Банктер халықтың жинаған ақшасын дұрыс игере алмай жатыр

89

Қаржы жайлы сөз қозғағанда көбіне қазақстандықтардың тұтынушылық несиесі артып жатқаны жөнінде негатив пікірлер көп айтылады.

Банктер халықтың жинаған ақшасын дұрыс игере алмай жатыр Фото: Жасанды интеллект негізінде жасалған

Әйтсе де, халық кейінгі жылдарда ақша жинап, оны депозитте сақтау үрдісін біршама күшейткенін де сөз ету керек.

Биыл Қазақстанның банк жүйесінде депозиттердің мөлшері 16,3%-ға өсіп, 48 трлн теңгеге жеткені мәлім болды. Соның 26,2 трлн теңгесі қарапайым азаматтардың, яғни, сіз бен біздей жеке тұлғалардың жинағаны. Демек, депозиттердің мөлшері "халықты қарызға батырды" делінетін тұтынушылық несиеден асып кетіп отыр.

Керемет жаңалық, бірақ сандарға қарап елдің жағдайы лезде жақсарды деп топшылауға болмайды. Былтыр ел экономикасында инфляциялық қысым жүрді. Қымбатшылықты тоқтатамыз деп Ұлттық банк амалсыз базалық мөлшерлемені жоғары ұстап келді, әлі де ұстап отыр. Биыл да бұл жағдай күрделене түсуі мүмкін, себебі қосылған құн салығы 12-ден 16 пайызға өскен тұста кәсіп иелері бағаны көтергенін аңғардық. Қымбатшылық бүйірден қысқан тұста халық әр нәрсені сатып алуын азайтып, қаржысын депозитке сала бастайды. Жинақтардың өсуі – осының дәлелі.

Негізі экономикада халық депозитінің өсуін екі түрлі жағынан бағалайды. Біріншіден, қаржылық тұрақтылық факторы. Банктердің қор базасы кеңейеді, сыртқы қарыздарға тәуелділік азаяды. Мұндай жағдай банк жүйесінің сенімділігін арттырып, дағдарыстардың алдын алуға мүмкіндік береді.

Ал екіншісі шешуші мәселе – жиналған қаржының кейін қайда жұмсалатыны. Егер жинақтар өндірістік жобаларға, инфрақұрылымға және бизнесті дамытуға жұмсалса, онда экономиканың сапалы және ұзақмерзімді өсуіне негіз бола алады. Дегенмен қаражат негізінен жай тұтынушылық несиеге немесе қаржылық құралдарға жұмсалса, пайдасы аса көп емес, жай ішкі сұранысты қолдау ретінде қалады.

– Қаржы ресурстары жинақтауға немесе тұтынуға бағытталуы мүмкін. Сондықтан халықтың депозиттері елдің қаржы жүйесінде оң рөл атқарады. Бірақ мұнда басқа бір мәселе бар: банктер депозиттегі қаржыны қалай пайдаланады, қайда салады, неге инвестициялайды? Негізгі үлкен мәселе дәл осы жерде туындайды. Үкіметтің инфляцияны күшейтіп отырған әрекеті мен Ұлттық банктің біліксіз саясатын ескерсек, банктер үшін өндіріске немесе инвестициялық жобаларға қаржы салу тиімсіз. Сондықтан олар ақшаны жоғары пайызбен халықтың өзіне несиеге береді немесе қаржылық алыпсатарлыққа салады. Сондықтан жинақтау бір бөлек, оны тиімді басқару тағы бір мәселе, – дейді экономист Мағбат Спанов.

Жалпы, депозиттердің артуы инфляцияны тежеуге жанама жолмен болса да пайдасын тигізеді. Себебі түсінікті, ақша жұмсала бермейді, жиналады. Әйтсе де сақтала берген ақша елдегі инвестициялық белсенділікке кері әсер етеді.

Qazaq Expert Club қаржыгері Жания Сандыбайдың сөзінше, 2025 жылдың қорытындысында елде депозиттердің тұтынушылық несиелер мөлшерінен асып кетуін қауіпсіз стагнация ретінде бағалауға болады. Яғни, экономика өсіп те жатқан жоқ, құлдырап та жатқан жоқ, бір қалыпта тұр. Оның үстіне экономика үшін нақты пайда аз, жиналған ақша жоғарыда айтқанымыздай, өндірісті не басқа да саланы дамытуға емес, тұтынушылық несиелерге берілуде.

– Халық қаржысын инвестицияға салғаннан гөрі, жинағанды жөн көреді. Бұл экономикалық өсімді баяулататын қадам. Иә, салымдар өсіп жатыр, банктер қаражатты көбіне Ұлттық банктің қауіпсіз ноталарында сақтауды немесе нақты бизнесті емес, тұтынушылық несие беруді жөн көреді. Мысалы, тұтынушылық несиелердің 21 пайызға өскенін анық дәлел. Яғни, салымшының ақшасын банк келесі қарыз алушыға жоғары пайызбен беріп, табыс көреді, – дейді Ж.Сандыбай.

Сонымен, Ұлттық банктің қымбатшылықты тоқтатамын деп жоғары мөлшерлеме белгілеуі нарықты сәл саябырсытты, депозиттердің артуына жанама әсер етті. Дегенмен бұны жақсылығымен қатар, кемшілігі де бар үрдіс ретінде бағалап отырғандар көп. Сондықтан банктер депозиттерді дұрыс басқару ісін қолға алғаны жөн секілді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу