Банктер ауыл шаруашылығы саласын қаржыландырғысы келмейді – Ербол Есенеев

Абылай Бейбарыс Абылай Бейбарыс
13862

Кооперация құру бастамасы баянсыз болды. 

Банктер ауыл шаруашылығы саласын қаржыландырғысы келмейді – Ербол Есенеев

Агроөнеркәсіп кешенінің жалпы ішкі өнімдегі үлесі өткен жылы 4,4% құрады. Бұл – көңіл көншітерлік көрсеткіш емес.

Үкіметтің агроөнеркәсіп кешенін дамытуға арналған бұған дейінгі мемлекеттік бағдарламалары баянсыз болды. Қазір жүзеге асырылып жатқан 2017-2021 жылдарға арналған агроөнеркәсіп кешенін дамыту бағдарламасы  да нәтижелі болып жатқан жоқ. Бұған күні бүгінге дейін ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспортын 2,5 есеге арттыру міндетінің орындалмауы дәлел.

"Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқарма төрағасының агроөнеркәсіп кешені жөніндегі кеңесшісі Ербол Есенеевтің мәлімдеуінше, ауыл шаруашылығы саласына құйылған қаржының қайтарымы мардымсыз.  Біздің елде ауыл шаруашылығы саласындағы бір адамға шаққандағы еңбек өнімділігі - 400, Ресейде  - 1 мың, Өзбекстанда - 1 500 долларды құрайды. Байқағандарыңыздай, көрші мемлекеттерден кәдімгідей қалып қойғанбыз.  

"Агроөнеркәсіп кешенінің дамуына жайылымдық жер мен егіс алқаптарының тапшылығы кедергі келтіріп тұр. Бүгінге дейін жер телімдерін бөлу ашық жүргізілген жоқ. Ауыл шаруашылығына тиісті жер телімдерінің ортақ мәліметтер базасы жасалмады. Шаруалар несиені зордың күшімен алып жүр. Екінші деңгейлі банктер соңғы 5 жылда ауыл шаруашылығын қаржыландыру көлемін 2 есе азайтты. Банктер ауыл шаруашылығы саласын қаржыландырғысы келмейді", – деді Ербол Есенеев.

Оның сөзінше, "ҚазАгро" холдингі мәселені шешуге тырысып жатыр. Алайда бұл жеткіліксіз. Екінші деңгейлі банктер ауыл шаруашылығы саласына қаржы құймаса, қазіргі жағдай жақсармайды.

Біздің елде мал шаруашылығы саласының да айы оңынан туып тұрған жоқ. Бұл туралы  Sholpan-ata қой өсірушілер ұлттық қауымдастығының төрағасы Алмасбек Садырбаев: "Ірі қара етінің экспорттық әлеуетін арттыру жобасына миллиардтар жұмсалды. Бірақ сыртқы нарықты жаулай алмадық. Себебі бізде мал шаруашылығына қажетті инфрақұрылым жоқ. Бұған тиісінше назар аударылмай тұр. Ауыл шаруашылығы саласының 70% жеке шаруа қожалықтары құрайды. Олар өз бетінше жол жөндеп, құдық қаза алмайды. Бұған қомақты қаржы қажет", – деді.

Оның пікірінше, ауыл шаруашылығы кооперациясын құру бастамасы әу бастағы қарқынын жоғалтып алды. Қазір шаруалар мен дихандар түрлі қиындықтармен жеке-дара күресіп жатыр.

Алмасбек Садырбаевтың сөзінше, елімізде азық-түлік қауіпсіздігі мәселесі шешілмеген. Қазақстан өзін ғана емес, Орталық Азияны азық-түлікпен қамтамасыз ету мүмкіндігін пайдалана алмай отыр.

"Елімізге жыл сайын 3,6 млрд доллардың азық-түлігі импортталады. Біз импорт көлемін 1,5-2 млрд долларға дейін қысқарта аламыз. Бұл үшін азық-түлік импортын экспортпен алмастыруға басымдық беру қажет", – деді қауымдастық төрағасы.


Біздің Telegram каналымызға жазылыңыздар!

Абылай Бейбарыс

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу