  • микрокәсіпкерлік субъектілері;
  • ауыл шаруашылығы азық-түлік өнімін, акваөсіру (балық аулау) өнімін сатып алуды жүзеге асыратын кәсіпкерлік субъектілері;
  • осы бірлескен қаулыға және бұйрыққа қосымшаға сәйкес экономикалық қызмет түрлерімен тамақ өнімдерін, сусындарды, сондай-ақ фармацевтикалық, медициналық және ортопедиялық тауарларды бөлшек саудада сатуды жүзеге асыратын кәсіпкерлік субъектілері;
  • Ұлттық банкте ашылған корреспонденттік шоттардан олардың қолма-қол ақшаны алуы кезінде екінші деңгейдегі банктерге және Ұлттық пошта операторына және қызметін тек қана айырбастау пункттері арқылы жүзеге асыратын заңды тұлғаларға бұл шектеулер қолданылмайды.

Алайда егер микрокәсіпкерлік нысаны 1 ай ішінде банктік шоттарынан жалпы жиынтығында 10 миллион теңгеден астам соманы қолма-қол ақшамен шешіп алса, бұл туралы банктер Ұлттық банкті хабардар ететін болады. Ұлттық банк құзырлы органдарға хабар салады. Ол жақтағылар бизнесменді әңгімеге шақыртуы ғажап емес.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу