Банктер халыққа қандай айла қолданғаны мәлім болды

176

Қазір отандастарымыздың көбі тұрмыстық техника, смартфоннан бастап, жеке құрал-жабдығын да бөліп төлеуге сатып алатыны белгілі жайт. 

Банктер халыққа қандай айла қолданғаны мәлім болды Фото: canva

Бөліп төлеу деген аты болмаса, бұл да кәдімгі тұтынушылық несиеге жатады. Осылайша, халық "өзінде жоқты бар етіп көрсету" әрекеті арқылы несие секторындағы ауқымды проблеманы тудыруға жол ашты.

Жалпы, жаһан жұрты жыл сайын бөліп төлеу деген дүниеге әуестеніп отырғаны байқалады. Мәселен, халықаралық Researsh&Markets қызметі бөліп төлеу нарығы жылына 18,9 пайыз өсім көрсетіп, биыл 509,2 млрд долларға жететінін мәлімдеген. Өткен жылы ғана бұл көрсеткіш 428,2 млрд долларды құраған еді. Пайызы жоқ секілді көрінген соң, бөліп төлеу дәстүрлі тұтынушылық несиені де артқа тастап бара жатыр.

Негізі бөліп төлеу тәсілі әлемдік тұтыну моделін өзгертіп жатыр, бұрын кімнің қолында ақша бар болса, сол қалағанын алса, қазір инфляция мен табыстың азаюы секілді жайттарға қарамастан халық осы тәсілге жүгінуде. Яғни, бөлек қаржы институтын құруды талап ететін, келешекте бас ауруға айналатын сала болып барады.

Тіпті, Қазақстанда базалық мөлшерлемені көтеруге осы нарықтың да ықпалы болған. Содан соң амалсыз үкімет бөліп төлеу нарығын реттеу жүйесін әзірлеуге қамданды. Елде 2019-2023 жылдары жан басына шаққандағы орташа қарыз көлемі 50 пайыздан аса көбейген.

Ал бөліп төлеудің пайдасын көріп отырған тек – банк секторы. Бұл мәселеге билік түбегейлі тыйым сала алмайтыны белгілі және оған халық та келіспес еді. Ақыры тұтынушылық несие мөлшері артып, былтыр 1 қарашада экономикаға берілген 41,9 трлн қарыздың 24,2 трлн теңгесін еншіледі. Елдегі жалпы несиенің 55 пайыздан астамы халықтың мойнында тұр. Кейінгі жылдары осы тұтынушылық несиенің жартысынан көбін бөліп төлеу тәсілі қамтып жатқаны айтылады.

Кейінгі бір жылда қазақстандықтардың несиені өтеуге жұмсайтын шығыны да өскен. Мысалы, 2024 жылдың үшінші тоқсанында 6,3% болса, 2025 жылдың үшінші тоқсанында несие шығындары 6,5%-ға жетті. Халықаралық есеп айырысу банкінің деректерінде 6,5 пайыздық көрсеткіш кейбір ірі еуропалық елдермен шамалас екені жазылған. Францияда – 5,9%, Германияда – 5,4%, ал дамыған елдерде бұл көрсеткіш орта есеппен 8-12% арасында.

Бірақ осы тұста бір нюанс шығады. Дамыған елдердің несие портфелінде негізгі бөлікті ипотекада алып тұр. Яғни, еуропалықтар несиені баспана алу үшін алады. Ал бізде ше? Сіз бен біз алған несиелердің 67,5 пайызы тұтынушылық мақсатта. Баспана емес, ірілі-ұсақ техника, компьютер, құрал-жабдық пен смартфон, кішігірім шығындарды жабу үшін алынған.

– Дамыған елдерде отбасылардың несиені өтеуге кететін шығыны көп болғанымен, азық-түлікке жұмсалатын қаржысы біршама аз. Табысының 10-15 пайызы ғана. Ал Қазақстанда азық-түлікке кететін шығын 52,3 пайыз, оған несие төлемдерін қосқанда (6,5%), халық табысының шамамен 60 пайызы ең қажетті шығындарға-ақ кетіп қалады, – дейді Halyk Finance сарапшысы Салтанат Игенбекова.

Маманның сөзінше, осы айырмашылықты жабу үшін халық өз қаражатына емес, қарызға көбірек сүйене бастаған. Мұны 2025 жылдың үшінші тоқсанында тұтынушылық несиелер портфелінің 26,2 пайызға өсуінен көруге болады. Халықтың қарызы жыл сайын емес, әр тоқсан сайын өсіп жатыр.

Бір қызығы, сарапшылардың көбі айтатын дүние – бөліп төлеу нарықта жоқ сұранысты қолдан жасауға себеп болды. Яғни, адамдар қызыққан нәрсесін шамасы жетпей тұрса да ала береді. Сұраныс бар жерде сатушылар бағаны өсіріп, инфляцияны одан әрі күшейтеді. Пайызы жоқ секілді көрінуі мүмкін, банк комиссиясы, сақтандыру, кешіктірілсе айыппұл қосу – бәрі сол соманың ішіне жиналған. Демек, бөліп төлеу деген аты арқылы үлкен маркетинг жасап отыр.

Біздің болжамымызша, бөліп төлеу, тұтынушылық несиелер жақын арада азая қоймайды. Себебі халықтың әл-ауқатын арттыруға тікелей әсер ететін экономикалық серпіліс жоқ. Әрі кетсе банктер өздерінің ішкі саясаты немесе үкімет ескертулері арқылы несие беруді сәл қиындатуы ғана мүмкін.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу